Тұғырдан түспеген төл басылым
Менің ғұмырымның тең жартысы аудандық редакцияда өтті десем, қателеспеймін. «Журналистиканың жүрегі – шындық, жаны – әділдік» екені даусыз. Киелі шаңырақта қолынан қаламы түспеген қарымды қаламгерлер қаулап шыққаны жасырын емес. Әрбір он жылдық белесінде аудандық басылым ұжымы күрделі, ауыртпалыққа толы кезеңді артқа қалдырып отырды. Дәстүрлі медианың белді өкілдері газеттің сапалы шығарылуына зор үлес қосты.Біз «Сөздің құны бар, ал шын сөздің күші бар» деген ұстаныммен қалыптасқан буынбыз. Ұғына білген адамға аудандық газеттің қоғам өміріндегі идеологиялық рөлі айрықша. Сарғайған газет беттерінде өзіндік айтар ойы бар қаламгерлердің құнды мұрасы таңбаланған. Әрине, ойлы оқырманы барда, басылым ешқашан биік тұғырдан түскен емес. Қоғам айнасына айналған кез келген журналист – өз заманының шежірешісі саналады. Халықтың сенімін арқалай отырып, абыройлы еңбек ету – нағыз майталман мамандардың ісі деп білемін.
Тоқсан жасқа табан тіресем де сүйікті газетімнен қол үзген емеспін. Аптаның сейсенбі және сенбі күндері бұрынғыша өзім жұмыс жасап жүргенімдей, газетті бір шолып, мақалалардың жазылуына аса мән беремін. Өткен мен бүгінді салыстыруға келмейді. Медиа саласында көп өзгеріс алған. Қазіргі уақытта ақпараттық технология қарыштап дамып, жаңа медиада өзгеше серпін бар. Бұның барлығы біздің кезімізде болмағанымен, заманның ағымына қарай журналистикада елеулі өзгеріс орын алғанына көз жеткізіп келеміз.
Аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымы бүгінде жасарып, заманауи жұмыс үлгісіне бейімделген мамандар құрамы қалыптасқан. Газеттің әрбір шығарылымына мұқият назар аударатын ұжымның абыройы асқақ, беделі биіктей берсін дейміз.
Мұхтар САҚТАПОВ,
ақын
Сырдария ауданының Құрметті азаматы











