Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Асқардағы егін тойы

Асқардағы егін тойы

Диқандар көктем-жаз бойғы еңбектерінің жемісін көруге кірісіп кетті. Кеше А.Тоқмағамбетов ауылындағы «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС алқабына орақ түсіп, шаруалар тынымсыз тірлікке көшті.
Биыл шаруашылықтың 855 гектар алқапқа сары алтынды, 45 гектарға жаздық бидай, 130 гектарға жаңа жоңышқа ексе, 330 гектар ескі жоңышқаны күтіп-баптаған. Салтанатты шараға аудан әкімі Руслан Рүстемов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов және аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров пен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып қатысып, егін жинау маусымының лентасын қиды.
Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Руслан Рүстемұлы егіншілікпен айналысатын әрбір ауылда егінге орақ түсу салтанатты мереке екенін жеткізді. «Бұл елдің тоқсан күн бойы төккен терінің өтеуі қайтатын мезет. Аудан бойынша жаз бойы даланың төсінде жұмыс жасап, үлкен еңбектің көрігін қыздырған диқандардың қамбасы астыққа толы болсын» деген ақжарма тілегін білдірді. Әлемде күріштен рекордтық өнім алған Ыбырай Жақаевтың: «Еңбек, содан соң еңбек және еңбек» керек деген ұранын еске салып, адал еңбек еткеннің мерейі үстем болатынын айтты. Кейін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы П.Әлиакбаров сөз сөйлеп, ақ батасын берді. Қызыл лента қиылған соң, шаруашылық комбайны қызу тірлікке кірісіп кетті.
«А.Тоқмағамбетов ЛТД» серіктестігі 2003 жылы құрылып, бүгінге дейін егінмен айналысып келеді. Серіктестіктің негізгі бағыты – егін егу. Қожалық директоры М.Есжанов бүгінде шаруашылықта 120 адам тынымсыз еңбек етіп, 15073 гектар аймақты игеріп жатқанын жеткізді. Оның ішінде 2002 гектар егістік алқапқа тиесілі болса, жайылымдық жер көлемі 12516 гектар жерді құрайды. 855 гектар алқаптағы күріш дақылын тыңайтқышты үстеп қоректендіріп, арам шөпке қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілгенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда шаруашылық құрылымы ескі жоңышқа дақылының екі орымын аяқтаған. Одан 744 тонна мал азықтық шөп жиналып, орта өнім 24,0 центнерден келді. Шаруашылық базасында 1 бастыру комбайны, 2 жатка, 2 ХТЗ, 4 МТЗ және 2 ауыл шаруашылығы машинасы бар. Бұл техникалар күздің алтын дәнін теріп-жинауға жұмылдырылған.

Майя ҚОЖАБАЙ

11 қыркүйек 2019 ж. 820 0