ЖЕТІ ҚЫР – ЖІТІ ТАРИХ
«Ұлан-ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы – қазақтың алтын бесік Ата жұрты. Әгәрәки, кім де кім осынау қасиетті жерімізге көз алартып, шырқымызды бұзар болса, өз қанына өзін тұншықтырарымызды біліп қойғаны абзал. Төсекте басымыз қосылмаса да, төскейде малымыз қосылған. Қай көршімізге де айтарымыз осы! Дос болғанға құшақ ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз». Үш жүздің басын қосып, қазақтың ханы болған Абылай осынау қасиетті де киелі жерде досы үшін «қой аузынан шөп алмас» момын, дұшпанды найза ұшына түйреп алар батыр да батыл халық екенімізді жер жаһанға ұғындырды. Ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын кең байтақ Ұлы дала төсінде ұлы халықтың ұлы мұраты бар екенін аңғартты. Бұл жер сонау Күлтегін, Тоныкөктер қорғаған жер. Бұл атырап Наурызбай, Қабанбай, Бөгенбайлардың ат үстінде түн қатып жүріп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, жан алысып, жан берісіп қорғаған даласы. Қаншама шайқаста ымырасы ыдырамай, ынтымағы жарасып, шешендері тілімен, көсемдері ділімен, батырлары қылыштың қынымен кейінгі ұрпаққа аманат еткен туған мекені. Бұл даладан төсін кең ашып, көз жетпес қиырға қарап, туған жердің тұмса табиғатына тамсанып өткен талай ақын, дүлдүлдер, даулы мәселені дөп шешкен би-шешендер шыққан. Айта берсе, қойнауы құт, тамыры терең, тарихы кенен қазақ жұртынан мақтан етерлік, үлгі тұтарлық небір данышпан, батыр, ақын, сал-серілер шыққан. Олардың дара, дана болуы осы ұлан байтақ жердің киелілігінде, Ұлы даланың қасиеттілігінде жатыр.
Арайлы азаттыққа қол жеткізгенше осы қастерлі құндылықтарымызды толығымен топтастырып, жас ұрпаққа мұра етудің жөні түзу болмады. Бодандықтың құрсауында жүргенде мұны санадан мүлдем өшіру саясаты жүргені де мәлім. Алайда, бойында намысы бар өр рухты халықты қанша жерден жаншығанымен өз руханиятынан еш жалтармайтыны анық еді. Ал тұғырлы Тәуелсіздік таңы атқанда бойын қуаныш кернеп, кең далаға құлаш сермеген қазақ қасиетті құндылықтарын тереңінен, түптамырынан бастап жинақтады, топтастырды. Әуелі экономикасы қарышты дамыған мемлекеттің рухани-мәдени мұрасы кезең-кезеңімен сараланып, ұлт мүддесі руханиятпен тікелей байланысты. Сонау сақ дәуірінен басталатын тарихымыз түгенделіп, көшпенділердің мұрасы, қазаққа тән менталитет, барлығы бір арнаға тоғысты. Өшкеніміз жанып, өткеніміз ұлықталды. Осыны үлкен саясатпен іске асыра білген Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев ұлы халықты ұлы мұратқа жетелеуде. Оның нақ төрінде «Мәңгілік Ел» идеясы тұр. Міне, соған апарар жол ретінде Елбасы болашақтың бағдары өткеннің өнегесінде екенін білдірді. Сөйтіп, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлмалық мақаласын жариялап, тарих сабақтастығын жалғаудың мақсатын айқындап берді.
Аталмыш мақала егемендік жылдарда жеткен жетістіктерімізді одан әрі еселеп, алға қойған ұлы мақсаттарға жетудің берік тұғырын орнатудың жарқын көрсеткіші болып отыр. Осы бағдарламалық мақала арқылы Мемлекет басшысы халқымыздың тағылымы мол тарихын, салт-дәстүрлерін елде жүргізіліп жатқан саяси реформа мен экономикалық жаңғырудың өзегіне айналдыра отырып, қазақстандық қоғам мен әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты негізгі бағытын белгілеп берді. Олардың барлығы теңдесі жоқ тарихи мазмұнға ие бола отырып, алдағы дамуымыздың басты қағидаларын анықтады. Онда қазіргі таңда аса өзекті болып табылатын, әрқайсысы қыруар жұмыс көлемін қажет ететін қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық жобалар түрінде бірқатар нақты шаралар қамтылған.
Бұл халқымыздың алдында жаңа көкжиектер кеңістігін ашып, елімізді саналық жағынан жаңа даму деңгейіне шығаратыны сөзсіз. Жалпы, рухани жаңғыру деген өшкенімізді жаңғыртып, өлгенімізді тірілту, өткенге байыппен қарап, рухани қазынаны қайта жаңғырту. Ол санадан бастап салт-дәстүрге дейінгі барлық құндылықты қамтиды. Демек, қолдағы барды бағалап, қадір-қасиетіне жетіп, өмірде қолдана білу – кейінгі ұрпаққа міндет. Осы тұста, латын әліпбиіне көшу, ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизм, қарышты дамыған заманда бәсекеге қабілетті болу – дамушы елді өркендетудің озық үлгісі болып отыр.
Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезім мен дүниетанымға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен терезе теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру керек. Сағат сайын қарыштап дамыған жаһанда бәсекеге қабілеттілікті жоғалтпай, тұғырлы саясаттың бағытын нық ұстап, өркениеттің тізгінін босатпауда, соған қоса ұлттық болмысты өзгеріссіз сақтап қалуда руханият пен мәдениетті дамыту қажеттілік. Міне, рухани жаңғырудың өзегі осы. Осы қағидатты ұстанған қазақ елінің даму көкжиегі айқын болары анық. Оны аталған бағдарламалық мақаланың іске асырылуы барысында айқын аңғарып келеміз. Бұл, бір жағынан, ел дамуының бағдары болса, екінші тұрғыдан, руханиятты түгендеудің, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға қастерлеп қараудың, оны дәріптеудің бастауы болғаны айқын.
Жоғарыда айтқандай, рухани байлығымызды жинақтау кезең-кезеңімен жүзеге асуда десек, бағдарламалық мақаланың заңды жалғасы ретіндегі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын Ұлт Көшбасшысы тағы да дер уағында жария етті. «Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті». Айшықты айқындама, дәйекті түсініктеме. Расында, ширек ғасырдан аса азаттығы бар ел әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамып, тұрмысын түзеп алды. Тіпті, шет мемлекеттермен тығыз байланыс орнатып, терезесі тең дәрежеге жетті. Жаһан жұрты қазақ елін қойнауы қазынаға толы байлығы бар екенімен емес, бұл Ұлы дала елі екенін, түрлі өнердің, құндылықтардың түп-төркіні осында екенін білуі тиіс. Дүниенің таңғажайыптарын дарынымен ұғынып білген қазақ даналары төрткүл дүниеге танылуы қажет. Қазақ деген ұлы елді әлем жұрты жан-жақты жақсы қырынан білгендері дұрыс. Міне, осылар «Ұла даланың жеті қыры» мақаласының басты мүддесі.
Жалпы, мақала бүгінгі жаһандану жағдайында ел бірлігін сақтау барысында халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай тарихын танып әрі әлі ашылмаған қырларын зерттеуге шақырады. Егер ұлт рухани және материалдық дүниетанымдарын меңгермесе, ол бірегейлігінен айрылады. Сондықтан бұл мақала біртұтас халық болып қалыптасудың маңызды механизмі саналады.
Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесі, танымдық мұрасы мен дүниетанымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыпы, өлең-жырлары, ұлттық ойындары, музыкалық мұрасы, аспаптары баға жетпес асыл қазынасы. Ал мақалада айтылған атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек Жолы, Қазақстан – Алма мен Қызғалдақтың отаны секілді Ұлы даланың жеті қыры шартарапта қазақ деген дана халықтың ерекшелігін айқындайтын құнды дүниелер. Сол тарихи әрі рухани байлықты сақтап, әрі қарай дамыту міндеті мақалада көрсетілген. Бұл тұрғыда Ұлт Лидері «Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», – деді. Яғни, кеңістіктегі қазақтың рөлі, ұлт ретіндегі өзіндік жолы бөлек екенін дәлелдеу тұжырымы бар.
Мәселен, атқа міну мәдениеті қазақта қалыптасқанын анық айта аламыз. Өйткені, қазақ тұрпаты жылқы жануарына сай келеді деп жатамыз. Оның үстіне бала жастан атқа мініп өскен халықтың өмірі ат үстінде өткен. Адамға сипаттама бергенде жылқы мінезді дейміз. Халық нақылында «Ат – ер қанаты» деген бар. Тағысын тағы. Осының бәрі айналып келгенде қазақ халқының ат баптап, жылқының қасиетті жануар екенін ұғынғанын білдіреді. Сол себепті атқа міну мәдениетін қалыптастырған қазақ дегенге ешкімнің таласы болмас. Мемлекет басшысы айтқан өзге де Ұлы дала қырлары қазақ жұртына тән айшықты дүниелер. Олар осы дархан даланың рухани байлықтары. Оған қастерлеп қарау, Ұлы дала кеңістігінен шыққан өркениеттік жетістіктерді ұмытпау әрі дәріптеу – ұрпақтың үлесінде.
Жалпы айтқанда, рухани жаңғырудың заңды жалғасы болған мақала түркі жұртының тарихымен сабақтасып, қазақ елінің даналығын, даралығын дәріптейді. Бұл мақсатта түрлі жобалар қолға алынып, жүзеге аспақшы. Осыған бір кісідей атсалысқанда бізді жаһанның түкпір-түкпірінде ел-жұрт білетін, танитын болады. Танығанда тарихымызбен, түп-тамырымызбен білмек. Осы ретте, арғы текті түгендеп, тарихты жаңғыртып, келер ұрпаққа аманаттау – бүгінге парыз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ