Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 5 МЛН ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ БӨЛГЕН КӘСІПКЕР

5 МЛН ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ БӨЛГЕН КӘСІПКЕР

Биылғы «Жастар жылына» орай ауылдан жастар аллеясының ашылуы жағымды жаңалық. «Болашағы бар ел – жастарына жағдай жасайды» дегендей «Ақжарма -2» ШҚ әкімшілік кеңсесі жанынан «Жастар аллеясы» салыныпты. Демеушілік көрсеткен іскер басшы, аудандық мәслихат депутаты, «Ақжарма-2» ШҚ төрағасы Марат Бисенов. Бір ерекше атап өтерлігі ауыл жастары аллеяны өз қолдарымен салып шыққан. Әрине қаржының барлығы демеушіден. Жастар демалыс орнына гүл еккен, ұзына бойына көз жауын алатын өрнектастар (брусчатка), түнге қарай жарық беретін шамдардың тұғырларын да өздері жасаған.
–Өз қолымызбен тұрғызғасын бұл аллея бізге ыстық көрінеді. Әрі ауыл орталығына ерекше сән беріп тұр. Бос уақытымызды осында мазмұнды өткізетін боламыз, жастарды желеп-жебеп жүрсін деген мақсатпен кіре беріс босағаға қос батырдың мүсіні қойылды. Аллеяның орта шеніндегі «Ана мен бала» мүсіні және «Ақжарма» деген латынша жазу демалыс орнына ерекше сән беріп тұр. Осындай игілікті істің атқарылуына ұйытқы болған Марат Алдабергенұлына ризашылығымыз шексіз, – дейді «Ақжарма жастары» бригадасының жетекшісі Бекболат Байділдаев.
Жастар аллеясына 5 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Жастардың болашағынан қаржы аямаған басшыға алғыс айтқан орынды. «Жастар аллеясының» ашылуында ауыл әкімі Е.Ешмұратов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ысқақов құттықтау сөз сөйлеп, қоғамның қозғаушы күші жастардың әрдайым алғы шептен көрінуіне игі тілектерін арнады.
Шаруашылық басшысы М.Бисенов шаруашылықтың болашақ мамандары жаздай жастар аллеясын салуға қатысқан студенттер Ертіс Өміртай мен Ринат Өмірзаққа қаржылай сый-сияпат жасады. Осы орайда шаруашылық жанынан құрылған 13 адамнан тұратын «Ақжарма жастары» бригадасы туралы айта кеткен артық болмас. Олардың барлығы да қожалықта еңбек етеді. Түрлі мамандық иелері, бірі агроном, бірі экономист, бірі қойма меңгерушісі дегендей. Бұлардың барлығы қолдарынан іс келетін азаматтар болғандықтан аллеяның жұмысына атсалысқан. Жастар демалыс орнының ашылуында А.Темірханов басқаратын ауыл көркемөнерпаздары әсем әннен шашу шашты. Шара соңында жастар аллеясының лентасы қиылып, көпшілік демалыс орнын тамашалады. Сырдария ауданының Құрметті азаматы Ш.Сқақов ақ жарылқап бата берді.
27 тамыз 2019 ж. 1 156 0