«ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН» АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ТОЛЫҚТЫ
Халық жағдайының жақсаруына ауданда атқарылып жатқан игі істер қатары көп. Оның ішінде, әлеуметтің әлеуетін арттыруға жан-жақты демеу көрсетілуде. Соның бір айғағы – аудан орталығындағы «Әлеуметтік дүкен». Мұның игілігін қазіргі таңда көп балалы отбасылар, тұрмысы төмен жанұялар көріп келеді. Әу баста да осы ниетте ашылған болатын. Содан бергі уақытта халыққа үлестірілетін негізгі азық-түлік әуелгі бағасын сақтап, нарық кезеңінде тұрғындарға айтарлықтай көмек болуда.
«Әлеуметтік дүкенге» мемлекеттен қолдау көрсетілмейді. Бұған жергілікті жеке кәсіпкерлер, шаруашылық төрағалары, одан бөлек, мұнай компаниялары, жомарт жандар демеушілік жасайды. Негізгі азық-түлік ұн, ет, күріш, қант және күнбағыс майын алып беріп, көпшіліктің алғысына бөленуде. Жалпы, дүкеннің жылдық қоры жасақталып, тұтынушылары ай сайынғы азықпен қамтылып отырады. Мұның өзі халық үшін жасалып отырған игі істің ең жақсысы десек артық емес.
Шаруасын дөңгелетіп отырған қайырымды жандар өз әлінше көмек көрсетеді дедік. Осы орайда, жақында «Әлеуметтік дүкен» қоры азық-түлікпен толықты. «Kayson construction» ЖШС қайырымдылық жасап, облыс орталығынан аудан тұрғындарына көмек жетті. Атап айтқанда, серіктестік өкілдері 10 тонна бірінші сортты ұн, 1,5 тонна қант және 900 литр күнбағыс майын КаМАЗбен әкеліп түсірді.
Айтқандай-ақ, қайырымды жандардың арқасында «Әлеуметтік дүкеннің» қоймасы қажетті азық-түлікпен толығып, тиісті мөлшерде және тиімді бағада тұтынушыларға үлестірілетін болады.
Е.БЕРКІНБАЕВ