КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯ
Бұрнағы күні аудан әкімдігінде аудандық мәслихаттың кезектен тыс 44 сессиясы өткізілді. Оған аудан әкімі Р.Рүстемов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары мен сала мамандары қатысты.
Сессия күн тәртібінде бірқатар мәселе қаралды. Өз кезегінде төртінші деңгейлі бюджетке кіретін кент және ауылдық округ әкімдері күн тәртібіндегі мәселеге байланысты хабарлама жасады. Сонымен қатар аудандық аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Әкбаров «2016-2020 жылдарға арналған Сырдария ауданының даму бағдарламасын бекіту туралы» аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 22 желтоқсандағы №361 шешіміне өзгеріс енгізу туралы» айтты. Аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атағын беру туралы хабарласында жекелеген азаматтың өмір жолын таныстырды. Бұдан кейін аудан әкіміР.Рүстемов сөз алып, ауданда өткен әлеуметтік-экономикалық, саяси маңызды бірқатар шараға тоқталды. Бірлесіп атқарған әрбір жұмыстың нәтижесінде жылды жақсы көрсеткішпен аяқтауға толық негіз бар екенін жеткізді. Алдағы уақытта халыққа есеп беру кезеңіне дейін тыңғылықты дайындық жүргізу мақсатында ауданға қарасты елді мекендерге барып, көшпелі кездесу өткізу жоспарланғанын тілге тиек етті. Осы орайда аудандық мәслихат депутаттарына сайланған аумағы бойынша көтерілген мәселені жан-жақты талқылап, аталған жұмыс барысында белсенді қатысуды ұсынды.
Жиын қорытындысында халық қалаулыларына ұсынылған мәселелер толық қолдау тауып, шешім жобасы бекітілді.
«ТТ»-ақпарат