Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басылым сенімді серігіме айналған

Басылым сенімді серігіме айналған

Ұдайы әр нөмірін жібермей оқитын беделі биік басылымға 85 жыл толып отыр. Қатпарлы тарихтың шежірелі әрбір кезеңі таңбаланатын басылым сенімді серігіме айналған.

Қашанда қиын-қыстау сәттерде ха­лықты құнды ақпаратпен сусындатқан аудан айнасы өз тұғырынан түскен емес. Ұстанған бағытынан айныған жоқ. Бүгінде оқырманға мазмұны терең мақалалар ұсынатын «Тіршілік тынысы» газетіне жазылу науқаны жүріп жатыр екен. Бұл ретте, ауданның үнжариясына жазылуға жергілікті оқырмандарды шақырамын.

Негізінен, мерзімді басылымның оқырман үшін алатын орны – маңызды. Баспасөз – рухани-мәдени өмірінің айнасы іспетті. Өз басым басылымда жарияланған танымдық мақалаларды қалт жібермей оқып отырамын. Тұрақты түрде редакция ұжымымен байланыс жасап, өз ұсынысымды жеткіземін. Әрине, 85 жылдық тарихы бар басылымның әрбір оқырманы автормен кері байланыс орнатқаны жақсы. Сонда газеттің мазмұны молая түседі.

Бүгінде редакция ұжымы оқырман үшін газетке үйден жазылу мүмкіндігін қарастырған. Біз секілді егде тартқан қариялар басылым қызметкерлеріне хабарласып, сүйікті газетіне жазылуына болады. Бір жағынан оқырманның уақытын үнемдеуге жасалған мүмкіндік деп ойлаймын.


Төлеу СҮЛЕЙМЕНОВ,
құрылыс саласының ардагері,
басылымның тұрақты оқырманы
07 желтоқсан 2024 ж. 129 0