Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ


Жаңа жыл қарсаңында аудан әкімі Ғ.Қазантаев жылдағы дәстүрге сай кент орталығындағы құрметті қарияларға, ардагерлерге арнайы барып, мерекемен құттықтады. Құттықтау хаттарды табыс етіп, Жаңа жылдық сыйлықтарын ұсынды. Ардагерлерге құрмет көрсетуге аудан басшысымен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров бірге еріп жүрді.

Аудан әкімі Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», ақын Мұхтар Сақтаповтың, ұзақ жылдар білім беру саласында жемісті еңбек еткен Зоя Алданқызының, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматтары» Маханбет Бержанов және Яхия Тасыровтың шаңырағында болып, қарияларға мерекелік лебізін білдірді. Өз сөзінде аудан басшысы өткен жыл сырдариялықтар үшін тындырымды тірліктер нәтижесінде табысты болғанын, жүйелі жұмыстардың арқасында жетістіктерге толы болғанын атап өтті. Тауық жылын зор табыспен қорытындылап, қуаныштар көп болғанын жеткізді. Сондай-ақ, бүгінгі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары екеніне де ерекше тоқталып өткен аудан басшысы ардагерлерге аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың және өз атынан «Құттықтау хаттар» табыстап, гүл шоқтарын, мерекелік сыйлықтарын берді. Құттықтау хатта: «Сырдария ауданының әкімдігі Сізді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтайды! Біз Тәуелсіздікке аға буынның қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Бүгінде егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Алдағы уақытта да ел бірлігінің негізінде жасампаз жұмыстар атқарыла беретініне сенім мол. Сырдария ауданы 2017 жылды табысты қорытындылап отыр. Барлық салада өсу, даму бар. Көш басындағы аудан күріштен рекордтық өнім алды. Ауданда құрылыс жұмыстары үш есеге артты. Келесі жылы да жүйелі жұмыстар жалғасын таба береді. Жаңа жыл мерекесі Сізге және отбасыңызға зор денсаулық, амандық, құт-береке әкелсін!» делінген.
Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы құрметті жандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, игі тілектерін жеткізді. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы да ардагерлерге ыстық ықыласын білдірді.
Қазіргі таңда 80-90-нан асып, немере-шөбере қызығын көріп, мереке қарсаңында құрметке кенелген қариялар аудан әкіміне шынайы алғысын білдіріп, алдағы жыл да аудан үшін табысты болуына тілектестіктерін білдірді. Ақ баталарын беріп, құрмет көрсетушілердің жұмысына сәттілік тіледі.
Осы күні аудан әкімнің орынбасарлары басқа да соғыс және еңбек ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтады, аудан әкімінің «Алғыс хатын» және сый-сыяпаттарын тапсырды.

Е.БЕРКІНБАЕВ
05 қаңтар 2018 ж. 1 639 0