Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Апорт алмасы қай жақта өседі?

Апорт алмасы қай жақта өседі?

1895 жылы Қазақстанға Воронеж губерниясынан жер аударылған Редько есімді азамат өз отанына өзге алмалардан еш айырмашылығы болмаған апорт алмасының екпе көшетін Жетісу жеріне алып келеді. Апорт алмасын Алматының жабайы алмаларымен ұрықтандырғанның нәтижесінде әйгілі «Алматының апорты» дүниеге келді. Дәмі тіл үйіретін Алматының апорты аз уақыттың ішінде танымал болды. Жиырмасыншы ғасырдың басында Алматыдағы апорт алмасын өсіру шаруашылығы Ресейдің барлық аудандарына таралып, 1900 жылы Париж қаласында өткен Бүкіләлемдік көрмеде ең жоғары бағаға ие болды. Кейін Алматының апорты халық арасында алманың ең жоғарғы сорты болып есептелді. Тіпті бұл жеміске ән де арналды.
Міне содан кейін жақында ғана алманың тағы бір отанынан айналғалы тұрған «Ақжарма» серіктестігі ауылдағы байырғы бақты жаңалап, жеміс ағашын көбейту мәселесін қолға алған. Бүгінде теккен төрдің нәтижесі көрінуде. Жалпы аумағы 12 гектерға жететін алқапқа алманың 5 бірдей сортын отырғызған. Мұнымен қоса, алмұрт, жүзім, шие, өрік секілді жеміс ағаштары да жайқалып тұр. Жүзімнің пісер уақыты алыс емес. Шаруашылықты әртараптандыру бағытын қолға алған серіктестіктің бұл жұмысы жақсы бастама.
– Ойға алған жоспар көп. Алғашында «Алматының апортын» еккіміз келген. Бірақ біздің ауа райы оған қолайлы емес екен. Ылғалды молынан қажет етеді. Ауыл тұрғындары бұрыннан келе жатқан алма бағын жаңарту жұмыстарына белсене кірісті. Жұмысымыз өрге басып жатса, ауыл халқына жұмыс көзі болғалы тұр, – дейді серіктестік директоры М.Бисенов.
Қазір шаруашылық өсіру кезеңінен өтіп, өнім жеткізу деңгейінде екен. Алда сақтау қоймасын салып, өнімді өткізу сияқты маңызды жұмыстар тұр. Биыл барлық талапқа сай жеміс сақтайтын қойма салуды да жоспарлап отыр. Бүгінде бұл бақта 7 адам адал еңбек етіп жатыр. Ағашты күтіп баптаудың қыр-сырын меңгерген Ерлан Спанов есімді азамат осы жұмыстарды үйлестіруде.
Соңғы жылдары отандық табиғи өнімдер тұтынушы сұранысына ие екені баршаға белгілі. Ал ақжармалықтардың толымды тірлігі көңілге нұр құяды. Мұндағы алма сортының үшеуі кеш, екеуі ерте піседі. Соған қарай барлығының бабын тауып, келер жылға дайындалмаса, жемістің дәмін татамын деу әсте бекер.
– Күн сайын ағаштарды суарып, қажетті тыңайтқыштармен қамтамыз етеміз. Алда бір ай уақытымыз бар. Артығын кесіп, алғашқы ызғарға дейін осы жұмыстарды атқарып үлгермесек, келер жылы өнімсіз қалуымыз мүмкін. Жеміс ағашына бей-жай қарауға болмайды, – дейді Е.Спанов.
Шаруасы шалқып, қырманы астыққа толған ақжармалықтардың алма бағында бүгінде 2500 дана жеміс ағашы бар.
Расында да жақсы өнім алып, жемісті ағашты баптаған елді мекеннің аты енді алмамен танылса қуанамыз.

Майя ҚОЖАБАЙ
26 қазан 2019 ж. 1 379 0