Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәрдәмақыда не өзгеріс бар?

Жәрдәмақыда не өзгеріс бар?

Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бас­тап еліміз бойынша төленіп келген Атаулы әлеуметтік көмек келер жылдан бас­тап жаңа шартпен төлене бастайды. Бұл жайында тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында газетіміздің 2019 жылғы 22 қазандағы №82 санында «Атаулы әлеметтік көмектің шарттары өзгерді» атты мақала шыққан болатын.
Жалпы атаулы әлеуметтік көмек дегеніміз не? Аты айтып тұрғандай, бұл көмек аз қамтылған азаматтарға және табысы төмен деңгейдегі отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем. Яғни осы күнге дейін атаулы әлеуметтік көмек отбасындағы табыстың көлемі есептеліп, ол адам басына шаққанда 20789 теңгеден аспаған жағдайда төленіп келген қаржы. Отбасындағы барлық табысқа жалақы мен қосымша шаруашылық жүргізгендегі табыс көлемі есепке алынды. Ал түрлі мемлекеттік жәрдемақы мен стипендия есепке алынбағаны белгілі. Тұрғындардың атаулы әлеметтік көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көп құжат пен анықтама сұралмады. Бір ғана жеке куәлік арқылы өтініш беріліп, тиісті отбасыларға көмек тағайындалды. Айта кететін тағы бір ерекшелік, өтініш берілген айдың күні көмекті алуға әсерін тигізген жоқ. Айдың кез келген күнінде өтініш қанағаттандырылса, атаулы әлеуметтік көмек сол айға тұтас төленді.
Заңмен бекітілген осы күнге дейінгі ережені халық қалаулылары талқыға салып, сан түрлі пікірлер айтты. Кемшіліктерін де атады. Олардың қатарында атаулы әлеметтік көмекті жағ­­дайы жақсы отбасылар да алғаны көптің ашуына тиді. Сондықтан Үкімет бұл мәселені егжей-тегжей зерттеп, келер жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті берудің шартына өзгерістер енгізді.
Жаңадан тағайындалатын мемлекет­тік жәрдемақы көп балалы отбасыларға беріледі. Көп балалы дегеніміз біздің мемлекетте төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар. Егер баласы студент болса, жәрдемақы 23 жасқа дейін төленеді. Нақтыланған қаржы көлемі төрт баласы барларға айына 42500 теңге, бес баласы бар отбасыларға айына 53125 теңге, алты баласы барларға 63750 теңге, жеті және одан да көп баласы бар отбасыларға 73375 теңге кепілдендірілген мемлекеттік жәрдемақы төленетін болып бекітілді. Мұндағы артықшылық – отбасындағы табыс мөлшері есепке алынбай, көп балалы болғаны үшін төленетін жәрдемақы екенін білген жөн.
Мемлекеттік жәрдемақының екінші бағыты – тоқсан сайын тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек. Бұл аз қам­тамасыз етілген отбасылардың бар­лық мүшелеріне кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққанда орташа табысының арасындағы айырмашылық ретінде тағайындалады. Тиісті сала мамандары отбасындағы жұмыссыз адамға жұмыс ұсынады, ол ұсынылған жұмысты істеуге міндетті. Ал егер ұсынылған жұмыстан бас тартса, барлық жәрдемақы бұл отбасыға төленбейтін болады.
Үшінші бағыт бойынша шартсыз және шартты түрде тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек. Шартсыз көмек 6 айға, шартты көмек 12 айға белгіленеді. Алдағы жылдан бастап әлеуметтік көмек 3 айға ғана тағайындалады. Себебі отбасында 3 айда табыс көлеміне байланыс­ты өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан 3 ай сайын өтініш қайта беріліп, ол қайта қаралатын және есептелетін болады. Бұл өз кезегінде түрлі заңсыздықтардың алдын алады.

P.S Соңғы кезде көпшіліктің басы қосылса болды атаулы әлеуметтік көмек төңірегінде әңгіме қозғалатын болды. Соңғы өзгерістен хабары бар тұрғындар көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақының табысқа қарамастан төленетініне разы. Себебі мемлекет тарапынан ана мен балаға осындай қамқорлық жасап жатқаны шын мәнінде халықтың тұрмыс жағдайына оң әсерін тигізеді. Негізінен шын мұқтаж адам мемлекеттің көмегін алуы тиіс.

Бибісара ЖАНӘЛІ

29 қазан 2019 ж. 1 390 1

Жанат от 3 қараша 2019 08:54
Саламатсыздарма. Мен
4 балага аягым ауыр. Отагасы да менде жумыстамыз. Тортинши баламды босанганда бизгеде толенема жардемакы.