Көпшілік көкейіндегі сауалға жауап берді
Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа талаптарын түсіндіру мақсатында аудандық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері бірқатар ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесу өткізді.
Топ мүшелері аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Е.Зұлқарнаев пен осы бөлімнің бас маманы Қ.Сарсенбаева ауданның елді мекендерінде болып, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қолдау шараларының кешенді тәсілі мен атаулы сипатын қабылдауды қарастыратын заң жобасын таныстырды. Жаңа шартқа сәйкес мемлекеттік жәрдемақы төмендегі талапқа сәйкес тағайындалатын болады.
Біріншіден, 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар барлық көп балалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақы алады. Екіншіден, отбасының барлық мүшелеріне кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының арасындағы айырмашылық ретінде тоқсан сайын АӘК тағайындалады. Бұл жағдайда отбасының жұмысқа жарамды мүшелері жұмыс істеуі тиіс, мемлекет жұмысқа орналасуға және бизнеспен айналысуға жәрдемдесетін болады.
Сондай-ақ мемлекет аз қамтылған отбасы балаларын кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етеді. 1-ден 6 жасқа дейінгі балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен, ал 6 жастан 18 жасқа дейін мектептерде тегін ыстық тамақпен, қалалық қоғамдық көлікте күнделікті тегін жол жүрумен, мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтамасыз ету жүзеге асады.
Сонымен қатар топ мүшелері тұрғындарға 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен іске қосылатыны туралы ақпарат берді. Бұл еліміздің әрбір азаматына қатысы бар реформа. Осыған сәйкес медициналық сақтандыру деген не, оның тиімділігі мен мүмкіндіктері туралы аудандық аурухананың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жауапты маман С.Ерімбет әлеуметтік мәртебені egov.kz порталы арқылы білуге болатынын айтты.
Еліміздегі жүріп жатқан әлеуметтік қамсызданудың жаңа шарттары әрбір тұрғынға түсінікті болуы үшін ақпараттық насихаттық топ ел ішін аралады. Әсіресе жаңа әлеуметтік тағайындау төңірегіндегі мәселелер бойынша сұрақтарға жауап беріліп, атаулы әлеуметтік көмек пен көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы туралы кеңінен түсіндірілді.
Б.ЖАНӘЛІ