Қыштөбе қойнауы тұнған тарих
Әрбір тасында тарих тұнып тұрған қойнауы шежірелі мекенде бірнеше көне қаланың орны табылған. Бала күнде табанымызға кірген шөңгеге қарамастан, ауылдың оңтүстігіндегі қыштың үйілген үйіндісіне көп барушы едік. Елдегі ағайын бұл орынды «Қышқала», «Қыштөбе» деп атап кеткен. Әдепкі зерттеу 1899 жылы Сырдың төменгі ағысындағы қалаларды зерделеген В.Каллаурдың бастамасымен іске асады. Атақты ғалым өз еңбегінде: «Жент шаһары Қызылорда қаласының батысында, Томарөткел өзені, қазіргі Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында орналасқан. Кент орнын жергілікті жұртшылық Қышқала деп атайды» деген деректер келтіреді. Сәл кейінірек мұны көрнекті ғалым В.Бартольд те қоштаған.
Қолдағы деректерге жүгінсек, Жент Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар тізбесіне кіреді. Жаңадария бойын жағалаған талай керуен жол ежелгі Исфиджаб (Сайрам) арқылы жүріп, терістік батысқа қарай Жуантөбе, Кедер, Сауран, Сығанаққа қарай бағыт алып отырған. Сығанақтан Хорезмге тура тартып, Үзгент, Баршынкент, Ашанас арқылы Жентке соғып, Әмударияға барған деседі. Осы дәуірдің ХХІ ғасырларында пайда болып, сауда байланыстарының, қолөнер мен ұсталықтың, зергерліктің орталығына айналған шаһарда құрылыс саласы қарқынды жүрген. Мұндағы жұртшылық күйдірілген қышты өрнектеп, керамиканы кеңінен пайдаланған.
– Біз ауылдағы орта мектеп оқушыларын туған жердің аумағын зерттей, зерделей жүрсін деп, елде не бар, не жоғын біле жүрсін деген оймен елді мекендегі түрлі тарихи орындарға апарып тұрамыз. Жақында қар түспей тұрып Қышқалаға да атбасын бұрдық. Мұндағы күйдірілген қыштың сапасы өте жоғары. Бір жылдары Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қышы мен осы Қышқаладан табылған қышты арнайы мамандарға апарып тексерткен едім. Бір қызығы, екеуінің құрамы да бірдей. Бір-біріне ұрғыласаңыз, сыңғырлаған үн шығады. Бүгінгі зауыттардың өнімінен әлде-қайда өзгеше, сапалы әрі көлемді. Бұл ортағасырлық қалаларға тән ерекшелік, – дейді тарихшы Үлпат Қожаназарова.
Жент тұрғындары жартылай көшпелі, жартылай отырықшылықпен айналысқан. Егіншілік, мал шаруашылығы, сондай-ақ балық аулау да негізгі кәсіп көзіне айналған. Үйлердің біразы ағаштан тұрғызылса, тағы біршамасы жертөлелерді қоныс еткен. Мұнда мешіттер мен медреселер де болған. Алайда, кейін белгісіз себептермен қала орны ашық алаңқайға айналады.
«Ежелгі Жент шаһарының негізгі ауданы жеті шаршы шақырым болған» деседі ауылдағы ақсақалдар. Алғашқы кездері археологиялық қазба жұмыстары толық орындалмаған. Сондықтан табылған күйдірілген қыштарды әркім үйлеріне тасып бірі сарай салса, бірі зәулім баспана тұрғызған. Тарихтың тереңіне бертін келе бойлаған елдегілер мұны мемлекет қолдауына алса жөн болар еді дейтін. Тілеулері орындалып, өткен жылы бұл орынды мемлекет арнайы қорғауға алды. Оның үстіне туған жердің төріндегі көне шаһардың маңызына бойлаған арнайы ескерткіштерді қорғау мекемесінің басшысы Сапар Көзейбаев жұмбақ қаланы зерттеуге келер жылы арнайы топ келетінін сүйіншіледі.
– Рас, Қышқала талайдан бері назарымызда жүрген. Әлбетте, қазба жұмыстарын жасау үшін арнайы рұқсат, дәлелдемелер керек. Қаражат мәселесі тағы бар. 2018 жылға біз құжаттарын даярлап қойдық. Бюджеттен 10 миллион теңгедей қаражат бөлінбек. Соңғы кездері Сыр өңірінде мәдени мұраларымызға жіті мән беріп келеміз. Өткенімізді жаңғыртып, өлгенімізді тірілту үшін зор мүмкіндіктер берілуде. Біз де өз тарапымыздан бұл мүмкіндіктерді жіберіп алмаудың қамын жасаймыз, – дейді С.Көзейбаев.
Бұл маңда, академик Толстовтың сөзіне сүйенсек, оғыздар мекен еткен. «Көне Окс пен Яксарт бойында» атты еңбегінде бұл туралы кеңінен айтылады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан қала үнемі бірнеше мемлекеттің қақтығысында қалып қойды. Сауда саласына қолайлы өңір болғандықтан, бұл аумақтың мүмкіндігін пайдаланбақ оймен жаулағысы келетіндер салдарынан жойылуы да бек мүмкін.
Талай сырды ішіне бүккен ен дала меңіреу қалпы, тек үнсіз. Түп негізі Сырдариядан бастау алып, төменге қарай ағып келетін һәм Қарақалпақ пен Ақмешіттің арасын жалғаған Томарөткел терең сайы да сылдырап сыр жасырып ағып барады. Мұнда тек Женттің емес, Асанас, Алтынасар, Жанкенттің де тарихи орындары қол бұлғап шақырады. Бабалар жүрген сүрлеуге үңілген бүгінгі ұрпақтың тарихқа маңыз беруі қуантып отыр. Айтпақшы, Қышқаланың маңында үлкен құдық бар деседі. Қайсыбір жылдары Қытайдан келген ғалымдар ауыл тарихшысымен сұхбаттасыпты. Сөйтсе, егер сол құдықты тапса, ондағы жерасты жолымен көне Сайрамнан бірақ шығады-мыс. Елде «құдықты өз көзіммен көрдім» деген алыпқашпа әңгімелер де желіп жүр. Алайда, археологтар алдағы жылға бұл қаланы жанжақты зерттеуді мақсат етіп отыр. Құдықтың бар-жоғына да көз жеткізетін күн алыс емес тәрізді.
Дәулет ҚЫРДАН,
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ