Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№73 газет

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 газет

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 газет

19 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Туризм – таным мен тағылым тоғысқан сала

Туризм – таным мен тағылым тоғысқан сала

Саяхат – санаға серпіліс, көңілге шабыт сыйлайтын ерекше құндылық. Адам баласы жаңа мекенге табан тіреген сайын сол жердің табиғатын тамашалап қана қоймай, тарихымен танысып, мәдениетін зерделеп, салт-дәстүрі мен тыныс-тіршілігін таниды. Осы тұрғыдан алғанда туризм – демалыс пен саяхаттың ғана емес, елдер мен халықтарды жақындастыратын, тарихи-мәдени мұраны дәріптейтін, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды сала. Биыл 27 қыркүйекте Халықаралық туризм күні аталып өтілді. Атаулы күннің негізгі мақсаты – туризмнің қоғам мен экономикадағы маңызын айқындау, саяхат мәдениетін насихаттау, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен мәдени байланысты нығайту. Бүгінде туризм әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі саналады. Қазақстанда да ішкі және халықаралық туризмді дамытуға айрықша мән беріліп, өңірлердің туристік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Осы ретте Сырдария ауданының да өзіндік туристік мүмкіндігі бар. Аудан аумағында қазіргі таңда екі туристік нысан – Ақжарма ауылындағы «Нұрлы жол» және Шаған ауылындағы «Керуен» нысаны қызмет көрсетеді. Аталған нысандарға қатысты белгіленген межелер тоқсан сайын орындалып келеді. Аудан тұрғындары мен сырттан келетін қонақтарға қызмет көрсету мәдениетін қалыптастырып, туристік бағыттағы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамытуға мүмкіндік беруде.

Шаған ауылындағы туристік сервисті одан әрі жетілдіру мақсатында жаңа нысанның құрылысына да көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда мұнда монша, автосервис және тамақтану орны секілді қызмет түрлерін қамтитын сервистік объектінің құрылысы аяқталды. Жақын күндері нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Өз кезегінде аудан аумағы арқылы өтетін саяхатшыларға қолайлы жағдай жасап, туристік қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді.

Туризмді дамыту тек арнайы туристік нысан мен сервистік объектілердің санын көбейтумен шектелмейді. Ол ең алдымен өңірдің өзіндік ерекшелігін таныта алатын тарихи, мәдени, табиғи және әлеуметтік құндылықтарды кеңінен насихаттауды қажет етеді. Сырдария ауданында мәдени ескерткіштер мен арнайы туристік орындар туристік объектілер қатарына енгізілмеген. Бұған мәдени ескерткіштердің қазіргі жай-күйі мен орналасу ерекшеліктері әсер етеді. Дегенмен бұл ауданның туристік әлеуеті жоқ дегенді білдірмейді.

Керісінше, Сырдарияның туристік болашағын ауданның өзіндік тарихы, ауылдардың қалыптасу жолы, еңбек адамдарының өнегесі, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері, ұлттық салт-дәстүрі мен қонақжайлық мәдениеті арқылы қалыптастыруға болады. Әсіресе соңғы жылдары аудан аумағындағы елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қызығушылық танытатын саяхатшылардың қатары артып келеді.

Бұл ретте, Нағи Ілиясов ауылының орны ерекше. Еңбек пен елдіктің, жаңару мен жасампаздықтың үлгісіне айналған ауыл бүгінде тек Сыр өңіріне ғана емес, республика көлеміне танымал елді мекендердің біріне айналды. Ауылдың абаттандырылуы, әлеуметтік нысандарының жаңаруы, еңбек мәдениеті, ауыл шаруашылығындағы жетістіктері мен қоғамдық өмірі сырттан келген қонақтардың қызығушылығын тудырады.

Нағи Ілиясов ауылының республика бойынша туристік ауылдар санатына енуі де – осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Зор мәртебе ауылдың туристік әлеуетін танытып қана қоймай, оның тәжірибесін, өзіндік келбетін және ауылдық аумақтарды дамыту үлгісін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Сырдария ауданына келетін саяхат­шы­лардың географиясы да біртіндеп кеңейіп келеді. Жақында Қазақстанның 195 ауданын автостоппен аралап, елдің әр өңірін зерттеп жүрген саяхатшы Мәди Әлмұрат Нағи Ілиясов ауылына арнайы ат басын бұрды. Оның сапары – аудан аумағының саяхатшылар назарынан тыс қалмайтынын көрсететін мысалдың бірі.

Автостоппен саяхаттау – елді мекендердің тыныс-тіршілігін жақыннан танып, жол бойындағы адамдармен тілдесіп, жергілікті жердің ерекшелігін өз көзімен көруге мүмкіндік беретін саяхат түрі. Қазақстанның көптеген ауданын аралап жүрген саяхатшының Сырдарияға келуі ауданның ауылдық жерлеріне деген қызығушылықтың бар екенін аңғартады. Әсіресе Нағи Ілиясов ауылына сапар жасауы оның республика көлеміндегі өзіндік танымалдылығын тағы бір мәрте көрсетеді.

Сырдария жеріне қызығушылық танытып жүргендер қатарында шетел азаматтары да бар. Аудан аумағы мен оның төңірегін велосипедпен аралап, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып жүрген өзге ел азаматтарын кездестіруге болады. Велосипедпен саяхаттау арқылы олар Сыр өңірінің табиғатын, ауылдық жерлердің ерекшелігін, жергілікті халықтың тұрмысын сырттай бақылап қана қоймай, Қазақстанның аймақтық болмысын жақынырақ тануға мүмкіндік алады.

Ауданның туристік әлеуетін танытуда әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың да мүмкіндігі мол. Бүгінде саяхатшылар белгілі бір елді мекенге бармас бұрын оның ерекшелігі, жол жағдайы, тамақтану орындары, демалыс орындары мен көрікті жерлері туралы ақпаратты интернеттен іздейді. Сондықтан Сырдария ауданының туристік орындары мен ауылдарының ерекшеліктерін заманауи форматта таныстыру – келушілер санын арттырудың тиімді жолдарының бірі.

Туризм – бір күнде қалыптасатын сала емес. Ол жүйелі жұмысты, инфрақұрылымды, сапалы қызметті және ең бастысы туған өлкенің ерекшелігін дұрыс таныта білуді қажет етеді. Сондықтан Сырдария ауданында туризмді дамытуға бағытталған әрбір қадам ауданның экономикалық мүмкіндігін арттырумен қатар, оның танымалдылығын көтеруге де қызмет етеді.
Халықаралық туризм күні – саяхаттаудың маңызын ғана емес, туған жерді танып-білудің де мәнін еске салатын атаулы күн. Өзге елдерге саяхаттау арқылы дүниетанымды кеңейтсек, туған өлкенің көрікті жерлерін аралау арқылы ел тарихына, жердің қадіріне терең бойлаймыз.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі Сырдария аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі тарапынан жалғасын тауып, туған жерді танығысы келетін саяхатшының қатары арта түсері сөзсіз. Себебі туризм – жаңа жерді көрумен қатар, жаңа дүниені тану. Ал туған өлкені таныту – оның тарихын, мәдениетін, еңбегін және бүгінгі жетістігін дәріптеуден басталады.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
Фото: ашық дереккөзден
29 қыркүйек 2026 ж. 52 0