Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАЛЫҚ ИГІЛІГІН КӨРГЕН ДҮКЕН

ХАЛЫҚ ИГІЛІГІН КӨРГЕН ДҮКЕН

Күн сайын өзгеретін тауар бағасы халықтың қалтасын қағатыны жасырын емес. Көрпесіне қарай көсілетін халық күнделікті тұтынатын тауарларын арзан бағамен сатып алғанды қалайды. Бұл ретте, ауданда әлеуметтік дүкен іске жарап тұр. Мұндай дүкен облыс бойынша алғаш рет Тереңөзек кентінде ашылған болатын. Бір қуанарлығы, қаржылық дағдарыс экономиканның барлық салаларына салқынын тигізіп жатқан тұста жергілікті кәсіпкерлер халыққа арзан, әрі сапалы өнім ұсынып отыр. Мұнда тұрмысы төмен, аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасылар үшін ең қажетті азық-түлік өнімдері бар. Қазіргі таңда “Әлеуметтік дүкеннен” 610 отбасы көмек алып отыр. Тиісінше, дүкенде тұрмысы төмен, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға қажетті азық-түлік 30 және 50 пайыз жеңілдікпен беріледі. Мәселен, 30 пайыздық жеңілдікпен қанттың келісі – 140 теңге, күріштің келісі – 105 теңге, ұн 1 келісі – 61,6 теңге, ет өнімдерінің 1 келісі – 875 теңге, күнбағыс майы литрі – 280 теңгені құрайды.
Аталған дүкеннің азық-түлік бағасы аудан әкімдігі тарапынан қадағаланып отырады. Онымен қоса, азық-түлік күн сайын жаңартып отырады. Демек, бүгін жеткізілген өнім ертең сауда сөрелеріне қойылмайды.
– Мұндай дүкеннің ашылғаны өте дұрыс, құптарлық жағдай. Қолайлы, жақсы, бәрі арзан. Әсіресе, базарға бара алмайтын көпбалалы аналарға өте тиімді болды. Енді осы баға өзгермесе екен дейміз. Сонда тек осы дүкеннен алатын боламыз, – дейді тұтынушы Жұлдызай Айғанова.

Майя ҚОЖАБАЙ
14 мамыр 2019 ж. 1 044 0