Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай...
Ұлттық руханияттың белгісі – мәдени мұраға иек арту, жаһандануға жақындау мен ұлттардың өзіндік болмысын сақтауы болып табылады. Осынау өркениетке ұмтылып отырған уақытта ұлттық тәрбиеміз бастау алған бесік жыры бүгінде ұрпақтар сабақтастығында маңызын жоймайтын мәңгілік тақырып.
Дүниеге жаңа келген сәбидің өмірге деген құштарлығын, айналасына деген сүйіспеншілігін қалыптастыратын алғашқы қадам – ана жүрегін жарып шыққан «Бесік жыры». Иә, өнегелі сөздермен өрнектелген бесік жыры сәбидің жан дүниесіне рухани азық беріп, имандылықтың ұрығын жүрегіне себеді. Сондықтан да біздің ата-бабаларымыз сәбиін әнмен жұбатып, әнмен оятқан десек, сол бесік жыры ауыздан-ауызға тарап, әр баланы жөргегінен-ақ батыр да, батыл болуға тәрбиелеген.
Жасыратын не бар, қазіргі таңда рухани дәстүріміздің әлсізденіп бара жатқан бір бөлшегі бесік жыры. Бүгінгі жас аналарымыз осы қастерлі жырды айта алады ма? Көпке топырақ шашудан аулақпыз, көненің көзін көрген ақ жаулықты әжелеріміз бен абзал аналарымыз болмаса қазіргілердің көбі оған аса назар аудармайтын секілді.
Айтуға ұят, әрине бесіктегі сәбиді ойнатып, ұйықтату үшін ұялы телефонды нәрестенің бас жағына қойып, даңғыраған шетел музыкасын қосатындар баршылық бұл қоғамда. Ол әлі дамымаған сәбидің психологиясына қалай әсер етеді? Бала түгілі ересектер қолданса зияны көп қалтафонның қатері қандай екенін сол жас аналар білмейтіні анық.
«Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» деген Төле би бабамыз. Бесік кең дүниенің есігі болса, сол бесікте жатқан сәби шетел музыкасын тыңдап өссе еліміз не болмақ?! Ал еліміздің болашағы сол бүлдіршіндер екені бәрімізге айғақ. Осы тұста тағы бір орамды сөз ойға оралады: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе». М.Әуезовтің бұл сөзіне ой жүгіртсең, елдің санасы сонау бесік тәрбиесімен байланыста екенін айтады. Қазақ даналығының алтын қазынасы тіл мен тәрбиеде жатқаны анық. Ғасырлар бойы көшпелі қазақ жұртының өмірден алған тәжірибесі, бүгінгі күнде қазақ елінің тағдырына үлкен үлесін қосуда.
«Жас балаға қазақтың әлди-әлди деп басталатын бесік жырын жырлау керек. Бұл жырдың күйі де, сөзі де тәтті» – деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, бесік жырын айту әрбір ананың сәби алдындағы қасиетті борышы. Оны орындамасақ, ата-баба дәстүріне қиянат жасағанымыз. Келешек бүлдіршін жас буынымыз саналы да инабатты болып өссін десек,қазірден бастап тәрбиені бесік жырынан бастағанымыз жөн.
Бесікке бөленіп өскен баланың бір ерекшелігі – бесігін аңсап тұратындығында. Ондай бала өзінің бесігіне жатпаса, мазасызданып, ұйықтамай қояды. Ықылым заманнан бері бала әбден тойған сәтте анасы бесікті жайлап тербете отырып, бесік жырын айтатын болған.
«Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазған поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде. Әйгілі Затаевичтің «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай...» деуінің астарында көп сыр бар. Ал мұның басты себебі баланың бесік жырын тыңдап өскендігінде жатыр. Ал, әншілік өнер қазаққа неге жат болуы керек?! Керісінше, кешегі от ауызды, орақ тілді, сөзге жүйрік бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы тілден айырылмауы қажет. Мақалдатып сөйлеген былай тұрсын, көрген оқиғасын, оқыған әңгімесін баяндап айта білмейтін, әсерлеп жеткізе алмайтын жастар көп. Ендеше, қазақы мінезіміз бен болмысымызға қайта оралу үшін әр ана бесік жырын сәбиінің бойына сіңіріп өсіруі керек. Бесікке асыла отырып мейірлене бала емізген анадан, бесік жырын айтып отырған келіннен сұлу әйел жоқ. Осыны санамыздан шығармағанымыз жөн, болса керек....
Майя СЕЙДІКӘРІМ