Жастар жылына тарту
«Жастар жылы» аясында көптеген игі істер атқарылуда. Жалындаған жастарға осы айтулы жылдың шеңберінде зор қолдау жасалып, келешек ел тұтқасының әлеуеті көтеріліп келеді. Осы тұста тіректі елді мекен саналатын Ақжарма жастары да ел ағаларының жанашырлығын көруде. Сенім үдесінен шығып жүрген оларға ауылдың атқамінер азаматтары бар жағдайды жасап беруде.
Ауылына қарап азаматын таны» дейміз. Бұл ауылда ірі шаруашылық басшылары ел-халықты жұмыспен қамтып, елді мекеннің көркеюіне ерекше ынта танытып келеді. Соның бірі – аудандық мәслихат депутаты, «Ақжарма-2» шаруа қожалық төрағасы Марат Бисенов. Іскер басшы көзінде от жанып тұрған жастарға барынша қолдау жасауды өз ісінің бағыты еткен. Өйткені ауқымды жұмысты тәжірибелі мамандар қалай жүзеге асыруды білсе, жастар сол істің атқарылуына тікелей атсалысады. Сол үшін де төраға биыл шаруашылықта «Ақжарма жастары» бригадасын ұйымдастырып, оларға зор сенім артқан.
Жастар бригадасы шаруашылық жұмысына төселген. Бәрі де еңбекқор. Егін жинау науқанында тәжірибелі мамандармен қатар жүріп, күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Астықты ысырапсыз жинап алуда олардың үлес салмағы басым. Сондықтан шаруашылықта жастар бригадасына көпшілік сеніммен қарайды.
Шаруашылық жұмысын тыңғылықты атқарумен қатар «Ақжарма жастары» бригадасы ауылдың көркеюіне, гүлденуіне септігін тигізуде. Әрине бұл істің басында іскер басшы жүретіні белгілі. Шаруашылық төрағасы биылғы айтулы жылда ауыл жастарына ерекше сый жасады. Елді мекен орталығынан жастардың тынығуын қамтамасыз етіп, сергуі үшін «Жастар аллеясын» ашуға мұрындық болды. Аудандық мәслихат депутаты бұл аллеяны салуға алыстан мамандар шақырған жоқ. Креативті ойлары бар жастар бригадасына үміт артты. Шаруашылықтың әкімшілік кеңсесі жанынан бекітілген жерге жастарға арнап аллея салуды сеніп тапсырды. Ал мұндай сенімді жастар бригадасы толық ақтай білді. Бүгінгінің талабына сай етіп, жастардың көңілінен шығатындай демалыс орнын аз ғана уақыт ішінде салып шықты. Бұл аллеяға білікті басшы 5 млн теңге қаржы бөлген.
«Жастар аллеясы» шағын болғанымен бүгінде бұл жас толқынның бас қосатын орталығына айналған. Демалыс орны гүлзарлармен көмкерілген. Мұнда ерекше үлгідегі мүсіндер аллея көркін келтіріп тұр. Кіреберісте сом денелі қос батырдың мүсіні орнатылған. Мұны «Жастарды желеп-жебеп жүрсін» деген ниетпен қойдық дейді жастар бригадасының жетекшісі Бекболат Байділдаев. Одан кейін көңілге ерекше қуаныш сыйлайтын ұлттық киім киген жастар мүсіні бар. Бұл арада «Ана мен бала» мүсініне де тамсана қарайсың. Ал сонау бас қаладан басталып, облыс, аудан орталықтарында кездесетін «I lovе ...» латын жазуы ауылға да жетті. «I lovе Aqjarma» жазуы аллеяға айрықша сән беріп тұр. Осындай тынығу орнында жастар ауыл кешін көңілді өткізуде. Осы ретте ақжармалық жастардың ауыл орталығына аллея салып берген шаруашылық төрағасына айтар алғысы мол.
Осылайша тіректі ауыл орталығы тағы бір нысанмен толықты. Бұл күре жолдың бойындағы елді мекеннің көркеюіне сеп болмақ. Әсіресе жалынды жастарға ерекше серпін бермек. Ел ағаларының осындай зор қолдауының арқасында жас толқын биік белестерді бағындыратынына сенімдіміз. «Жастар аллеясы» – сенім үдесіндегі жастарға жасалған сый екені сөзсіз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ