СЕРПІН БЕРГЕН ШАРА

Әр салада жетістікке жетіп, ауыл өмірінің қайнаған тіршілігінен нәр алған жастар кештің көркін аша түсті. Ауыл әкімі Е.Ешмұратов еркін форматтағы шарының шымылдығын түріп, жастар жылында әрбір өскелең ұрпаққа зор мүмкіндік жасалып отырғандығын тілге тиек етті, аталмыш жылдың шеңберінде атқарылар жұмыстың көптігін айтты. Жастардың белсенділігін арттыра отырып, бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жұмыс жүргізу маңызды екендігіне, оның ішінде қазіргі таңда жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға тарту алдыңғы орында екеніне тоқталды. Бұдан бөлек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Сқақов өткен мен бүгіннің арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін, қандай кәсіпті игеруге толық мүмкіндік барын тілге тиек етті. №130 Абай атындағы орта мектептің математика мұғалімі М.Тыныштықбаев, «Ақжарма 2» шаруа қожалығының агрономдары Б.Байділдаев, “Ақжарма и к” шаруа қожалығының агрономы Е.Айтқожаев, ауылдық клубтың әдіскері Г.Босатқанова, жабық спорттық сауықтыру кешенінің медбикесі М.Әбжанова, қазақ күресінен жаттықтырушы Е.Саркеев, Ақжарма ауылдық округінде жастар ісі жөніндегі әдіскер П.Асқарова сөз алып, бүгінгі таңда өз салаларының басым бағыттары айқын екенін, жастардың үлес салмағын арттыруда мемлекеттік бағдарламалардың септігі тиетіндігін айтты. Әрқайсысы ауылдың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосуда қатарластарының ықпалы мен әлеуеті зор екеніне сенім білдірді.
Жастар жылының салтанатты ашылуында еңбек ардагері С.Қалданбек жастарға ақ бата берді. Аталмыш шара аясында ауыл жастарының колөнер бұрышы ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар осы күні ауыл жастарының қатысуымен кіші футболдан турнир өткізіліп, ауыл жастары арасынан әрбір жүлдегер мен жеңімпаз анықталып, марапатталды.
Б.Аябекұлы