Зұлмат күндердің куәгері

Кейіпкеріміз 1910 жылы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1932 жылы сол кездегі Қызылорда ауданының №5 ауылдық Советінде хатшы қызметінен бастаған. 1938-1941 жылдар аралығында Тереңөзек аудандық халық сотының орындаушы қызметін атқарған. Қызметте жүрген кезінде, 1941 жылы әскер қатарына алынып, ұрыстарға қатысқан. 1943 жылы майдан даласынан жаралы оралады. Сұм соғыс Төлеген Халықовты оң қолының жартысы мен саусақтарынан айырған. Аптал азамат денсаулығы сыр берсе де, мойымай халықпен қатар жұмыс істеуге бел буады. Сөйтіп біршама лауазымды қызметте жұмыс істеген. 1949-1951 жылдар аралығында аудандық қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі, 1952-1955 жылдары аудандық жол жөндеу мекемесінің меңгерушісі, 1955-1963 жыл аралығында «Қызылдихан» колхозы басшысының орынбасары әрі партия ұйымының хатшысы қызметін абыроймен атқарған. Кейінірек 1980 жылға дейін аудандық совхоз шаруашылығының меңгерушісі, кадр бөлімінің инспекторы болып жұмыс істеген.
Өмірлік жолын сұрапыл соғыс пен қызметке арнаған Төлеген Халықов жұбайымен бірге үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде сол алты баладан тек екі қыздың ғана көзі тірі. Біреуі Астанада тұрса, екіншісі – Тараздың тұрғыны. Өзі 1986 жылдың 12 желтоқсанында айықпас дерттен дүниеден өткен. Осындай әрбір жауынгердің өшпес ерлігін барша ұрпақ білуі парыз.
Алғашқы медалін Ұлы Жеңіс күнінде 1945 жылдың 9 мамырында алған. Сондай-ақ Отан алдындағы еңбегі лайықты бағаланып ІІІ дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен қатар бірнеше медальдармен және Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Оның қайталанбас рухты ерлігі мәңгі есте қалары анық. Әр соғыс ардагері құрметке әбден лайық. Туған жерімізден қан майданға аттанған әрбір жауынгердің өмір жолын білу өскелең ұрпаққа парыз. Ол тұнып тұрған тарих.
Сұрапыл соғыстан жаралы оралса да, туған жерінің дамуына еңбегі сіңген Төлеген Халықов ұрпағының жадында мәңгі сақталады.
Г.ТАБЫНБАЙ