Тұзкөлдіктердің тартуы
Бізге берілген мәлімет бойынша «Әлеуметтік дүкен» біздің ауданда ғана бар. Ол 2015 жылдан бері жұмыс жасайды. Төрт жылдан бері қаншама жарлы мен жақыбайға сүйеу болды десеңші?! Қазіргі нарық заманында арзан дүние жоққа тән.
«Әлеуметтік дүкенге» жергілікті кәсіпкерлер, шаруашылық төрағалары, одан бөлек мұнай компаниялары, жомарт жандар демеушілік жасайды. Демеушілер әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға ұн, ет, күріш, қант және күнбағыс майын алып беріп, тұрғындардың алғысына бөленуде. Аудан бойынша «Әлеуметтік дүкеннің» қызметін 421 адам немесе 81 отбасы пайдаланады. Мұнда азық-түлік нарықтық бағадан 30 процент жеңілдікпен босатылады.
Дүкен меңгерушісі, жеке кәсіпкер Мария Сейпулова жақында «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауына қатысып, аймақтық кезеңде үшінші орынға ие болды. Сөйтіп 200 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Бұл «Әлеуметтік дүкеннің» еліміз бойынша жоғары маңызға ие екендігін көрсетеді.
Дүкеннің жылдық қоры жасақталып, оның тұтынушылары ай сайын азық-түлікпен қамтылып отырылады. Осыған орай 29 қараша күні «Тұзкөлмұнайгаз оперейтинг» ЖШС-нің қайрымдылығының нәтижесінде «Әлеуметтік дүкен» азық-түлік қорымен толықты. Бұл күні дүкенге 2 тонна бірінші сортты ұн, 2 тонна қант және 885 литр күнбағыс майы жеткізілді. «Қайрымдылық – ізгі қасиет» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, Әбудурэсити Турсун басқаратын «Тұзкөлмұнайгаз оперейтинг» ЖШС ұжымы ізгіліктің ізінде жүрген, қазақы қайырымдылықты бойына сіңірген абзал қасиеттерге ие десек, артық айтқандық емес.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ