Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Галстуксыз кездесу

Галстуксыз кездесу

Бұрнағы күні аудан әкімі Руслан Рүстемұлы жалынды жастармен кездесті. «Жалын» тынығу лагері базасында өткен бұл жиын елді мекен белсенділерімен еркін форматта өткізілді. Ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен бөлім басшылары жиналған кездесуді аудан жастарының көшін бастап жүрген орталық директоры Ғ.Оралов жүргізіп отырды.
Жас кәсіпкердің, әртүрлі саладағы жас мамандардың басы қосылған жиында ұлттық құндылық, білім мен тәрбие жөнінде тағылымды ойлар айтылды. Аталған шараға елді мекендерден 100-ге тарта белсенді жас қатысты. Кездесуде алғаш болып сөз алған аудан басшысы жастарды әрдайым қолдайтынын жеткізе отырып, аудан жастарының өзекті деген мәселелеріне тоқталды. – Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни біздерге бұйырған бақыт деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында жастарға ерекше мән берді. Мәселен, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруды Үкіметке тапсырды. Келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыру 20 миллиард теңгеге жеткізіледі. Сондай-ақ дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау, барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керектігін айтты. Ал бизнеспен айналысамын деген жастарымыз үшін мемлекет алдағы уақытта да қолдау көрсете береді, – деген аудан басшысы жастарды өздерінің мүддесі үшін емес қоғам мүддесі үшін қызмет етуге шақырды. Кездесуде аудан жастары өз ұсыныс-пікірлерін айтып, сұрақтар қойды. Айдарлылық Ө.Есболатов ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды спортқа баулу бағытында спорттық құрал-жабдықтар алуға қолдау көрсетуді сұраса, аманкелділік жас Н.Әбдірәсілов еркін форматтағы кездесу ауылдық округтерде де ұйымдастырылса деген ұсынысын жеткізді. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берген аудан әкімі жас буын өкілдеріне ізденісті серік етіп, әркез білімдерін жетілдіріп отыру керектігін айтты. Сондай-ақ төртінші өнеркәсіптік револиюция кезеңіндегі дамудың жаңа белестерін бағындыру үшін жастар білімді ғана емес, білікті болуы қажеттігіне назар аударып, жаңа мамандықтар бойынша білім алудың маңыздылығын атап өтті. – Сапалы ұлттық адами капитал – әр жастың тұлға және маман ретінде қалыптасып, жетілуіне қатысы бар барлық саланың тиімді жұмысынан құралатын ортақ нәтиже. Сондықтан адами капиталды жақсарту – салааралық негіздегі жүйелі жұмысты талап ететін күрделі міндет. Қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, бір де бір жасты назардан тыс қалдырмай, нәтижелі жұмыс жасауымыз керек. Ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді жастар тиімді пайдаланса, өмірден өз орнын табады, ата-ана үмітін, ұстаздар сенімін ақтайды деп ойлаймын, – деді аудан әкімі. Сонымен бірге, кездесудің қорытындысында арнайы хаттамалық тапсырмалар беріп, оның орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтты. Жиынға қатысқан жастарға ризашылығын білдірген аудан басшысы жас буын өкілдеріне өмірде сәттілік, жұмыста жеміс тіледі. – Бүгін өздеріңізбен ашық сырласып, пікір бөлістік деген ойдамын. Айтар ойымыз еркін, сөйлер сөзіміз нық, істеген ісіміз нәтижелі болса, бұл біз үшін тағы бір белесті бағындыру болмақ. Сіздерге әрдайым үміт артып, сенім білдіріп отырамыз. Сондықтан сенімге селкеу түсірмей, үмітті ақтайды деген ойдамын, – деген аудан басшысы кездесу соңында ағымдағы жылы орын алған төтенше жағдай барысында Арыс қаласын қалпына келтіруге ерікті түрде атсалысқан бірқатар аудан жастарын Алғыс хатпен марапаттады.
Майя ҚОЖАБАЙ
08 қазан 2019 ж. 512 0