Еңбек озаттары марапатталды
"Алтын дән – 2019" мерекелік іс-шарасының салтанатты жиыны өтті. Аудандық мәдениет үйінде еңбек озаттарын марапаттаған аудан әкімі Р.Рүстемов дала еңбеккерлерінің тынымды тірліктері мол екендігін тілге тиек етті.
Салтанатты шара мәдениет қызметкерлерінің арнайы қойылымымен бастау алды. Алтын күріштен мол өнім алу үшін қолайлы жер іздеген ауыл баласының дәнді жерге егіп, күтіп баптап кейіннен мол дақылды жинаған еңбеккерлердің құрметіне қойылған қойылым көптің көңілінен шықты.
Аудан әкімі Р.Рүстемұлы: "Дана халқымызда «Әлемнің әміршісі – еңбек» деген тағылымы мол сөз бар. «Еңбек еткеннің еңсесі биік» екенін ескерсек, күз маусымы – дала еңбеккерлерінің мерейі тасып, абыройы асқақтайтын берекелі кезең. Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының негізінде ауылшаруашылығы саласы айрықша дамыды. Соның негізінде жыл сайын сырбойылық дихандар күріштен мол өнім жинап, рекордтық көрсеткішті бағындырып келеді. Міне, биыл да ел қамбасын алтын дәнге толтырған аудан егіншілері сенім үдесінен шығып, ризық-несібесін ысырапсыз жинап алды. Бұл мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың және қажырлы еңбектің жемісі екені анық. Сонымен бірге, берлесе атқарған жұмыстардың жарқын көрсеткіші аудан жұртшылығының ынтымақ-бірлігінің айқын көрінісі екенін атап өткеніміз жөн. Аграрлы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа белестерге көтерілді. Ілгері басуға бағытталған бастамалар тұрғындардың әлеуетін көтеру мен ауданды өркендетуге бағытталуда. Биыл Сырдария ауданы бойынша 21 050 гектар жерге күріш дақылы егілді. Орташа есеппен гектарынан 63,5 центнерден өнім алынып, барлығы 1 млн. 337 мың 533 центнер астық жиналды, – деп егін саласы бойынша аудан озаттарын марапаттады.
Мерекелік шарада әуезді әндер шырқалып, көрермендер назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.
Майя ҚОЖАБАЙ