ҰЛТТЫҚ ОЙЫН ҰЛЫҚТАЛДЫ
Бүгінде ұлттық салт-санамыз, мәдениетіміз ерекше дәріптеліп, кеңінен насихатталуда. Құндылықтарымыз қайта жаңғырып, жас ұрпаққа айрықша мән-мағынасы бар тәрбие ретінде үйретіліп келеді. Оның ішінде ұлттық ойындарымыз бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жоғалтқан емес. Жақында кентке қарасты №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектепте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп оқушылары арасында мектеп мұғалімі Е.Мақсұтұлының ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен аудандық жарыс өткізілді. Жарысқа аудан бойынша 7 білім ордасы оқушылары қатысып, өзара жеңімпаздар анықталды.
Шараның мақсаты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын көпшілікке түсіндіре отырып, ұмыт бола бастаған ұлттық спорт түрлерін жаңаша сипатта жарыққа шығару болып табылады. Сонымен қатар педагогтар оқушылардың тарихи құндылығымызға деген қызығушылығын арттырып, салт-дәстүрімізге құштарлығын оятуды басты парыз санайды. Негізінен жарыста асық ату, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ ойындарынан оқушылар сынға түсті. Асық атуда балаларға асықты ұстау тәртібі, ойын ережелері түсіндіріліп, келешекте дағдылы қалыпта ойнауға шақырды. Осы жарыс бойынша жүлделі, бірінші орынды Ә.Айтуарұлы, екінші орынды Е.Айбекұлы, үшінші орынды М.Орынтаев, иеленсе, жылдамдық пен шапшаңдықты керек ететін және де дене қимылын жақсартатын ұлттық ойынымыз ләңгі тебуден бірінші орынды М.Маратов, екінші орынды О.Батырбеков, үшінші орынды А.Асан өзара бөлісті. Ой мен білімді таразылайтын тоғызқұмалақ ойынынан бірінші орынды №210 орта мектебі, екінші орынды №35 мектеп-лицей, үшінші орынды №36 мектеп лицей еншіледі. Жалпы ұпайлардың нәтижесінде білім ордалары аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Суюбаева мен аудандық жастар ресурстық орталығы КММ директоры Е.Жақыповтың «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Б.ОРДАБЕКОВ