Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ


Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірменді дихандар!
Сіздерді Дала еңбеккерлерінің жемісті мерекесі - «Алтын дән» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Дана халқымызда «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген тағылымды сөз бар. Күз маусымы – дала еңбеккерлерінің мерейі тасып, абыройы асқақтайтын кезең. Аудан дихандары биыл да күріштен мол өнім жинады. Ел қамбасы алтын дәнге толып, дала академигі Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары ауа райының қолайсыздығына, судың тапшылығына қарамастан ел ырысын ысырапсыз жинап алды.Бұл аудан жұртшылығының ынтымақ-бірлігінің, бірлесе атқарған қажырлы еңбегінің жемісі.
Сырдария ауданы бойынша биыл 20 мың 874 гектарға күріш дақылы егілді. Орташа есеппен гектарынан 53 центнерден өнім алынып, барлығы 1 млн. 96 мың центнер астық жиналды.
Облыс орталығында егін жинаудың қорытындысы бойынша өткен салтанатты жиында «Мағжан және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Озат шаруашылық» номинациясының ІІ-дәрежелі дипломымен марапатталса, «Қызылдихан» шаруа қожалығының өндіріс бригадирі Қожанов Сәрсенбай 110 гектар күріштің әр гектарынан 82 центнерден өнім жинап,«Озат бригадир», «Мәді Қажы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күрішшісі Әбдіқадіров Сапабек 30 гектар күріштің әр гектарынан 108 центнерден өнім алып, «Озат күріш өсіруші», «Бесарық» шаруа қожалығының жоңышқа өсірушісі Ермеков Болат 470 гектар жоңышқаның әр гектарынан 65 центнерден өнім жинап,«Озат жоңышқа өсіруші», Ақжарма және К» фермер қожалығының агрономы Ысқақов Ғанибек «Озат агроном» номинациялары бойынша марапатталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен» «Бақ» шаруа қожалығының төрағасы Әбжәлиев Серік,«Еңбек даңқы» төс белгісімен (І-дәрежелі)«Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәрсенбаев Мұрат,«Ы.Жақаев атындағы төсбелгімен» «Қызылдихан» шаруа қожалығының күрішшісі Тасберген Нұрхан марапатталды.
Биылғы жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арасында «Мағжан және К» (директоры Ерәлиев Дархан) 2247 гектар күріштің әр гектарынан 73 центнерден,«Шаған-Жер» (директоры Қадіров Бердібек) 2900 гектар күріштің әр гектарынан 51 центнерден, «Мәді Қажы» (директоры Сұлтанов Сейткамал) 2500 гектар күріштің әр гектарынан 50 центнерден, «А.Тоқмағанбетов» (директоры Есжанов Меңдіғали) 768 гектар күріштің әр гектарынан 53,6 центнерден өнім жинады.
Шаруа қожалықтары арасынан «Бесарық» шаруа қожалығы (төрағасы Сәрсенбаев Даулет) 486 гектар күріштің әр гектарынан 67центнерден, «Қызылдихан» шаруа қожалығы (төрағасы Құлбаев Алданберген) 770 гектар күріштің әр гектарынан 61 центнерден, «Құндыздымай» шаруа қожалығы (төрағасы Рақмет Бөлеген) 725 гектар күріштің әр гектарынан 60 центнерден, «Ақжарма-1» шаруа қожалығы (төрағасы Айтанов Шакизамен) 1147 гектар күріштің әр гектарынан 56 центнерден Сыр маржанын жинады.
Биылғы жылы майлы дақылдар жоспар бойынша 300 гектарға егіліп, мақсары дақылының өнімі 25 пайызға артығымен орындалды. 
2018 жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласына 1 млрд 244 млн теңге инвестиция салынды.
Ауданның ауылшаруашылық құрылымдары бюджеттен бөлінген барлығы 426 млн. 913 мың теңге субсидияны игерді.
Егін орағымен қатар, аудан еңбеккерлері алдағы көктемгі дала жұмыстарының негізін бүгіннен бастап қолға алуда. Сапасы жоғары 5180 тонна күріш тұқым қоры әзірленіп, 8000 гектар сүдігер айдалды, сондай-ақ, қысқа қажетті мал азығы қоры жасақталды.
Аудандағы барлық шаруашылық санаттарында төрт түлік мал басы 32 683 бас мүйізді ірі қара, 28 228 бас қой мен ешкі, 13 601 бас жылқы, 1 237 бас түйе, 14 253 бас құс өсірілуде. 
Төрт түлік мал басын өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 103%, қой мен ешкі 101%, жылқы 105%, түйе 102%, құс 103%-ға орындалды.
Есепті кезеңде аудан бойынша барлығы 2705 тонна ет (тірі салмақта),5101 тонна сүт, 131 мың дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет 101%, сүт 102%, жұмыртқа 105%-ға орындалды.
2018 жылы ауданда «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 11 шаруашылық қүрылымдары – 82 млн. теңге несие алып, 224 бас аналық сиыр, 12 бас асыл тұқымды бұқа, 118 бас аналық жылқы, 11 бас асыл тұқымды айғыр малдарын сатып алды. Ауданда «Сыбаға» бағдаламасы бойынша4 шаруашылық құрылымдары – 252 млн. теңге несие алып, төрт түлік мал басын алды.
«Шаған Жер» шаруашылығы, «Байқоңыр» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясымен», «Шаған Агрофуд» бірлескен кәсіпорнын құру арқылы мал сою алаңының құрылысын, ет өнімдерін өңдеу цехын, 1000 бас мүйізді ірі қара малдарын сатып алу жұмыстарын жүргізуде. Биылғы жылы осы серіктестіктің жарғылық капиталын ұлғайтуға 206 млн. теңге қаражат бөлінді.
Бүгінгі күнгі аталған серіктестіктің мал бордақылау алаңында 314 бас мүйізді ірі қара малдары бордақылануда.
Құрметті ағайын! Аталған жетістіктердің барлығы-үлкен еңбек пен зор ізденістің нәтижесі. Бүгінгі мерейлі мереке қарсаңында аудан халқының атынан ауылшаруашылық саласында еңбек етіп жатқан азаматтар мен ардагерлерге ерекше алғысымды және ризашылығымды бiлдiремін. Еңбек, молшылық мерекесі тағы да құтты болсын!
Ардақты ағайын!
Құрметті дала еңбеккерлері!
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін қолдауға ерекше басымдық берді. Бұл аграрлы ауданымыз үшін зор қуаныш және мүмкіндіктердің бастауы екені сөзсіз.
Жолдауда ел Президенті: «Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту және саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек» деді. Алдағы уақытта аудан еңбеккерлеріазық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында алға қойған міндеттерді толық орындайтынына сенім мол.
Аудан еңбеккерлерінің ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарына табыс тілеймін. Қамбамыз алтын дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың ырыс-несібесі арта берсін. Еліміз, Елбасымыз аман болсын!

Құрметпен,
Ғанибек Қазантаев,
Сырдария ауданының әкімі
01 қараша 2018 ж. 1 556 0