Спорт саңлақтарының жарқын жеңісі
Сырдария ауданында бұқаралық спортты дамытуға, жасөспірімдерді спортқа баулуға және олардың шеберлігін шыңдауға бағытталған жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде, ауданның әрбір жас спортшысы облыстық және республикалық деңгейдегі додада бақ сынап, жүлделі орыннан көрініп жүр. Әсіресе ауыл жастары арасында ұйымдастырылатын спорттық жарыста сырдариялық өрендер өздерінің дайындығы мен шеберлігін танытуда.Жақында Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының «Ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындарының» жалауы желбіреді. Ауыл жастарының спорттағы қабілетін шыңдап, үздіктерді анықтайтын дүбірлі додада Қызылорда облысының құрама сапында Сырдария ауданының жас спортшылары да өнер көрсетті.
Жарыстың дзюдо бәсекесінде 2011-2012 жылдары туған жасөспірімдер арасында №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі тәрбиеленушісі Мадияр Дастанов жекелеген қарсыласынан басым түсіп, жүлделі ІІ орынға ие болды. Ал қазақ күресінен 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында бақ сынаған Арнұр Абдикаримов жарыстың ІІІ орын жүлдегері атанды. Жас балуандарды жарысқа дайындаған жаттықтырушы-оқытушы қатарында Шоқан Уалиханов пен Руслан Алтынбеков бар.
Ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындары аясындағы тоғызқұмалақ бәсекесінде де Қызылорда облысының құрама командасы жақсы нәтиже көрсетті. Тартысты өткен интеллектуалды сайыста облыс құрамасы 30 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте ІІ орын иеленді. Құрама сапындағы спортшылар жекелей тақталар бойынша да жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Ертай Ернар, Нұрланұлы Нұрмат және Нұржанұлы Нұрмат ІІ орыннан, ал Анель Әлмағанбет ІІІ орыннан көрінді. Жекелей сында сырдариялық Нұржанұлы Нұрмат күміс жүлдеге ие болды. Тағы екі жерлесіміз Айбике Маратбекова мен Дилияра Федотова да өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Тоғызқұмалақшыларды ауданнан білікті бапкер Білімжан Елеусінов бастап барды.
Сыр өңірінің спортшыларының бұл жетістіктері олардың республикалық деңгейдегі бәсекелерде де лайықты өнер көрсетіп жүргенін аңғартады. Ұлттық спорт пен зияткерлік ойындарды қатар меңгерген жас өрендердің нәтижесі – тынымсыз дайындық пен бапкерлер еңбегінің жемісі.
Ал облыстық деңгейдегі жарыстарда да сырдариялық спортшылардың қоржыны жүлдеден кенде емес. Қызылорда қаласында өткен «Ауыл SPORT-2026» өңірлік турнирінде ауданның жас теннисшілері шеберліктерін сынады. Үстел теннисінен 10 жасқа дейінгі қыздар арасында өнер көрсеткен Адина Асан ІІІ орын иеленсе, Ислам Серікбол жарыстағы жақсы көрсеткіші үшін «Үздік спортшы» номинациясымен марапатталды. Жас теннисшілерді жарысқа дайындаған жаттықтырушы-оқытушы – Бағдат Абдурахманов екенін айта кетейік.
Осы турнир аясында бокстан да ауыл жастары арасында тартысты бәсеке ұйымдастырылды. Сырдария спорт клубының бокс бөлімшесінің спортшысы Аян Іскендіров жүлделі ІІІ орын иеленіп, аудан абыройын асқақтатты. Бапкері Бексұлтан Зарлықовтың еңбегін бұл ретте айта кету керек.
Аудан спортшылары шахматтан да жоғары нәтижелер көрсетуде. Дәл осы «AUYL SPORT-2026» жарысында №129 «Ә.Жәмішев» атындағы орта мектеп пен №12 Сырдария аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері бақ сынады. Нәтижесінде, Байдаулет Сайлаубек, Сабина Абылай және Алтынай Үсенқызы І орын иеленсе, Нұрмина Нұрлан, Саят Ахмет және Жәния Жорабек ІІ орын, Ақжол Үсенұлы ІІІ орын алды.
Жарыс қорытындысында Досымжан Маханбетов «Үздік ойыншы», ал Үсен «Маханбетов Үздік бапкер» номинациясымен марапатталды. Жүлдегер шахматшылар қараша айында Астана қаласында өтетін республикалық турнирде бақ сынап, өз шеберліктерін ел көлемінде көрсетуге мүмкіндік алады.
– Бүгінде ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы артып, жасөспірімдеріміз түрлі деңгейдегі жарыстарда өз қабілеттерін көрсетіп келеді. «Ауыл SPORT – 2026» турнирінде шәкірттеріміздің бірнеше жүлделі орынға ие болуы – біз үшін үлкен қуаныш әрі еңбегіміздің нәтижесі. Шахмат – баланың логикалық ойлау қабілетін дамытып, сабырлылыққа, ұқыптылыққа және дұрыс шешім қабылдауға үйрететін спорт түрі. Жарыс барысында шәкірттеріміз өздерінің дайындық деңгейін көрсетіп, тартысты ойындарда жақсы нәтиже көрсетті. Жүлделі орындармен қатар «Үздік ойыншы» және «Үздік бапкер» номинацияларының берілуі де біз үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Ең бастысы – балалардың жеңіске деген талпынысы. Алдағы уақытта да шәкірттеріміздің шеберлігін арттырып, республикалық жарыстарда ауданның, облыстың намысын абыроймен қорғауына бар күшімізді саламыз. Қараша айында Астана қаласында өтетін республикалық додада да жақсы нәтиже көрсетуге дайындалып жатырмыз. Жас шахматшыларымызға сәттілік тілеймін, – деді Үсен Маханбетов.
Жалпы, соңғы жарыстардағы нәтижелер Сырдария ауданында спорттың түрлі бағыттары бойынша жасөспірімдер арасында жүйелі дайындық жұмысы жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Дзюдо мен қазақ күресінен бастап, тоғызқұмалақ, шахмат, бокс және үстел теннисіне дейінгі спорт түрлерінде аудан жастарының жүлделі орыннан көрінуі – соның айқын дәлелі.
Каратэ WKF бойынша «Auyl Sport -2026» өңірлік турнирінде №11 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жас спортшылары бақ сынап, жоғары нәтижелер көрсетті. Жарыстың кумитэ бағдарламасында өнер көрсеткен жас каратэшілер жүлделі орындарға ие болып, өз шеберліктерін дәлелдеді. Атап айтқанда, Бақытбек Нұрасыл І орын, Қазыбек Асылжан және Нұрбекұлы Бибарыс ІІ орын, Нұрлыбекұлы Әділет ІІІ орын иеленді. Жас спортшыларды жарысқа дайындаған жаттықтырушы-оқытушы Салтанат Мырзабекова шәкірттерінің спорттық шеберлігін шыңдап, жарысқа жан-жақты дайындауға үлес қосты.
Жас спортшылардың әрбір жеңісі – олардың жеке жетістігі ретінде бағаланып қоймай, Сырдария ауданының спорт саласындағы абыройын арттыратын маңызды көрсеткіш. Алда талай бәсеке бар. Жас өрендердің жеңісті жолын жалғастырып, аудан мен облыс намысын республикалық және халықаралық додада абыроймен қорғауына тілектеспіз.
Б.АЯБЕКҰЛЫ








