Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда қанша мың ардагер бар?

Ауданда қанша мың ардагер бар?

«Қарты бар үйдің – құты бар» дейді дана халқымыз. Қашанда шаңырақтың берекесін кіргізіп, өнегелі ісімен көпке үлгі бола білген қазыналы қария­ларымыз – елдің ұйытқысы. Олар ынтымақтың, бірліктің сақтаушысы, қоғамның ақылшысы.
Ұлы өзенмен аттас ауданда 4 мыңнан астам ардагер бар. Сонау 1987 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан аудандық ардагерлер ұйымы қарияларға тағылымды шаралармен құрмет көрсетіп, ардақтап келеді. Ауданда 70-тен аса бастауыш ардагерлер ұйымы, ауылдық және кент ардагерлер кеңесі тұрақты жұмыс жасайды.
Бүгінде ауданда 200-ге жуық тыл ардагері бар. Ал кес­кілескен ұрыста жауға төтеп беріп, оқ пен оттың ортасынан жеңіспен оралған Ұлы Отан соғысы ардагерлері Яхия Тасыров пен Маханбет Бержанов әркез құрмет төрінде. Сондай-ақ өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан 40 қария «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанған. Әр ауылда белсенді жұмыс жасап тұрған ардагерлер кеңесі қарттарды күнделікті бақылауға алып, игілікті шара ұйымдастыруға ұйытқы болуда. Аудандық ардагерлер кеңесі ұйымы қарияларға құрмет көрсетіп, ардақтау үшін көптеген шара өткізуде. 80, 90, 100 жасқа келген ақылы дария қарияларды мерейлі шағымен құттықтау ауданда дәстүрге айналған.
Дария не?
Қария не?
Біреуі тасыған өзен,
Береуі асып төгілген ақыл, демекші, ардагерлердің әркез жастарға айтары бар. Өмірін тарих етіп таңбалаған олар заманында ауданның дамуына түрлі салада қызмет етіп, сүбелі үлес қосты. Солардың жүріп өткен жолынан тәлім алатын атымтай жомарт азаматтар қарияларға қамқорлық көрсетуде. Атап айтқанда, «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС төрағасы М.Есжанов А.Тоқмағанбетов ауылынан ардагерлерге арналған бөлме жасақтап берді. Бұл аудан ауылдарының ішінде үлгі боларлықтай тың бас­тама. Онда ауыл ақсақалдары күн сайын бас қосып, ақсүйектер ойыны саналатын бильярдты жанына серік етеді. Бұдан бөлек дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерімен айналысады. Ал Ақжарма ауылында әрбір ардагерге қоғамдық моншаға тегін түсуге мүмкіндік жасалған. Басқа елді мекендерде де барынша қарттарға жағдай жасау бір жолға қойылып келеді. Атап өтерлігі, Н.Ілиясов ауылында ардагерлер оты­­ратын арнайы бөлме жасақталған.
Ауылдағы қарияның хәлін біліп, оларды қоғамдық өмірге барынша араластыру ардагерлер кеңесі төрағасына тікелей байланысты. Олар белсенділік танытқан жағдайда жүйелі атқарылған жұмыс көзге көрінеді. Бұл орайда, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей ардагерлер ұйымы жұмысын ерекше жандандыруда, оның жетекшісі Анар Ізбасарова екенін айта кеткен жөн.
Тәні қарт болғанымен, жаны мәрт қариялардың өнегелі жолы – өскелең ұрпаққа ғибрат. Әркез олардың білгені мен көргені, өмірден түйгені жастарға ғұмырлық рухани азық. Сондықтан да Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында келелі кездесулер, танымдық шаралар көптеп ұйымдастырылғаны игі. Сол шараларға қатысқан қариялар жастарға рухани құндылықты ұғындырып, ұрпаққа тағылымды өнеге берер еді.
Ардақты жандардың демалысын ұйымдастыру, сауықтыру шаралары ауданда жолға қойылған. Жыл көлемінде қарттарды сауықтыру шарасы жүргізілуде. Аудандық «Достық» үйінде ардагерлерге арналған бильярд үстелі, дойбы, шахмат тақталары қойылып, олар күнделікті бос уақытын тиімді өткізуде. Бірнеше мәрте спорттық сайыстар өткізіліп, ардагерлер жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сонымен қатар бұрынғыдай басқа қалалардағы сауықтыру орталықтарына жіберу әзірше тоқтап тұр. Десек те, кейбір шаруашылық төрағалары ардагерлерге өз қаржысымен демалуға қолдау көрсетуде.
«Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деп Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ардагерлеріміз республикалық төл басылым – «Ардагерлер айнасы» және 80 жылдық тарихы бар «Тіршілік тынысы» газетінің тұрақты оқырманы. Жыл сайын бірқатар азаматтар ардагерлерді газет жазуға жағдай жасап келеді. Олар аудан тынысына етене араласып, ынтымақ, бірліктің сақталуына елеулі үлес қосып келеді.

Хайролла ӘБЕНҰЛЫ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
01 қазан 2019 ж. 825 0