Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагер – асыл қазына

Ардагер – асыл қазына


Мәдениет саласының ардагерлері аудан тарихында елеулі еңбектерімен, қайраткерлік қызметімен қашанда ел аузында жүретіні анық. Аталмыш сала бойынша жылдар бойы табанды еңбек етіп, сол саланың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер бүгінде құрмет төрінде.
Оқырманына рухани азық сыйлаған кітапханашылар, ұлттық мұрамыз тарихи жәдігерлерімізді сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп келген мұрадай қызметкерлері, қандай шара болмасын басы-қасында жүреді, «1 қазан – Халықаралық қарттар күніне» орай бұрнағы күні орталық кітапханада сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Оған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, сала мамандары, ардагерлер қатысты.
Шараның шымылдығын бөлім басшысы Ж.Үсенұлы ашып, ардагерлерді шын жүректен мерекемен құттықтады. Мәдениет саласының бүгінгі тыныс-тіршілігін, атқарылған жұмысын, қыз­меткерлердің әлеуетін көтеру мәселесін жан-жақты ашып айтты.
Жиын барысында аудандық мәдениет саласы бастауыш ұйымының 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстары туралы ұйым төрайымы Р.Матыбаева есеп берді. Сала ардагерлерінің қоғамдық жұмысқа белсене араласып, өз білгенін сала төңірегінде жұмыс жасап келе жатқан жастарға үлгі ету мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Бірнеше саланың басын құраған мәдениеттің ардагерлері басқа ұйымдарға қарағанда белсендірек жұмыс жасауға бекінген. Себебі, үнемі мәдени шаралардың бел ортасынан табылатын жас мамандарға көзі қырақты, жөн нұсқаны білетін ардагерлердің ақылы қай кезде де керек-ақ. Сонымен қатар жиында бірнеше жыл бойы ұйымды басқарып келген Р.Тұрсынбекқызының өз өтініші бойынша ұйым төрайымдылығынан босату дауысқа салынды. Барлық қатысушылардың құптауымен жаңа төраға сайланды. Ол орынға өз еңбегімен халыққа етене таныс, білім, мәдениет саласында өлшеусіз қызмет атқарған Ж.Айсин сайланды. Сондай-ақ сала ардагері А.Бахтиярова, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев сөз алып, жиналғандарды мерекемен құттықтады. Ал, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып сала ардагерлерін мерейлі мерекемен құттықтап, партия жұмысын, бағдарламасын таныстырды. Оның ішінде республика көлемінде «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының негізгі мақсатын түсіндірді.
Шара соңында Ж.Үсенұлы ұйымды белсенді басқара білген Р.Матыбаеваны марапаттап, барлық ардагерлерге құрмет көрсетті.

Б.ОРДАБЕКОВ
02 қазан 2018 ж. 1 944 0