Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындарға жаңа жәрдәмақы

Тұрғындарға жаңа жәрдәмақы

«Біз көпбалалы аналардың мәртебесін көтеріп, әл-ауқатын жақсартуды көздеп отырмыз. Мемлекеттік жәрдемақының жаңа түрі 42 500 теңгеден 73 370 теңгеге дейін сараланған мөлшерде тағайындалады», – дейді министр. Айта кетейік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесін жетілдіру мақсатында жаңа Заң жобасын әзірледі. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап қолданысқа енгізілетін Заң атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз етуді көздейді. Министрдің мәлімдеуінше, соңғы 9 айда 2,3 млн адамды құрайтын 417 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілген.
– Атаулы әлеуметтік көмек өмірдің қиындығына тап болған және одан өз бетінше шыға алмай отырған отбасыларға тағайындалуы тиіс. Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмектің тоқсан сайын берілуін қайта қарап, шартты және шартсыз көмекті 3 айға тағайындау қажет. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар табысын жасыруын тоқтатады. Ал көмек тағайындау тәртібі әділ болады. Мысалы, отбасының жан басына шаққандағы табысы келесі тоқсанда көбінесе азаяды. Атаулы әлеуметтік көмекті тоқсан сайын есептегенде көпбалалы отбасы алдыңғыдан көп мөлшерде көмек алуы мүмкін. Екіншіден, барлық отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек орта табысы мен кедейшілік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төленеді. Үшіншіден, егер отбасының еңбекке қабілетті өкілі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері атаулы әлеуметтік көмек алу құқығынан айырылады. Сонымен қатар бала күтімімен айналысатын анаға бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығы беріледі», – деді Біржан Нұрымбетов. Бұдан былай, учаскелік комиссиялардың жұмысы күшейтіледі. Өкінішке қарай, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасында әлеуметтік жағдайы жақсы адамдардың болғаны анықталған. Мұндайға жол бермес үшін учаскелік комиссияның жұмысы күшейтілетінін ескертті. Заң жобасында учаскелік комиссиялар үшін атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтаудың өлшемшартын бекіту үшін орталық атқарушы органның құзыретін қарау ұсынылады. Заңда учаскелік комиссияларға отбасының материалдық жағдайына қорытынды жасау үшін мерзімді 3 күннен 7 күнге дейін арттыруды сұраған.
Министр ұсынып отырған мемлекеттік жәрдемақы табысына қарамастан барлық көпбалалы отбасыға берілетіні түсінікті. «Әр балаға орташа есеппен 10-11 мың теңге төленеді» деген министрлік, 7 баласы барлардың да, одан көпбалалы отбасының да алатын жәрдемақы көлемі 73 мың теңгені құрайды.
Өздеріңізге мәлім, үкімет атаулы әлеуметтік көмекті енгізіп, аз қамтылған көпбалалы отбасыларына бала басына 21 мың теңгеден беруді ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастаған еді. Алайда бұл көмек бюджетке салмақ түсірді ме, әйтеуір тиісті министрлік көпбалалы аналарға табысына қарамай жәрдемақының жаңа түрін қайта бекітіп отыр. Қазір еліміз бойынша 343 мың көпбалалы отбасы болса оның 1884 мыңы біздің ауданда тұрады. 4 баласы бар отбасылар ай сайын 42 500 теңге алса, одан ары бұл сома 10 мыңға артып отырады. 7 баласы барлар 73 мың теңге алмақ. Жәрдемақының жаңа түрі бойынша 10 баласы бар отбасылар да тиісінше 73 мың теңгеден жәрдемақы алады. Ал бұған дейін еңбек министрлігі мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай саналатынын, әр балаға орташа есеппен 10-11 мың теңге төленетінін хабарлаған болатын. Үкімет басшысының орынбасары, атаулы әлеуметтік көмекті мысалдар емес, тек мұқтаж жандар ғана алатынын тағы еске салды. Үкіметтің бұл ұсынысын Парламент қолдаса, келесі жылдан бас­тап көпбалалы отбасылар жаңа жәрдемақыны ала бастайды. Бұл мемлекеттік жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыға табысына қарамастан төленетін болады.

Майя ҚОЖАБАЙ
12 қазан 2019 ж. 759 0