Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл – татулық тірегі

Тіл – татулық тірегі

Тіл – қатынас құралы. Тілдер мерекесіне орай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ауданның мәдениет мекемелері арасында байқау өтті. «Тіл – татулық тірегі» атты игі шараға кент пен ауылдардан 10 өнерпаз ұжым қатысты. Әр мекеме достық мекені – Қазақстанда тұратын түрлі ұлттың салт-дәстүрі және ән-биімен көпшілікті таныстырды.
Сахнаға бірінші болып беларусь ұлтын бейнелеген кент мәдениет үйінің көркемөнерпаздары шықты. Осы ұлттың өкілі, кент тұрғыны Ольга Потолова беларусь халқының тарихымен, салт-дәстүрімен таныстырды. Үйінен ұлттық тағамдарын пісіріп әкеліп, қазылар алқасының қарауына ұсынды. Кент мәдениет үйінің қызметкері Бақытжан Беккулиев өздері қалаған ұлттың ұлттық киімін киіп, жұбымен бірге сахнада дөңгелене биледі. Бұл ұжымнан соң алыс ауыл – Айдарлының өнерпаздары сахна сәнін келтірді. Концерттік бағдарламаларын мемлекеттік тілде және түрік тілінде жүргізді. Бірыңғай шымқай қызыл түсті түрік ұлтының киімін киген қыз-жігіттер салт-дәстүрден шағын қойылым қойды. Бірін-бірі ұнатқан жастардың некелесу рәсімінен көрініс көрсеткен айдарлылықтар түріктің салт-дәстүріне жетік екендіктерін білдірді. Шағын қойылым бойынша қалыңдық өз шаңырағынан қызыл көйлек киіп шығады. Бұл оның адалдығын білдіреді екен. Сондай-ақ қыз үйінен ұзатыларда халуа таратылады. Бұл қалыңдық тәтті жар болады деген нанымды білдіреді. Бұдан кейін нағилықтар қазақ халқын, шіркейліліктер орыс ұлтын, ақжармалықтар бауырлас өзбек ұлтын, жетікөлдіктер гүржілерді, асқарлықтар шешен ұлтын таныстырып, жақсы өнер көрсетті. Сондай-ақ сәкендіктер қырғыз, қоғалыкөлдіктер украин, шағандықтар корей ұлтының ән-биін орындап, көрініс қойды.
Мәдениет қызметкерлері өнерге жақын болғандықтан, байқауға қатысқан көптеген ұжымның өнері, салт-дәстүрден хабардарлығы көпшілік көңілінен шықты. Байқау барысында шұбалаңқылық, бірін-бірі қайталау мүлде болмады десек, артық емес.
Тілдер мерекесіне арналған байқауды аудандық мәде­ниет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев қорытындылап, биылғы Президент Жолдауында мәдениет саласына үлкен мән біріліп отырғандығын атап, қасиетті тіліміз бен Қазақстанда мекендейтін өзге ұлттардың татулығын дамытуға мәдениет қызметкерлері белсенді атсалысатынына сенім білдірді. Сондай-ақ бөлім басшысы озық өнер көрсеткен Айдарлы ауылдық клубының өнерпаздарына бас жүлдені, нағилықтарға жүлделі бірінші орынды тапсырды. Екі екінші орынды шіркейліліктер мен асқарлықтар иеленсе, үшінші орынды ақжармалықтар мен сәкендіктер өзара бөлісті.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

14 қыркүйек 2019 ж. 778 0