Алғысты дәмету
Бір ауылда даналығымен танымал қария тұрыпты. Оған ақыл-кеңес сұрау үшін көрші ауылдардан да адамдар келеді екен. Күндердің бір күні әлгі қарияға көрші ауылдан бір кісі келіп:
- Сіздің атыңызды естісек риза болып отырамыз. Сіздің алдыңызда қарыздар екеніміз де рас. Осы беделіңізді ескере отырып, үйге арнайы қонаққа шақырғалы келдім, - дейді.
Қария қарсы болмай, шақырған жерге қамданады.
Қария әлгі үйге барғанда, жайқалып тұрған дастарханға тап болады. Дайындалған астың түрлі-түрлісін жеген қария тойғаннан соң, орнынан тұруға ыңғайлана бергенде, үйдің иесі таңырқаған кейіппен:
- Оу, ақсақал! Мен сізге арнайы дастархан жайдым. Маған ешқандай айтар алғысыңыз жоқ па? - дейді.
Қария:
- Сіз дәм татыңыз деп шақырып едіңіз ғой. Алғыс айтуға шақырғаныңызды білмейді екем, - деп, үйден шығып кете барады.
Мұндай жауапты күтпеген үй иесі, кариядан өш алмақ болады. Оған қайткен күнде де алғыс айтқызармын деп бекінеді.
Күндердің бір күні жаңбыр қатты жауып тұрғанда әлгі қария үйге кіріп келіп:
- Далада қатты жаңбыр жауып тұр! Маған қолшатырыңызды бере тұрасыз ба? - дейді. Үй иесі сәті түскен мүмкіндікке қуанып, сыпайы түрде, қарияға шатырын ұстатып жібереді. Осы жолы міндетті түрде алғысын аламын деп ойлайды. Бірақ қария қол шатырды өзі әкелмей, шәкіртінен беріп жібереді. Шәкірті де ұстазы сияқты еш алғыс айтпай қол шатырды ұстатып кете беріпті.
Араға бірнеше күн салып қариямен бір үйде дастархандас болып қалады. Мәселені шешетін уақыт келді-ау деп, әңгімені бастайды:
Өткен күні қатты жаңбыр жауғанда, судың астында қалып, сырқаттанып қалмадыңыз ба?
Жоқ, аурудан аманмын. Қолшатырыңызды шәкіртімнен беріп жіберген едім ғой, алған боларсыз?
Иә, алдым. Ұмытпай жібергеніңізге рахмет, - деді де, қарияның орнына өзі алғыс айтып отырғанын байқап ашуланады. Қария оның бетіне карап күлімсіреп отыра береді. Одан әрі шыдамай, әлгі кісі орнынан атып тұрып:
Оу, қария! Сізді де дана дейді-ау елдер! Көргенсіз екенсіз! Жасаған осыншама жақсылығыма кем дегенде бір рахметіңізді айтсаңыз неңіз кетеді! - дегенде қария байыппен, былай жауап қайырған екен:
Мен сізге деген алғысым мен ризашылығымды ұдайы ішімнен айтып, жақсылығыңызды ұмытқан емеспін. Егер де адам жасаған жақсылығы үшін алғыс дәмететін болса, жасағаны шынайы жақсылық болмайды. Сіз жақсылықтың ақысына елдің ризашылығын не болмаса алғысын алам деп дәметпеуіңіз керек. Жақсылық жасаған кезіңіздегі қуаныш сіз үшін жеткілікті болуы керек. Жақсылықтың негізі - осы. Егер де ақысын күтетін болсаңыз, тек қана өз-өзіңізді алдаған боласыз. Адамдардың болмысы мақтан сүйгіш әрі менмендеу келеді. Жақсылықты жеке өзіңіздің мақсатыңызға сүйеніп жасасаңыз, қателесесіз. Егер де еш алғыс дәметпей адамдарға жақсылығы тисе болғаны деп жасасаңыз ешкімнен ешқашан көңіліңіз қалмайды.
ummet.kz