Диханшының мерейі үстем
Күзгі жиын-терім аяқталғаннан кейін «Құндыздымай» шаруа қожалығының қырманына бардық. Мұнда қызу тірлік бір толастамаған. Шаруашылық бойынша 800 гектар алқаптың әр гектарынан 45 центнер өнім алған ұжым еңбеккерлері күзгі қам-қарекетін жалғастырып жатыр.
Алты жылдан бері кәсіпкерлік қызметін жасап, ауылдың 70-80 жергілікті тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырған қожалық өз еңбеккерлеріне тұрмыстық жағдай жасауды ұдайы назарда ұстап келеді.
– Бұрын қыстық көмірімізді Тереңөзекке барып кезекпен алатынбыз. Оны көлік жалдап ауылға әкелеміз. Қожалық басшысы көмірді Қарағандыдан ауылға алдырып, жалақы есебінен еңбеккерлердің үйді-үйіне апарып, түсіріп беріп отыр. Қыстық отын, жем-шөптен де көмектеседі, – дейді қырман күзетшісі Сәруар Нұржанов.
Еңбеккерлерге жағдай жасалған жерде жұмыс өнімді болары анық. Биыл құндыздымайлық диқандар Биболат Естияров, Баян Қалыбаев, Мұрат Іскендіров, Қайрат Құлтайбаев, Таңатар Қапанов мол өнімге қол жеткізді. Сыр салысын оруда жатка машинистері Медет Жарауов, Нәмат Құлыбеков, Рүстем Смайлов озат атанса, астық бастыруда Қазбек Шәмші, Алмат Әлиев, Замаддин Оңғаров, Бекзат Созақбаев алда болды. Астық тасымалдаушылар Бекболат Сейделов, Мұстахим Әбілдаев, дәнекерлеуші Нұрдәулет Рахметов науқан кезінде қажырлы еңбек етті.
Қазіргі таңда қожалық еңбеккерлері күздің шуақты күндерін пайдалана отырып, қысқа дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ