Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БІРЛІК. ТӘУЕЛСІЗДІК. БОЛАШАҚ.

БІРЛІК. ТӘУЕЛСІЗДІК. БОЛАШАҚ.

Ұшқан құстың қана­ты талып, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын кең-байтақ Атамекен қазақтың қай баласы үшін де қасиетті. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ұшы-қиыры жоқ атырапты қорғап, ұрпақ үшін барлық ауыртпашылықты көтерген ата-бабамыз киелі Туған жерді бізге аманат етіп қалдырған. Ал, осыдан 26 жыл бұрын Тәуелсіздікке қол жеткізген ұмытылмас күн – ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалған тарихи сәт еді. Бұл қазақ халқының жаңа дәуірге жаңа тыныспен, жаңа серпіліспен, жаңа көзқараспен нық қадам басуының алғышарты десек қателеспейміз.

БІРЛІК – БАҚЫТ БАСТАУЫ
Дана халқымызда «Елу жылда ел жаңа» деген тағылымды сөз бар. Ал, егемен еліміздің жаңаруына, заман талабына сай өркендеуіне, адам танымастай әдемі кейіпке енуіне небәрі 20 жылда қол жеткіздік. Қиын кезеңде ұлт тізгінін ұстап, елді адастырмаған, дамудың даңғыл жолына жетелеген Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының негізінде Отанымыз – әлемнің айтулы саясаткерлері, мықты мемлекет басшылары, көрнекті қоғам қайраткерлері бас қосатын қадірлі шаңыраққа айналды. Экономикамыз дамыды, әлеуетіміз артты. Жаңа нысандар бой көтеріп, барлық өңірлер өркендеу жолына түсті. Ең маңыздысы, алыс-жақын елдер Тәуелсіз Қазақстанмен санасатын, ақылдасатын деңгейге жеттік.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың ынтымақ-бірлігінің арқасында мүмкін болған жарқын жетістіктерді әркез тамыры терең тарихымызбен, ұлттық құндылықтарымызбен, ұстанымдарымызбен байланыстырады. «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы Тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттілігін қалпына келтіре алды» деген Ұлт Көшбасшысы бірлік – барлық бақыттың бас­тауы екенін айтқан болатын.
Иә, ел бірлігі – ең асыл қасиет. Өйткені, ынтымақ – ырысты молайтумен қатар, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Сол себепті, көнекөз қариялар «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деп ой түйіндейді. Бұл ретте Тәуелсіз Қазақстан Республикасының өзгелерге үлгі боларлық өзіндік жолы бар. Әлемнің 200-ге жуық елімен тығыз дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан еліміз әріптестік байланыс аясын кеңейтіп, сенімді жүйе құрды. Соның негізінде қысқа мерзімде жарқын жетістіктерге қол жеткізіп, халықаралық, әлемдік ұйымдарға мүше болдық. Тіпті, егемен еліміз әлемнің дамыған мемлекеттерінің басын бір арнаған тоғыстырған ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ТМД, ШЫҰ секілді бірқатар ұйымдарға мүше болып, төрағалық етті. Ал, 2018 жылы тарихта алғаш рет Қазақстан Рес­публикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуді бастады. Егемен ел тарихындағы осынау елеулі оқиғалар Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық шешімдерімен, дипломатиялық дарынымен, ел игілігі жолында атқарып келе жатқан ерен ең­бегімен тығыз байланысты екені анық.

ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘУ ЕТЕР КИЕЛІ ҰҒЫМ
Елбасының саяси ұстанымдарын ел арасында түсіндіріп, оны жүзеге асыру бағытында аянбай еңбек еткен Сыр өңірінде ардақты азаматтар көп. Туған жерді түлетуді азаматтық парыз санап, аймақтың дамуына айрықша үлес қосқан олар кейінгі буынға әрқашан үлгі-өнеге. Тәуелсіздік жылдарында облысты басқарған Сейілбек Шаухаманов, Бердібек Сапарбаев, Серікбай Нұрғисаев, Икрам Адырбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Болатбек Қуандықов және қазіргі кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының сенім артқан өкілі ретінде алты Алашқа ана болған қасиетті Сыр өңірін өрге сүйреп, жаңа заман талабына сай дамытты. Ширек ғасырдың ішінде облыста жасампаз жобалар жүзеге асып, жоспарлар артығымен орындалды. Жаңа кәсіпорындар ашылып, халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты жақсара түсті. Салалар дамуы қарқын алды. Жоғары деңгейде жүзеге асқан осындай жұмыстарға қарап, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойында Елбасы: «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады. Кеңес одағы күйреген 90-жылдардың басында менің алдымда бүкіл Қызылорда халқын көшіру турасында мәселе тұрған болатын. Дала қаңырап қалды, жер сортаңданды. Арал аймағында жұмыс қалмай, Сырдың өзінде бірде су тапшы болса, енді бірде асып-тасып жатты. Сонда ақсақалдармен ақылдасып, бәрін қолға алып, жағдай жасауды бастадық. Кіші Аралға халық қайта келіп, балық кәсібіне ден қоя бастады. Қызылорда арқылы өтетін автокөлік желісі салынды. Газ құбыры да батыс­тан оңтүстікке келді. Сырдың үстінен көпір салынды. Қызылорданың өзі де көркейіп, әлемнің 20 елінде ғана жүрекке жасалатын операция осында жасалатын болды» деп баға берді. Түптеп келгенде, ел Президентінің бұл бағасы күрішті, ырысты, берекелі аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігінен, даму деңгейінен және соны серпілістерінен сыр шертіп тұр.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында 800 мыңға жуық адам тұрады. Туу деңгейінің жоғары екенін ескере отырып, сарапшылар таяу жылдары халық саны 1 миллионға дейін жетеді деп болжап отыр. Сонымен бірге, өңірде Солтүстік Арал жобасының бірінші кезеңі іске асты, күре жолдар (автомобиль, темір жол, газ және су құбырлары) салынды. Кәсіпкерлік саласы дамып, аймақ құрылыс алаңына айналды. Ал, Сыр салысын өсіруді шебер меңгерген дала дихандары соңғы 5 жыл бойы рекордтық көрсеткіште өнім жинауда. Осылайша, жыл санап Сыр өңірі халқының өмір сүру сапасы артуда. Мұның бәрі тұғырлы Тәуелсіздігіміздің мәуелі жемісі.

БОЛАШАҚ КІЛТІ – БІЛІМДЕ
Білектінің заманы өтті, білімдінің заманы келді. Бой емес, ой жарыстыратын, сән емес, мән қуатын кезең қазір. Заманның даму бағытын тереңнен түсіне білген Елбасы сол себепті, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты маңызды мақаласын жариялады. Бағдарламалық мақала қай қырынан алсақ та қазақ қоғамы үшін үлкен сілкініс тудырды. Ой салды. Жоспарларымызға қанат бітіріп, бағытымызды айқындады. Ендігі кезектегі бас­ты мақсат – білім мен ғылымға кең құлаш сермеп, техника мен технология тілін меңгеріп, елге адал қызмет ету арқылы әлемдегі озық отыздыққа ену.
Қазіргі таңда заман талабына сай білім беру – әр мемлекеттің келешегіне кемеңгерлікпен қарауы десек артық айтқандық емес. Бұл бағытта Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен халықаралық «Болашақ» бағдарламасы өмірге келіп, алыс-жақын шет елдердің үздік жоғары оқу орындарында қазақстандық жастар білім алуда. Олардың басым бөлігі қазіргі таңда елімізде жемісті жұмыс жасауда. Ал, бүгінгі күні шет елдерде білім алып жатқан азаматтар егемен еліміздің экономикасына, саясатына, даму бағыттарына соны серпілістер мен тың бастамалар алып келетініне сенім мол. Осы ретте, Елбасының бастамасынан серпін алып, үкіметаралық келісімдер жүргізіп, нәтижесінде қызылордалық түлектердің Ресей мемлекетінің бюджеті есебінен білім алуына жағдай жасаған облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының ерен еңбегін айтпай өту мүмкін емес. Аймақ жастарына жасалған бұл қамқорлық – мемлекеттік қолдаудың жарқын көрінісі екені анық. Келесі жылы жоғары оқу орындарын аяқтап, қолға дип­лом алып, мамандық иесі атанып, елге оралатын қызылордалық студенттер өңірді өркендету жолында талмай еңбек етері сөзсіз. Міне, болашақ үшін жасалған ең игі жұмыстардың бірегейі осы.
Ғаламдық жаһандану кезеңінде алпауыт елдерге жұтылып, жойылмаудың бірден-бір жолы үздіксіз білім алумен қатар, ұлттық салт-дәстүрлерімізді бойына жинаған, білімді де білікті жастарды тәрбиелеу болып табылады. Ол үшін тәлім-тәрбиені жанұядан бастаудың маңыздылығы зор. Қорытындылай келе, рухы биік мемлекеттің ұлттық құндылықтарын көздің қарашығындай сақтау әрбір азаматтың парызы екенін тағы да айтқым келеді. Өйткені, бүгінде кез келген қазақстандық «Мен қазақпын!» деп мақтана алатындай дәрежеге жеттік. Лайым, ұлттың тізгінін ұстаған Елбасымыз аман болып, Тәуелсіз Қазақстан Республикасы дамып, өркендей берсін!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

09 қаңтар 2018 ж. 2 197 0