Бір тағдыр – бір тарих

Ізтай Әбілдаев 1925 жылдың сәуір айында Тереңөзек ауылында (қазіргі Тереңөзек кенті) дүниеге келген. Он жеті жасқа келген шағында әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын шекара қызметімен өтеген. Қатардағы жауынгер Жапонияға қарсы ұрысқа қатысып, одан әрі Шығыс Кавказ майданында ерлік көрсеткен. Соғыс жылдарында Ізтай Әбілдаев бірнеше рет жараланып, емделіп шықса да, майдан қатарына қайта қосылған. Сонымен қатар Қырымды азат ету ұрысына қатысқан. Басында атты әскер қатарында болып, одан Берлинге дейін жаяу әскер қатарында шайқасты. Соғыс жерінде қан кешкен ардагер нағыз отансүйгіштік пен қайсарлықтың үлгісі.
Ол майдан даласынан ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан болып оралады. Туған жеріне келісімен ішкі істер органында қызмет етуге кірісіп кеткен. 1953 жылы КПСС мүшесі өмірлік жары Ақбөпе Әуезовамен шаңырақ көтеріп, 9 баланың тәлім-тәрбиесіне етене араласқан. Бейбіт өмірде еселі еңбек еткен Ізтай Әбілдаев зейнетке шыққанға дейін аудандық жинақ кассада бас бухгалтер қызметін абыроймен атқарған. Оның соғыс жылдарындағы көрсеткен өшпес ерлігі мен бейбіт күндегі елі үшін еткен еңбегі өлшеусіз. Жастық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген майдангердің өмірі қайталанбас ауыр тарихтың куәсі. Денсаулығының сыр бергеніне қарамастан елге қызмет еткен елі сүйген азамат.
Сол жылдары Жеңіс жолындағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен, «Ерлігі үшін» ІІ дәрежелі медалімен, «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған. Одан кейін «Ұлы Жеңістің 20, 30, 40 жылдығына» мерекелік медальдарымен құрмет төрінен көрінген. Отбасында сүйікті әке, еліне еңбегі сіңген майдангер 1994 жылы өмірден өткен.
Бүгінде ұрпақтары – білімді, парасатты азаматтар. Олар ата жолын жалғап, Ізтай Әбілдаевтың есімін ардақ тұтып келеді. Зұлмат өмірдің куәгеріне арнап биыл Тереңөзек кентінен Ізтай Әбілдаев құрметіне көше атауы берілді. Ұл-қыздары ардагер рухына арнап кең көлемде ас беріп, құран бағыштады. Майдангердің ғибратты ғұмыры – туған елге деген жанашырлығы мен адалдығының жарқын көрінісі іспеттес. Оның ерлігі келер ұрпаққа үлгі болары анық.
Г.ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ