Ауыл тазалығы басты назарда
Аудан әкімінің өкімімен белгіленген санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру екі айлығының аяқталуына санаулы күн қалды. Тазалық жұмыстары апта сайын аудан орталығында қарқынды түрде ұйымдастырылып жатқанын көріп жүрміз. Ал ауылдық округтерде сенбілік қалай ұйымдастырылуда? Осы сұраққа жауап іздеп сенбі күні Сәкен Сейфуллин ауылына бардық. Мақсатымыз елді мекендегі тазалық жұмыстарының қаншалықты дұрыс үйлестіріліп жатқанын көзбен көру, ауыл тұрғындарының пікірін білу болатын.
«Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, ауылдың кіреберісінен бастап бақылай қарап, сын көзімізбен сүзгіден өткізіп келеміз. Көшенің екі жақ қапталы таза екені көзге көрініп-ақ тұр. Күл-қоқыс, қураған шөп-шалаң, ретсіз төгілген үйінділер көрінбейді. Тағзым алаңы тұсынан бізге «С.Сейфуллин Жер» серіктестігі директорының міндетін атқарушы Жасұлан Тұрлыбеков жолықты. Егін жинау науқанын аяқтап, ел қамбасын алтын дәнге толтыруға айрықша үлес қосқан азаматты әңгімеге тартық.
– Шаруашылық егілген егінді уақытылы жинап, жоспарлы жұмыстардың барлығын толық қорытындылады. Қазіргі таңда егіншілердің қолы бос. Сондықтан ауыл тазалығына үлес қосуды жөн санап, бүгін жаппай сенбілікке шықтық, – дейді ол.
Айтса айтқандай, ауылдағы Сәрке батыр көшесінің бойында серіктестіктің адал еңбекті ту еткен егіншілері ауылдағы мекеме қызметкерлерімен бірге тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Жігіттер жол жиегіндегі шөптерді шапса, қыз-келіншектер орталық саябақ аумағындағы талдарды әктеп, қоршауларды сырлауға өз үлестерін қосуда. Әк пен бояу, басқа да қажетті техникалар серіктестік тарапынан бөлініпті.
– Мектептің алдынан көлік көп өтеді. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер жолағын сыздырдық. Сонымен бірге автокөлік тізгіндеушілердің ұсынысы бойынша негізгі көшелерге үзік сызық сызылды. Ауылдың кіреберісіндегі арканы жаңартпақ ойымыз бар. Түнде ауыл көшелері жарық болып тұрса, бәрімізге жақсы. Сондықтан ауылішілік жарықтандыру жұмыстарына серіктестік тарапынан қолдау көрсетілмек. Ол жұмысты ауыл әкімдігімен келісіп, мамандармен бірлесіп жүзеге асырамыз. Тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайды, – дейді Жасұлан Абдрашитұлы.
Ауыл тазалығымен танысуды мақсат еткен бізге орталық саябақ маңынан ауылдағы №137 орта мектебінің директоры Бағдат Есназар кезікті. Ұжым қызметкерлерімен бірге сенбілік жұмыстарын жүргізіп жатқан ол серіктестік тарапынан нақты қолдаулар көрсетіліп жатқанын жеткізді.
– Өткен аптада әр үйге арнайы техника барып, есік алдындағы күл-қоқысты тиеп алып кетіпті. Бұл ауылдың тазалығына қосылған қомақты үлес емес пе?! Сондықтан серіктестік басшылығына алғыс айтамыз. Ауыл тұрғындарын тазалық жұмыстарына жауапкершілікпен қарауға шақырамын, – дейді Бағдат Мансұрұлы.
Айта кету керек, сенбі күнгі сапарымызда біз ауылдағы бірнеше көшені аралап көрдік. Барлық көшеде сенбілік жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бұл бірлігі бекем ауылдағы тындырымды тірлік десек жарасады. Оның үстіне ауылдағы санитарлық тазалық жұмыстары «С.Сейфуллин Жер» серіктестігінің назарында екені анық аңғарылды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ