Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ЖӘНЕ ТҰҒЫРЛЫ ТӘУЕЛСІЗДІК

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ЖӘНЕ ТҰҒЫРЛЫ ТӘУЕЛСІЗДІК


Тәуелсіздік күніне орай «Достық» үйінде дөңгелек үстел өтіп, оған кент ардагерлері қатысты. «Тұңғыш Президент және тұғырлы Тәуелсіздік» тақырыбындағы жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы ашып, егемендіктің елге құт екенін айтты.
– Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына 26 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде егемен ел көптеген асуларды еңсерді, биіктерді бағындырды. Әлем мойындайтын елге айналды. Мұның барлығы тұтас халықтың және Тұңғыш Президентіміздің еңбегі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Қазақстан үшін ХХI ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы, - деген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ширек ғасырдан аса уақыттағы азат елдің жетістіктерін тізбектеді.
Мұнан соң еңбек ардагері Р.Бәйменов тәу етер тәуелсіздіктің арқасында әлем Қазақстан мемлекетімен санасатынын жеткізді. БҰҰ-на мүше болып, Елорда төрінде халықаралық кездесулер өтіп, онда келелі мәселелер шешімін тауып жатқандығын тілге тиек етті. Мұның барлығы егемендіктің арқасы екендігін атаған 90-дағы қария енді оның тұғырлы болуы үшін бекем бірлікті сақтау қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ, дөңгелек үстелде еңбек ардагері М.Сақтапов қазіргі Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына енуге ұмтылып, бүгінде кейбір көрсеткіштер бойынша үздік отыздықта жүргенін атап айтты. Мұндағы Елбасының ерен еңбегіне ерекше тоқталып, Қазақстан Президенті әлемдік мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал етіп отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар, еліміздің қарқынды дамуына айрықша көңіл бөліп отырғандығын сөз етіп, халықтың рухани жаңғыруына да ден қою Елбасының көрегенділігі екенін атады. Дөңгелек үстелде «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева да сөз сөйлеп, ұлттар достығы тегеурінді дамудың тірегі екендігін жеткізді. 
Кездесу барысында қариялар өз пікірлерімен бөлісіп, еңселі егемендік бейбіт өмірдің кепілі екенін айтты. Жиынды қорытындылаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы ардагерлерге сый-құрмет көрсетті. 

Е.БЕРКІНБАЕВ  
21 желтоқсан 2017 ж. 1 837 0