Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік қызмет порталы қалай жұмыс жасайды?

Әлеуметтік қызмет порталы қалай жұмыс жасайды?

Мемлекет тарапынан биылғы жылы әлеуметтік сала бойынша жаңа жүйе қабылданып, халықтың әл-ауқатын арттыруға байланысты жәрдемақының жаңа түрі тағайындалып, берілді. Оның игілігін көп балалы отбасылар көріп, тиісті мемлекеттік жәрдемақыға қол жеткізді. Әлеуметтік қамсыздандыру бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа жүйесі енеді. Бұл қызмет түрі мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған. Жалпы әлеуметтік саланы жаңғырту, қызметтер мен оңалту құралдарының сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында енгізілетін әлеуметтік қызмет көрсету порталының іске қосылатындығы туралы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Айгүл Мұханмен сұхбаттасқан едік.
Айгүл Кәрбозқызы, жаңа жылдан бастап іске қосылатын әлеуметтік қызметтер порталы туралы айтып берсеңіз. Оның артықшылығы, тұрғындарға тиімді тұсы қандай?
– Әлеуметтік қызметтер порталы мем­ле­кетіміздегі мүгедек адамдардың құқық­тарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарды жү­зеге асыру барысында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап іске қосылады. Портал ең алдымен техникалық оңалту құралдарының және арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынуға арналған бизнес-процестердің мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қызметтер мен оңалту құралдарын алушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келмеу мәселелерін шешеді. Өйткені мүгедектігі бар адамдар тауар мен қызметтің қажетті түрін өз бетінше таңдай алу құқығына ие. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдардың өтініштеріне сәйкес техникалық жабдықтар мен оңалту қызметтерінің белгіленген құнын өтеу механизмі көзделген. Порталда қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдаған кезде қосымша төлемдерді іске асыру функциясы қолжетімді болады.
– Аталған портал арқылы нақты қандай қызмет түрін алуға болады?
– Портал арқылы арнаулы әлеуметтік қызмет, оңалтудың техникалық құралда­ры­мен қамтамасыз ету, ымдау тілі маманы­ның, жеке көмекші, санаторлық-курорттық емделу қызметін алуға болады.
Техникалық оңалту құралдарының 55 түрінің 24-ін, атап айтқанда, жейде, колготки, шұлық киюге, түйме тағуға арналған құрылғы, белсенді ұстағыш, ыдыс-аяқ, қақпақты ашуға, кілтке арналған ұстағыш, сөз шығаратын тонометр, термометр, жолақшасы бар глюкометр, брайль қарпін өз бетімен үйренуге сөйлейтін құрал, брайль алмалы-салмалы әліппесі, ине сабақтағыштар, сіңіргіш жайма, катетер, паста герметик, қорғаныш крем, сіңіргіш ұнтақ-опа, иісті бейтараптандырғыш, теріні тазартқыш, санитарлы құрылғысы бар кресло орындық, дәретханаға, ваннаға арналған ұстағышқа портал арқылы келер жылдың 1 қаңтарынан бастап тапсырыс бере алады. Ал қалған 31 түрі протездік-ортопедиялық, дыбыстық тех­ни­калық, ти­флотехникалық және ги­гие­налық құралдар, кресло-арбалар, же­ке көмекшілер, ымдау тілі мамандары және санаторий-курорттық емделудің қызметтері 2020 жылы шілдеден кейін кезең-кезеңімен енгізіледі.
– Порталға тіркелу үшін мүмкіндігі шектеулі адамдар қайда барады, порталға қосылудың қандай шаралары бар?
– Ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі адамдар қазірден бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету бойынша Сырдария ауданы бөліміне жеке куәлігімен барып электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦП) алуы қажет. Әлеуметтік қызметтер порталына қосылу e.gov.kz электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады.
– Интернет желісі мен ұялы теле­фондары жоқ мүмкіндігі шектеулі адамдар порталды қалай пайдалана алады? Tехникалық оңал­ту құралдарын таңдауда кім көмек­теседі?
– Аудандағы ауылдық округі әкімдікте­рінде өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары құрылған. Ондағы мамандар оңалту жаб­дық­­тары мен қызметтерін таңдау құқығын жүзеге асыруға көмектеседі.
– Қажетті тауарлардың сапасы­на күмән келтірілгенде немесе жеткізу­шілер төмен сапалы тауарлар мен қызметтерді ұсынған кезде шағым кім­ге жасалатын болады?
– Тауарлардың немесе қызметтердің сапасына тікелей жеткізуші жауап береді.
– Әлеуметтік қызметтер порталында жеткізушілерді анықтау крите­рийлері бекітіледі ме?
– Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар және олардың филиалдары әлеуметтік қызметтер порталында тауарларды, жұмыс­тарды және қызметтерді жеткізушілер бола алады. Әлеуметтік қызметтер порталына салық берешегі және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі жоқ, банкроттық не тарату рәсіміне жатпайтындар, мемле­кеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысу­шылардың тізіліміне енгізілмеген, міндетті сертификаттауға жататын тауарларды жеткізу кезінде сәйкестік сертификаты бар, медициналық бұйымдарды жеткізу кезін­де тіркеу куәлігі бар, тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өткізу үшін бағаны ұсынатындар тіркеле алады. Бұл талаптар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен бекітіледі.
– Басқа аймақтан тауарды немесе қызметті таңдауға мүмкіндік бар ма?
– Аумақтық принципі медициналық-әлеуметтік мекемелерде арнаулы әлеумет­тік қызметтерді алу кезінде қолданылады, өйткені қаражат жергілікті бюджетте қа­ралған. Сондықтан басқа аймақтың меди­циналық-әлеуметтік мекемелерде арнаулы әлеуметтік қызметтерін пайдалануға болмайды.
– Егер тауар мүгедектігі бар адамға сәйкес келмесе, тауарды қайтару механизмі қаралған ба?
– Бұл жайында келісім-шартта мүгедек, жеткізуші және тауарды жеткізіп беруші ұйым арасындағы шарттық қарым-қатынас­та көрсетіледі.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ
19 қараша 2019 ж. 1 220 0