Ойын тағдырын жалғыз гол шешті
Бүгін, 9 қыркүйекте Алматының «Қайраты» Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жергілікті «Зенит» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл ойынның тарихи маңызы зор. Қос команда 1991 жылдан бері алғаш рет кездесіп отыр. Айта кетерлігі, екеуі соңғы мәрте 27 жыл бұрын Кеңес одағы біріншілігінде бірінші топта шеберлік байқасқан екен. Содан бері бір-бірімен жолығып көрмеген. Ендеше, бүгінгі кездесуде екі команда да өздерін жақсы қырынан танытуға тырысқаны анық. Одан бері қаншама уақыт өтті. Кезінде Ресейдің ортанқол клубы қатарында болған «Зенит» бүгінде тек өз елінде емес Еуропа құрлығында да маңдайалды ұжымдар қатарына қосылды. Биыл Ресей елінде өткен әлем біріншілігі финалдық кезеңіндегі бірқатар ойындар өткізілген «Санкт-Петербург» стадионына жиналған 40 мыңға жуық жанкүйер алдында қос команда жақсы ойын өрнегін көрсетті. Аталмыш кездесуде «Қайраттың» капитандық міндетін Андрей Аршавин атқарды. Айта кетерлігі, ол кезінде «Зенит» сапында жарқылдап көзге түсті. Ағылшын еліндегі «Арсенал» клубында да өзін жақсы қырынан таныта білді. Бүгінгі кездесу тағдырын жалғыз гол шешті. Ол 32 минутта соғылды. «Зениттің» аргентиналық шабуылшысы Себастьян Дриусси қақпа маңдайшасынан кейін серпілген допты голға айналдырды. Қос команда соңғы ойындарын 1991 жылдың 27 қазанында Алматы қаласында өткізген. Бұл ойында алматылықтар 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Былайша айтқанда, «Зенит» сол жеңілістің қарымтасын қайтарды. Қос команда да бүгінгі кездесуге өздерінің мықты құрамын қоса алған жоқ. Бүгінде Еуропа құрлығында Ұлттар лигасы ойындары жүріп жатыр. Қазақстан Д лигасында сынға түссе, Ресей В лигасында бақ сынап келеді. «Қайрат» та, «Зенит» те сол ойындарға өздерінің үздіктерін үкілеп қосты. Сондықтан олар бүгінгі ойынға қатыса алған жоқ. «Қайрат» енді ел біріншілігіндегі кезекті ойынын 16 қыркүйекте өткізеді. Дәл осы күні өз алаңында Оралдың «Ақжайық» командасын қабылдайды. Қазір «Қайрат» турнир кестесінде екінші орында тұр. Басты қарсыласы - «Астана» командасынан небәрі үш ұпай артта қалып келеді.