Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АСТАНА КҮНІ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

АСТАНА КҮНІ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ


Бүгін Сырдария ауданында «6 шілде – Астана күні мерекесіне» орай ауқымды іс-шара өтті. Шараға аудан тұрғындары мен қонақтары, ардагерлер, үкіметтік емес ұйым төрағалары, белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Мерекелік іс-шарада аудан әкімі Ғ.Қазантаев құттықтау сөз сөйлеп, айбынды Астананың 20 жылдығы еліміз үшін қуанышты мейрам екенін атап өтті.
– Астана ең қысқа мерзім ішінде салынып, бүкіл еліміздің қарышты дамуының нышанына, жаһандық сәулет өнеріндегі қайталанбас «Ғасыр жобасына» айналды. Ұлы Даланың елордасы әлемнің түкпір-түкпіріндегі халықтың басын қосатын халықаралық бітімгерлік алаңы болып танылды. Астанада дүниежүзілік мәселелер талқыланып, жалпы адамзаттық озық идеялар жүзеге асырылуда. Астана қаласының 20 жылдығы құтты болсын! Еліміз дамып, өркендей берсін,- деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, аудан басшысы «Астана 20 жыл» мерекелік медальдарын аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікеновке, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Омаровқа, еңбек ардагерлері Р.Бәйменовке, А.Бахтияроваға, С.Сәдуақасовқа, Т.Жұмабекұлына табыс етті.
Ал, қазіргі таңда жемісті жұмыс жасап жүрген бірқатар мамандар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы мен Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев оқушылар арасында ұйымдастырылған спорттық жарыс және сурет салу байқауының жеңімпаздарына «Алғыс хат» берді.
Мерекелік іс-шарада патриоттық әндер айтылды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары орталық алаңды әсем әнге бөлеп, аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ақтөре Ибрагимұлы,
Аудан әкімінің баспасөз хатшысы
06 шілде 2018 ж. 2 284 0