Журналист сапары
«ҚҰТТЫ ҚОНАҚ КЕЛСЕ, ҚОЙ ЕГІЗ ТАБАДЫ» ДЕЙДІ ХАЛЫҚ ДАНАЛЫҒЫ. БІЗ БЕСАРЫҚҚА ЕГІНЖАЙ ЕРЛЕРІН ЖАЗУҒА БАРҒАНДА ШАРУАШЫЛЫҚ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ – «АБАЙ-ДӘУЛЕТ» ЖШС (ДИРЕКТОРЫ МҰРАТ СӘРСЕНБАЕВ) ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНАН КҮРІШ АҚТАЙТЫН ЗАУЫТ АШТЫ. СОНДЫҚТАН ҚАЛАҒА ҚАРАЙ ЖОЛ ТАРТТЫҚ. «ЖАҚСЫНЫ КӨРМЕК ҮШІН» ДЕГЕНДЕЙ ЖАҢА НЫСАНДЫ БІЗ ДЕ АРАЛАП КӨРДІК. «АБАЙ-ДӘУЛЕТ» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ БОЛЫП ТАБЫЛАТЫН АУДАННЫҢ БІРҚАТАР ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІН КЕЗДЕСТІРДІК.
– Құрылғанына аз ғана уақыт болса да, «Абай-Дәулет» ЖШС аймақ бойынша көптеген игілікті істер атқаруда. Бұл серіктестіктің шапағаты біздің ауылға да тиюде. «Сыр күріші – ел ырысы» дегендей, Сыр салысын өңдейтін бүгін ашылып жатқан заманауи зауыттың облыс экономикасын дамытуға қосатын үлесі зор болады деп есептеймін. Өйткені серіктестік 5 мың гектардан астам алқапқа бітік егін өсіріп отыр, – дейді А.Тоқмағамбетов ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Бәрзу Жылқыбаев. Зауыттың салтанатты ашылуы болғаннан кейін Бесарық ауылына барып, егінжай ерлерімен жүздестік.
– Биыл 586 гектар алқапқа бітік егін өсірілді. Оның әр гектарынан 78 центнерден өнім алынып, 4570 тонна Сыр салысы бүгінде қырманға түсті. Әлі де соңғы гектарлар бастырылып жатыр. Шаруашылық бойынша 80 центнерден өнім алынады деп межелеп отырмыз, – дейді «Бесарық» ЖШС бас маманы Бейбіт Белгібаев. «Егіншіні кетпеннің жүзі асырайды» дегендей бесарықтықтардың жоғары көрсеткішке қол жеткізуі ала жаздай жемісті еңбек етуінің нәтижесі. Тәжірибелі басшы Мырзан Кішкенбаев жетекшілік ететін «Бесарық» ШҚ ерледі. Атап айтатын болсақ, Нағашыбек Әбдібеков өзіне бекітілген алқаптың әрбір гектарынан 86,3 центнерден, Зұлқарнай Имашев 75 центнерден, Ерлан Есназар 70 центнерден өнім жинады. Механизаторлардың да мерейі үстем болды. Бір маусымда дала кемесінің капитаны Әлімжан Өтепов шетелдік «Класс» комбайнымен 30 мың центнер астық бастырды. Озат күрішші Е.Есназар техниканы да шебер меңгерген механизатор. Ол бітік егін өсірумен қатар маусым кезінде комбайнға отырып, Сыр салысын дестеге салады. Сөйтіп күрішшімеханизатор биыл 250 гектар алқаптың күрішін оруды қамтамасыз етті. Тасымалда жүргізуші Талғат Кішкенбаев алдына жан салған жоқ. Ол маусымда 30 мың центнер астық тасымалдады. «Абай-Дәулет» ЖШС-не қарайтын «Бесарық» ШҚ мал шаруашылығымен де айналысады. Қожалық зоотехнигі Мүсілім Аяповтың айтуынша, шаруашылықта 3 мыңннан астам асыл тұқымды қылшық жүнді қой бар. Ақтылы қойға иелік ететіндердің барлығы жергілікті жігіттер. Олардың әкелері де кезінде ауылда қой баққан. Биыл облыс чемпионы атанған озат шопан Асан Әбдібековтың әкесі Орынбай шаруашылықта 40 жыл қой баққан. Ет бағытындағы қой өсіретін шопандар жаздай шөбі шүйгін, өрісті Сарысу бойын жайлады. Олардың баққан түлігі бүгінде шетінен қоңды. Аға шопандар Сейітбек Азаматов, Асқар Иманбаев, Руслан Бижанов, Жасұлан Қадырбергенов және тағы басқалар қазіргі таңда қысқы мал қыстатуға тыңғылықты дайындалуда. Қора-қопсы жөнделген, жем-шөп жеткілікті. Осы орайда жоңышқа өсіруші Қадір Махмудовтың ерен еңбегін айта кеткен абзал. Ол биыл 100 гектар жоңышқа алқабының әр гектарынан 45 центнерден өнім жинады. Егіні – бітік, малы – қоңды берекелі Бесарық еңбеккерлерінің қашанда жүзі жарқын, ауылдың абыройын адал еңбектерімен осылайша асқақтатып жатыр.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ