Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «САМҒА ЖҰЛДЫЗДАҒЫ» ӨНЕРЛІ ЖҰЛДЫЗДАР

«САМҒА ЖҰЛДЫЗДАҒЫ» ӨНЕРЛІ ЖҰЛДЫЗДАР


«Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей «Самға жұлдыз» ән байқауы жас орындаушыларды өнерге қанаттандыру мақсатында жасалған аудандық дәрежедегі жарқын жобалардың бірі. Оның негізін аудандық мәдениет үйінің аға әдіскері болған «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері марқұм Әлия Сүлейменқызы қалаған болатын. 2016 жылы басталған аталмыш жоба биыл екінші мәрте өткізілді.
Аудандық ән байқауына кент пен ауылдардан 12 үйірме жетекшісі мен шәкірттер қатысты. Байқаудың өзіне тән ерекшелігі де болғанын айтуымыз керек. Ереже бойынша бірінші кезеңде оған қатысушылар қазақ тілінде бір ән, екінші кезеңде өзге тілде бір ән орындаса, үшінші кезеңде үйірме жетекшісінің музыкалық аспапта ойнау қабілеті ескеріліп, шәкіртімен бірге бір ән салды. Байқау «Самға жұлдыз» деген атына сай болды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен екі жылда бір рет өткізілетін дәстүрлі жобаның биылғы сайысына Шіркейлі ауылынан үш бірдей үйірме жетекшісі мен шәкірттері қатысты. Бұл ауылдың мәдениет үйінде үйірме жұмыстары жақсы жолға қойылғанын көрсетеді. Байқауға Шіркейліден үйірме жетекшілері Мақсұт Әбсадықов, Алмат Шербатшаев, Ғаини Құлымбетова және олардың шәкірттері Ринат Жақсылық, Нұрсерік Алматұлы, Набат Сайлаубек, Нағи ауылынан үйірме жетекшісі Жанат Шайзадаева мен шәкірті Жансая Мұратова, Асқар ауылынан Әсел Ибраева және оның шәкірті Аяулым Бекболатова, Қоғалыкөлден Райхан Шүкірәлиева мен шәкірті Айдын Мырқы, Аманкелдіден Қожаберген Дайырханов пен оқушысы Жанерке Науан, аудандық мәдениет үйінен Айләззат Сүлейменова мен Асанәлі Төребеков, Бесарықтан Абзал Молдашев пен шәкірті Қазына Жылқайдарова, кент мәдениет үйінен Ербол Бекжүнісов пен шәкірті Аружан Жақсыбаева, кент клубынан Жайна Дайрабаева мен оқушысы Салтанат Маратова және Қалжан ахун ауылынан Гүлжанат Сырғабаева мен оқушысы Нұрбибі Сұлтанбекова қатысты.
Барлық ұстаздар мен талапкерлердің байқауға жоғары дайындықпен келгендері көрініп тұрды. Сахна мәдениетінің сақталуы, ән тақырыбына сай киім үлгісін таңдау, орындаушылар тарапынан мүлтіксіз орындалып, бұл сахнаның сәнін келтірді. Он екі жас орындаушының барлығы мектеп оқушылары болғандықтан олардың өнерлерін әжелері мен аналары тамашалап, жанкүйерлік жасады. Ән байқауы жобасында орындаушылар үш кезең бойынша өнер көрсетті. Ән сайысы екі сағаттан астам уақытқа созылса да, жүрек тербейтін әсем әуен ешкімді жалықтырған жоқ. «Самға жұлдызда» ұстазының сүйемелдеуімен жоғары орындаушылық шеберлік көрсеткен жаңа «жұлдыздар» да көзге түсті, назарға ілінді. Бұл олар үшін келешекте өнер биігіне, көгіне жетелейтін баспалдақ болмақ.
Байқауға бірыңғай білікті музыка мамандарынан құралған топ қазылық етті. Қазылар алқасының төрағасы – ҚР Мәдениет саласының үздігі С.Сәдуақасов, мүшелері: Ж.Айсин – ҚР мәдениет саласының үздігі, З.Кенжетаева – облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мәдени ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Н.Көшербаев – аудандық мәдениет үйінің директоры, Ш.Нұрсейітов – ҚР Журналистер Одағының мүшесі.
«Шын жүйрікке шаршы алаңда тұсау жоқ» дегендей сайыс қорытындысында өнерлері үздік деп бағаланған шіркейлілік үйірме жетекшісі Мақсұт Әбсадықов пен шәкірті Ринат Жақсылық бас жүлдеге ие болды. Бірінші орынға кент мәдениет үйінен Ербол Бекжүнісов пен шәкірті Аружан Жақсыбаева лайық деп танылды. Екінші орынды асқарлық Әсел Ибраева мен шәкірті Аяулым Бекболатова жеңіп алды. Үшінші орынды аманкелділік Қожаберген Дайырханов пен шәкірті Жанерке Науан және қалжанахундық Гүлжанат Сырғабаева мен шәкірті Нұрбибі Сұлтанбекова өзара бөлісті. Жеңімпаздарды марапаттау барысында «Самға жұлдыздың» 2016 жылғы бас жүлдегері Нұрбол Тұранов ауыспалы символикалық нышанды биылғы бас жүлдегерлерге салтанатты түрде тапсырды. Осы орайда, «Жақсының жақсылығын айт» дегендей бас жүлденің бағалы сыйлығына аудандық білім бөлімі демеушілік жасағанын айта кеткен орынды болмақ.
Сайып келгенде «Самға жұлдыз» байқауы жас орындаушылар арасында таланттарды таңдап алуға мүмкіндік жасайтынын, бұл жобаның келешегі кемел екендігін көрсетеді.


Шаһарбек БАЛТАБАЙҰЛЫ
22 мамыр 2018 ж. 1 444 0