Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРҚЫНДЫ ӨЗГЕРІСТЕР КЕЗЕҢІ

ҚАРҚЫНДЫ ӨЗГЕРІСТЕР КЕЗЕҢІ


ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы әрбір қазақстандық азаматтың жарқын болашағына жол бастаған маңызды құжат. Мемлекетімізді қарқынды өзгерістер кезеңі күтіп тұр. Себебі бүгінде әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басты. Елбасы алдымызға үлкен міндет қойды – ол ең дамыған отыз елдің қатарына кіру. Үкімет алдында кешенді бағдарламаларды іске асыру жоспары бар. Соның негізгісі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы. Цифрландыруға бағытталған барлық салада жаңа құрылғылар әзірленіп, жаңа технологиялар сыннан өтуде. Білім беру саласында жас жеткіншектерді заманауи оқу бағдарламасына сәйкес жаңа пәнге оқыту бастау алды. «Робототехника» қосымша оқу курсы негізінде оқушыларды жаңа инновациямен танысуға, танып, білуге мүмкіндік береді. Өз қолдарымен робот құрастырып, оны пайдаланудың әдіс-тәсілдерін меңгереді. Ойы озық жасөспірімдерді ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіру қажет. Жолдауда айтылған он бағыттың жетіншісі: «Адами капитал – жаңғыру негізі» білім берудің жаңа сапасына бағытталады. Осы күні жаңартылған мазмұнға көшкен салада компьютерлендіру, ғылыми-зерттеу зертханаларды іске қосу қарқынды жүргізілуі тиіс. Ұрпақты жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты – математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл озық білім мен құзіреттілікке қол жеткізудің жолы.
Аталған бағытта айтылған «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт» бағыты тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын арттыруымен байланысты. Дені сау ұрпақ кез-келген аурудың алдын алады, оны болдырмаудың жолын іздейді. Сондықтан саламатты өмір салтын насихаттау денсаулық саласына жүктелген міндет. Осы салада цифрлы технологияларды кеңінен қолданып электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады. Қазір емханаларда ұзақ кезектілікті күту бірте-бірте жойылып келеді. Компьютерге енгізілген кезектілікке тұру, белгіленген уақытта дәрігер қабылдауында болу сапалы медициналық қызметтің кепіліне айналды. Дайын болған зертханалық қан талдамалары дәрігер алдына компьютермен барып тұруы, қағазбастылықты жоюдың негізі. Медициналық кадрлардың біліктілігі – сапалы құрылғылармен өлшенеді. Мамандар диагностикалау мен емдеудің тиімділігін медициналық құрылғылар арқылы жүзеге асырады.
Халықтың әлеуметтік қамсыздануы, жұмыспен қамтылуы еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етеді. Мемлекетімізде іске асқан нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, өзін-өзі жұмыспен қамтитын болады. Бос жұмыс орындары туралы ақпарат біріңғай электрондық еңбек биржасында жинақталып, ақпарат қолжетімділігімен, тиімділігімен ерекшеленеді. Ал еңбекке қабілетсіз азаматтар мемлекеттің қолдауында болып, әлеуметтік жәрдемақылар жыл сайын артуда.
Жалпы әлеуметтік саладағы қолдаулар-ынталандырудың, өзін-өзі жетілдірудің айқын көрінісі. Ұлттық сананы жаңартудың жүйесі ретінде біз жаңа заманға сай болуға тиіспіз.

Б.ЖАНӘЛІ
03 сәуір 2018 ж. 1 162 0