Айтылған тапсырма орындалуы тиіс
Аудан әкімі Р.Рүстемов аудан орталығындағы бірқатар мекемені аралады. Атап айтқанда, Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің, «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» комМерциялық емес АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық бөлімінің жұмысымен танысты.
Мекеме басшылары өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Қазіргі таңда аудан халқы сапалы ауыз суды тәулік бойына тұтынып отыр. Аудандағы су жүйесінің ұзындығы 439,86 шақырымды құрайды. Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесі осы жұмысты үйлестіріп отыр. Ал табиғат сақшылары аң-құстарды қорғап, орман-тоғай өртін болдырмау бағытында тиісті жұмыстарды атқаруда. Мекемеге қарасты 236 530 гектар жердің нысаналы пайдаланылуын бақылап, қоршаған ортаны сақтауға бар күш-жігерлерін жұмсауда.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық бөлімінде де тұрғындарға сапалы қызмет көрсетілуде. Қазір мемлекеттік қызметтер электронды түрде көрсетілетінін ескерсек, мұнда жұмыс ауқымы кең. 9 айдың қорытындысында 25598 құжат қабылданып, барлық қызмет уақытылы іске асырылған.
Аудан басшысы кенттегі «Сырдария Сушар» өндірістік бөлімшесі, аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы, аудандық Қазынашылық басқармасы, аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы пен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, ҚРДСМ ТКҚСҚБК «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының аудандық бөлімшесі мен аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімін аралап көрді. Мекемелердің сыртқы, ішкі жай-күйімен, атқарып жатқан жұмыстармен танысты.
Биыл аудан шаруашылықтарын қажетті сумен қамтуда тапшылық болған жоқ. «Сырдария Сушар» өндірістік бөлімшесінің басшысы Б.Искаков осыны мәлімдеді. Бұл тұрғыда мәселе туындамаған. «Жақсы сушының артынан су ереді, жаман сушының артынан шу ереді» дегенді айтқан аудан әкімі тиісті жұмыстарды атқаруға тапсырма берді. Ал ауданның өркендеуінде салық базасын нығайту – негізгі жұмыстың бірі. Сондықтан сала қызметкерлері экономиканың драйвері саналатын салықтың уақытылы түсуін үнемі қадағалауда ұстау қажет. Аудан қазынашылары да бюджет шығысының экономикалық классификациясының негізінде мақсатты жұмсалуын бақылауда тиімді жұмысты үйлестіруі міндет.
Аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы пен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Е.Ұзақбаев аудан әкіміне жылу маусымына қатысты мәселе қозғады. Қазіргі таңда мекеменің кейбір бөлмелері бос. Сондай-ақ бір мекемеге арналған бу қазандығын қос мекеме тұтынып отыр. Соның әсерінен мекеме іші қыста салқын болады. Аудан басшысы бұл мәселені шешуде бірлескен жұмыс жасалатынын айтты.
Сондай-ақ Руслан Рүстемұлы аудандық сайлау комиссиясы ғимаратын, аудандық әуез мектебі, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясын, кенттегі коммуналдық базарды аралап шықты. Аудан басшысы аудандық сайлау комиссиясы ҚР Сайлау туралы Конституциялық Заңы талаптарының қатаң сақталуын назарда ұстап, комиссия мүшелері біліктілігін арттырып отыру керектігін айтты. Және де саяси науқандарды абыроймен атқаруға тілектестік білдірді. Аудандық әуез мектебінде домбыра, фортепиано, би және басқа да үйірмелер жұмыс істейді. Мектеп ұстаздары аудан мәдениетін дамытуда елеулі еңбек етуде. Мұнда ұлттық өнерді дәріптеп, оны дамытуға қатысты мәселе қозғалды. Атап айтқанда, мектеп аспаптарын жаңартуға алдағы уақытта жұмыс жасалмақ. Ал аудан айнасы саналатын «Тіршілік тынысы» газетіне биыл 80 жыл толды. Жыл көлемінде мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Қазір кент тұрғындары коммуналдық базардан құрылыс материалдарын алуға дағдыланған. Мұнда сауда орталықтары жұмыс істеп тұр. Керек-жарақтың бәрі бар. Азық-түлік те осында сатылуда. Алдағы уақытта базар жұмысын кеңейту жұмыстары жүрмек.
Әрбір мекеме жұмысымен танысқан аудан басшысы сала жұмысын жандандырып, халыққа сапалы қызмет көрсетуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
Е.БЕРКІНБАЕВ