АСАНАС: КЕСЕНЕДЕ КӨП СЫР БАР
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жария еткеннен кейін-ақ аудан төңірегіндегі тарихи орындарға сапар шеккен болатынбыз. Алдымен, ынтық қылған Іңкәрдарияға барып тарихимәдени ескерткіштерді аралап, бүгіп жатқан сырына үңілдік. Қызылқұм қойнауындағы құтты мекендердің қасиетіне қанық болдық. Одан соң Шаған, Шіркейлі, Қоғалыкөлдегі мәдени мұраларды зерттеп көрдік. Өлкетануға бет бұрып, тарихи жерлерге табанымыз тиді. Жақында сол ізбен Айдарлыға да барып, мұндағы тарихи қалашықтарды аралап көрдік.
Негізінен, Айдарлы ауылы қалаға жақын болғанымен, аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекен. Оның іргесі 1932 жылы осы өңірдегі Әудек, Құмшығанақ, Сарықұм, 1934 жылы Ақарық, Мақпалкөл тұрғындарының бірігіп, мойынсерік (ТОЗ) құруынан бастау алады. Кейін бұл жерлер ірілендіріліп «Айдарлы» ұжымшары болды. Ал 1958 жылы колхоз «Бірінші мамыр» ұжымшарына, 1963 жылдан «Амангелді» кеңшарына бірікті. Содан кейін барып ауылдық округ ретінде бөлініп шықты.
Қазіргідей емес кезінде бұл жер қайнаған қызу еңбектің ортасы болған. «Айдарлы ауылы кезінде қала халқын етпен қамтамасыз етіп отырды» десе ешкім сене қоймас. Расында, бұл елді мекенде үлкен бордақылау алаңы болған. Онда бір мезетте 11 мың ірі қара бордақыланыпты. Етті, өркешті «Зебу» сиыры бағылған. Одан бөлек, қора-қора қой осында өрістеді. Сондай-ақ, бұрындары дария арнасы ауылдың сол жақ беткейімен ағып, егін де егілген. Қазір ескі арнаның ізі бар. Айдарлының топырағы құнарлы. Бүгіннің өзінде еккен егістен мол өнім алуға болады. Алайда, су тапшылығы тұрғындарға қолбайлау. Соның салдарынан Айдарлы жері шөлейттенген.
Десе де, бұл жер әулиелер мекені. Өйткені, қасиетті дала төсінде, дәл осы жердің топырағында талай діндарлар ғұмыр кешкен. Өздеріне дарыған ерекше дарынымен ел-жұртқа пайдасын тигізіп, халықтың уыздай ұюына теңіздей терең білімдерін сарп етті. Оған дәлел, Айдарлы маңында Асанас кесенесі, Қожжан қожа мазары бар. Осыдан үш-төрт ғасыр бұрын өмір сүрген дін ілімінің білгірлері халыққа қызмет қылып, зор ықыласқа бөленген.
Аталған тарихи орындарға арнайы табан тіредік. Жолсерігіміз – ауыл тұрғыны Ермекбай Смайлов. Бірінші бағытымыз Асанас кесенесі болды. Жолсеріктің нұсқауымен ауылдан солтүстік-батысқа бет алдық. Сексеуілді өлкені жарып өткен жолмен жүріп келеміз. Жолшыбай Ерекең ауыл тынысын айтып келеді. Одан бөлек, бағыт алған кесенеге қатысты да бір-екі нәрсе айтты.
– Бала кезімізде осы төңірекке көп келетінбіз. Қазіргідей зырылдаған көлік жоқ. Есекпен келіп, мал айдап қайтатын едік. Сонда осы кесененің ішінде ұзыннан ақ мата төселіп, соның қасында 1 метрден асатын өрілген шаш жататын. Қазір ол жоқ, – дейді.
Қатқақ жолмен әне-міне дегенше 7-8 шақырымдағы тарихи ескерткіш жанына келіп тоқтадық. Қатарынан қос кесене тұр. Жолсерік алдымен «Асанас кесенесі. ХҮІІ ғ.» деген белгісі бар кесенеге кіргізді. Жаңағы ұзын шаш жатқан деген кесене осы екен. Айтқандай-ақ, ішінде шаш жоқ, мүрдені қышпен көмкеріп қойыпты. Содан кейін екіншісіне бардық. Оның жаңадан қойылған белгісінде «6 атаусыз кесене» деп тұрса, бұрынғысында «Асанас қалашығы. Орта ғасырда салынған» деп жазылыпты. Енді мұның жәйін сұрағанымызда, көпшілік негізі «6 атаусыз кесенеде» Асанас жатқанын, ал оның қасындағысында оның қызы жатыр дегенді айтады екен. Өйткені, әлгі ұзыннан өріліп жатқан шаш сол Асанастың қызыныкы деп топшылайды. Бұл әрине болжам. Бірақ қисынға да келетін секілді. Сондықтан бұл тарихшылардың зерттеуін қажет етіп тұр.
Бір айта кететін жәйт, жауын-шашынның әсерінен кезінде Асанас кесенесінің алды құлаған екен. Кейіннен жөнделген.
Ол білініп тұр. Оған осы маңдағы «Жетізауыттың» қыштары қолданылыпты. Айтпақшы, «Жетізауыт» тұрағы да тарихи ескерткішке жатады. Оның уақыты ХІІ-ХІҮ ғасыр. Онда өндірілген қыштармен осындағы кесенелер тұрғызылған екен. Сонымен бірге, Түркістандағы зәулім кесенелерге де осы жердің қышы пайдаланылған көрінеді. Оған жетуге жолдың жамандығы кедергі болды. Алайда, күн жылынғанда арнайы баратын боламыз.
Аталған қос кесененің шығысында Асанас қалашығының орны бар. Ол ҮІІІ-ХІҮ ғасырларды қамтиды. Дөңгеленген қала орны сақталған. Бұл жазба деректерде моңғол шапқыншылығынан бастап белгілі. Тарихшы Жувейнидің еңбегінде 1219 жылы моңғол әскерлерінің Сығанақтан Жендке қарай бара жатқан жолда жаулап алынған қаланың бірі ретінде сипатталады. Сырдың төменгі ағысы бойымен жүріп өткен Плано Карпини «Моңғолдар тарихы» атты кітабында: «Бұл жерде біз сансыз қиратылған қалалар мен қамалдарды, көптеген бос қалған қоныстарды кездестірдік. Бұл жерде үлкен өзен бар оның аты бізге белгісіз, жағалауында «Янкинт» деп аталатын қала бар, тағы біреуінің аты «Бархин», үшіншісі «Орнас» деп аталады және бізге белгісіз қалалар бар» деп жазады. П.Л.Лерх аталған шаһарларды Сырдарияның төменгі ағысындағы қалалармен сәйкестендіріп, Орнас – Асанас, Янкинт – Янгикент, Бархин – Баршынкент қалалары болуы мүмкін дейді. Ал В.А.Каллаур 1899 жылы Асанас қаласының орнын анықтап, топографиялық сипаттамасын жасай отырып, қалаға тартылған суды «Қаракөз» деп атаған. Сондай-ақ, Ақтөбе елді мекенінің жанынан Қызылқұм ішіндегі сеңгірге дейін жететін арықтың бірін ауыз су десе, екіншісін егістікке тартылған арық деп жорамалдайды.
1954 жылы Хорезм археология этнографиялық экспедициясы Асанас қаласын есепке алып, 1960-1961 жылдары барлау жұмыстарын жүргізді. Ал 1968 жылы Н.Н.Вактурская қалаға екі стратиграфиялық қималық қазба түсіріп, зерттеу жұмыстарын ұйымдастырды. Қазба барысында табылған қыш ыдыстар ХІІ-ХV ғасырға жатқызылса, екінші қазбадағы керамикаларды VІІ-ІХ ғасырдағы оғыз заманына тиесілі екені анықталды. Нәтижесінде, Асанас қаласы VII-IX ғасырдан пайда болып XV ғасырға дейін өмір сүрген. Хорезм экспедициясының зерттеулеріне дейін тарихи әдебиеттерде қаланы соғдылық саудагерлер тұрғызды деген пікірлер басым болған еді. Кейін қазба жұмыстары көрсеткендей, қала тұрғындары мен оны тұрғызған – оғыздар болғаны дәлелденген.
Бұл жер де маңызды стратегиялық қалалардың бірі болғаны анық. Өйткені, қалашықтың шығысында «Жаман Ақтөбе», батысында «Жаңа Ақтөбе» қалашықтарының орны бар. Яғни, жаугершілік заманда бір-біріне белгі беру үшін дария бойын жағалай орналасқан қалашықтардың маңызы айтпаса да түсінікті.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
(жалғасы бар)
(жалғасы бар)