Екі соғыстың куәгері

Биыл Зікірия Тобағұловтың туғанына 100 жыл толды. Қазіргі Жалағаш ауданына қарасты Ақарық колхозында дүниеге келген ел ағасы 18 жасында майдан даласына аттанады. Кеңес әскерінің қатарына алынған сарбаз Хабаровск өлкесіндегі Даурии стансасында №649 атқыштар полкінің құрамына енеді. Қан майдан даласында ерлігімен танылған майдангер жаудың бетін қайтарып, оқ пен оттың ортасында болған.
– Менің әкем 2 жасымда өмірден өтті. Жеңіс сарбазы 1946 жылы Қиыр Шығыста жапондықтармен болған соғысқа да қатысқан. 4 жыл бойы №23506 әскери бөлімінде бақылаушы атанған. Әрине, әкемнің майдан даласында жасаған еңбектерін мақтанышпен айта аламыз. Анамыз Оразкүл үнемі әкеміздің байсалдығы мен іскерлігін бізге айтып отыратын. Бұл ретте 7 жыл бойы екі бірдей соғысқа қатысып, жеңіспен оралған ардақты азаматтың абыройы қашанда биік болатыны мәлім. Мен осындай ел үшін туған азаматтың ұлы болғаныма дән ризамын, – деді мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ұлы Сталбек Тобағұлов.
Елге Жеңіспен оралған Зікірия Тобағұлов №35 М.Калинин атындағы орта мектепте білім алған. Әр жылдары Сельстройда техник, аудандық АҚАЖ бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Соңғы қызметі аудандық ішкі істер бөлімінде кезекшілікте тұрған сәтте оқ тиіп, кенеттен қайтыс болған. Қандай салада болсын біліктілігімен танылған арда азамат қызметтегі тазалығымен, білімділігімен танылды. Оның зайыбы Оразкүл Тобағұлова комхозда сала маманы бола жүріп, 2 мәрте халық қалаулысы атанған. Аяулы ана ұлы Сталбектің жоғарғы білім алуына зор ықпал етті. Анасының тәлімін алған Сталбек Зікірияұлы мемлекеттік қызметте өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Тектінің тұяғы әр жылдары аудан әкімшілігінде, аудандық мәслихатта, Тереңөзек кенті әкімшілігінде жауапты қызметтерді атқарып, еңселі еңбек етті. Оның ішінде басшылық қызметтерде болды. Сәкен Сейфуллин ауылының, Тереңөзек кентінің, ауданның дамуына, гүлденуіне зор үлес қосты. Бүгінде Сталбек аға әке салған сара жолды жалғастырып, зайыбымен бірге 3 перзенттен 4 немере сүйіп отырған ардақты аға.
Өз кезегінде Зікірия Тобағұлов майдан даласындағы ерлігі үшін бірнеше медальмен марапатталған.
Балтабай ОРДАБЕКОВ