Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ аруының қадір-қасиеті жоғары

Қазақ аруының қадір-қасиеті жоғары

Қазақ қыздарының бітім-болмысын айшықтайтын тектілігі көпке үлгі. Инабатты, ибалы қалпынан таймаған олардың тұла бойында ерекше нәзіктік жатыр. ел арасында айрықша құрметке ие қазақ аруының қадір-қасиетін насихаттау біздің міндетіміз. Қашанда дәстүр сабақтастығын жан-жақты дәріптеп, өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие беруге бастамашы болып жүрген «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігі кезекті шарасын қазақ қыздарына арнады.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен аталған бірлестік «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» тақырыбында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы және «Жастар жылы» аясында мектеп оқушылары арасында шығарма жазу байқауын ұйымдастырды. Байқаудың қорытынды марапаттау кеші №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей акт залында өтті.
Негізінен байқауға ауданға қарасты 7 мектептен 50 бала қатысып, қазақ қызы хақында қалам тербеді. Ақтық кезеңде 20 бала іріктеліп, оның ішінен жеңімпаз анықталды. Өз кезегінде алғашқы 4 орынды жеңіп алған оқушылар арнайы тақырыпта жазылған шығармасын оқыды. Онда қазақ қызының барлық болмысын айшықтап, нағыз нәзіктіктен құралған кескін-келбетін көркем сөзбен суреттеді. Бүгінгі қазақ қызы ертеңгі аяулы жар, ардақты ана екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар ертеректе өмір сүрген қазақ қызының барлық қасиетін айта келіп, ұлт болашағына балта шаппау жөнінде айтты.
Байқау қорытындысында жүлделі ІІІ орынды №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Қ.Бекмағанбетова, ІІ орынды №137 орта мектептің оқушысы Т.Мәлік, І орынды №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей оқушысы Н.Әбіласан, бас жүлдені №137 орта мектептің оқушысы А.Талапбеков иеленді. Жеңімпаздар мен басқа да қатысушыларды «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева, еңбек ардагері А.Ізбасарова марапаттады. Шарада мектеп оқушылары ән айтып, би биледі.

Б.ОРДАБЕКОВ

12 қазан 2019 ж. 534 0