Тәңірден келген тәтті сый
Еңселі егемендікке қол жеткізіп, бейбіт елде өмір сүріп жатқанымызға ширек ғасырдан аса уақыт болды. Осы мерзімде бірлігі жарасқан іргелі Қазақстан болашаққа айқын бағдармен дамуға бет алды. «Мәңгілік Ел» идеясына топтасқан халық тәуелсіздік жылдарында толассыз табысқа жетіп, тұғырлы елдер қатарына енді. Бағынбастай көрінген асуларға шығып, мызғымас бірлігімен, тұрақты татулығымен төрткүл дүниеге танылды. Түптеп келгенде, мұның бәрі қазаққа ғажап құт болған азаттықтың арқасында жеткен жетістіктер.
«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда Тәуелсіздік қадірін әркім білуі қажет. Сол үшін де оған зор жауапкершілікпен қарап, мерейлі мереке ұлылығын ұғынуымыз тиіс. Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында осы бір ел егемендігінің еңселі, ең қастерлі құндылық екені дәріптелді. «Тәуелсіздік – тәңірден келген тәтті сый» атты мерекелік салтанатта Мемлекеттік Туға теңелген жұртшылықтың қолын кеуде тұсына қойып, Мемлекеттік Гимнді орындағаны осыған дәлел болса керек.
Салтанатты шараның шымылдығы тақырыптық прологпен түрілді. Ақын, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы оқылып, соның аясында қазақ халқының сан ғасыр бойында ауыр азаппен өткен тағдыры суреттелді. Бүгінгі таңда еліміз егемендік алып, мерейі өскен бақытты халықтың қуанышы жыр болып төгілді. Арайлы азаттық – қазаққа ғажап құт болғандығы дәріптелді.
Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шарада мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант берді. Шаған ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Баян Атақаева мен Нағи Ілиясов ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Ғазиз Құнанбаев ел алдында мемлекеттің басты құндылықтарын қастерлей отырып, мемлекеттік қызметте халыққа қалтқысыз қызмет ететініне серт етті. Мұнан соң сырдариялықтарды аудан әкімі Руслан Рүстемов ұлық мерекемен құттықтады.
– Әр ұлт, әр халық үшін Тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Осыдан 28 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде беделі биік, құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танымал. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың осынау табысы, еліміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы, мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. Аз уақыттың ішінде Тәуелсіз еліміз әлеуметтік-экономикалық дамудың жарқын жолдарынан өтіп, халқымыздың тұрмыс деңгейі артты. Ұлттық рух келбеті бұрын болып көрмеген биік деңгейге көтерілді.
Ауданның әрбір азаматы – бүгінгі ел өміріндегі осындай бағасы биік айтулы мерекені лайықты қарсы алу жолында аянбай еңбек етуде. Өйткені күш-қайратын еселі еңбекке жұмылдырған, татулығы мен бірлігі терең тамыр жайған қасиетті Сыр елі әрқашан да өзгелерге үлгі боларлық межелі биіктерден көрінері сөзсіз. Олай болса, ынтымағы мен достығы жарасқан Тәуелсіз қазақ елінің бағын асырып, мерейін тасытатын ұлы істеріңізге сәттілік тілеймін, – деді аудан басшысы.
Құттықтаудан соң аудан әкімі ел дамуына, оның ішінде ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының 25 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Алғыс хатымен еңбек ардагері Алия Төлеуова, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Республикасы Энергетика Министрлігінің Алғыс хатымен еңбек ардагері Жаннат Нәлібаева және облыс, аудан әкімінің Алғыс хатымен сала мамандары марапатталды.
Мерейлі мерекеде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтар Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Сондай-ақ ауданның түрлі саласында елеулі еңбек етіп жүрген үздік қызметкерлер де марапат тұғырынан көрінді.
Салтанатты жиында аудан әкімінің ықылас гүлі қойылып, ауданның көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ердос БЕРКІНБАЕВ