Қос қаламгер сапары
Осыдан 8 жыл бұрын аудан өмірінде тарих қойнауына енген елеулі оқиға болды. Біз сөз еткелі отырған 2018 жылы Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығы мен Сырдария ауданының 90 жылдығы аталып өтті. Әрине, ауданның 90 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде жүзеге асып, еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері келді. Ауданға келген делегация құрамында «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Құрметті жазушысы Қайырбек Асанов пен зайыбы, ақын Күләш Ахметова да бар еді.Тарихи күнде аудан жұртшылығымен ортақ қуанышты бөліскен қос ақынның сапарынан естелік болып қалған бір суретті ақын Ақтөре Ибрагимұлы бізге табыстаған еді. «Бір сурет тарихы» айдары бойынша қаламгерлер сапарын оқырман қауымға таныстыруды жөн көрдік.
Ол кезде Сырдария ауданының әкімі – Ғанибек Қазантаев. Қонақтарды күтіп алу, мерейтойға қатысуын қамтамасыз ету бөлім және мекеме басшыларына жүктелген. Қос ақынды сол кездегі аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бекмұрат Омаров қарсы алған.
– Ауданның 90 жылдық мерейтойын абыроймен өткізу әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік болды. Аудан басшысының пәрменіне сәйкес, қос ақынның жанынан табылып, қолымыздан келгенше қызмет еттік. Сан салада өзіндік тәжірибесі бар ардақты азамат Сәбит Отызбаев екеуіміз Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованы ортаға алып, дидарласып тұрғанымыз таспаланған екен. Қос ақынға құрметіміз ерекше. Қазір арамызда Сәбит ағамыз бен Күләш апамыз жоқ. Ел сыйлаған игі жақсылармен бірге жүріп, атаулы күннің сәтті өтуіне атсалысқаныма дән ризамын, – деді Бекмұрат Омаров.
Өткен жылы Тараз қаласына арнайы іссапармен барғанымызда қос ақынның шаңырағында болып, Қайырбек Асановтың қайғысына ортақтасқан едік. Олар сан жыл бойы өмірде де, поэзияда да қол ұстасып, бірге жүрді. Ел-халықтың мұңын жоқтап, отты жырларымен оқырман жүрегінен жол тапты. Өткен жылы 80 жылдық мерейтойын тойлаған Қайырбек Асанов туған жер топырағына келіп, зайыбының қазасына байланысты қайғысына ортақтасқан жергілікті жұртшылыққа алғысын білдірді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










