Сыр сүлейі – Рахмет Мәзқожаев
«Жігіттер, біз бір-бірімізді ақын дегеннен гөрі сүлей деп атайық. Мысалы, «Шаһизада сүлей» десеңіздер құлаққа да жағымды естіледі әрі Қорқыттан бастау алатын аймағымыздың әдеби тарихын тереңдете түсеміз» деді Шаһизада Әбдікәрімов Қазақстан Жазушылар одағының кезекті құрылтайынан соң бас қосқанымызда. Алматыдағы алқалы жиыннан шабыттанып келген сырбойылық бір топ қаламгер Шаһизада ағамыздың бұл ұсынысын орынды деп, пікірін қуаттай түсті. Сол сәтте менің ойыма сүлей ұғымымен қатар атақты ақын, жырау Рахмет Мәзқожаевтың есімі оралды. Аманкелді ауылында кіндік қаны тамған дара дарын иесі – Сыр сүлейлерінің бірі де бірегейі еді.
Батыр бабамыз Аманкелді Имановтың рухы Сырдария ауданының жұртшылығына риза шығар. Атында іргелі ауыл да бар, үлкен көше де бар. Ұлт азаттық көтерілісінің басшысы болған батырдың есімін иеленген Аманкелді ауылы аудан орталығынан шалғайда орналасқан демесеңіз, өнері өрісті, мәдениеті мерейлі, халқы еңбексүйгіш, үлкен-кішісі ала жаздай еңбек етіп, адал істен нәпақа тауып отырған елді мекен. Бұл ауылда халық ақыны Қуаныш Баймағанбетовтің есімі берілген білім ордасы бар. Биыл үздіктер көшін бастап, білім саласы бойынша берілетін арнайы марапатқа ие болды. Мектепке барар жолда алыстан менмұндалайтын еңселі ғимаратта ауылдық мәдениет үйі орналасқан. Мәдени-көпшілік іс-шараларға, түрлі бағыттағы жиындарға қатысу үшін осы мекемеге жиі бас сұғамыз. Ауылдық мәдениет үйіне Рахмет Мәзқожаевтың есімі берілсе деген ұсынысы бар еңбек ардагері Ғалия Арынова ауылда ұйымдастырылатын үлкенді-кішілі іс-шаралардың әркез басы-қасында жүреді. Турасын кесіп айтатын ардагер ананың болмысынан тектілік анық аңғарылады. Менің бұл кісімен таныстығымның тарихы небәрі он жылдың төңірегі болғанымен, әрбір кездесуде бірнеше ғасырлық тарихты түгендеп, әңгімеміздің түйінін әріден сабақтаймыз. Бұл жолы да ол кісі Сыр сүлейлері туралы тебірене әңгімелеп, Аманкелді ауылында туып-өскен Рахмет Мәзқожаев туралы айтып берді.
– Сүбелі сөз иесі Рахмет Мәзқожаев – қазақтың рухани қорына мол олжа салған есім. Әкеміз туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Кезінде Өтеген Жаппархан мен Дүйсенбек Аяшұлы облыстық газет-журналдарға бірнеше рет мақала жазды. Жалпы ел-жұрт, өнерден хабары бар азаматтар әкемізді ерекше құрметтейді, – дейді Ғалия Арынова.
Иә, расында да өңірдің өнері мен мәдениетінде, тарихында Рахмет Мәзқожаевтың есімі құрметпен аталады. Айтулы ақын, әрі жырау болған ол 1881 жылы Аманкелді ауылында дүниеге келген. Тарихи деректер мен ғалым-сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, Рахмет Мәзқожаев тумысынан өте зерек болыпты. Өлең айтып, жыр жаттауға бейім дарын иесі соғыс жылдарында атақты Нартай бастаған өнер тобының белді мүшесі болып, ел арасында өнер көрсеткен. Сол кездегі жаны жүдеген ауылдастарын адал еңбекке, бірлік пен ынтымаққа жігерлендірген жыршының еңбегі ерен. Кейіннен «Қызыл отауды» басқарған. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы өзінің «Ол құлагер болғанда, біз – мұрагер...» атты мақаласында кеңінен баяндайды.
«Ақын Рахмет Мәзқожаев өз орындауындағы туындыларды тыңдаушысына өзгеше тәсілмен жеткізе білумен шектелмей, түркіге ортақ жырлармен қатар, қазақ ауыз әдебиетінің де насихатшысы болған. Бұрынғы заманда «ғылым докторы», «профессор» деген атақ болған жоқ, алайда халық сүлейлерге «сал», «дүр», «жырау» деген атақтар таңған. Бұл атақтар қазіргі ғылыми дәрежелерден бір мысқал да кем емес. Халық «Рахмет жырау» деп ат берген ақын таңды таңға ұратын жырларды жатқа айтып қана қоймай, оның тәлімдік қасиетін терең сезінген. Сол жырлардың туу тарихына қоса, өзіне дейінгі әрбір жеткізушінің мәнеріне салып, әр бөлек жырлай алған. Мысалы, ол «Көрғұлы» жырын 5 салаға бөліп, 14 түрлі мақаммен жырлаған. Бұл нағыз сөздің жүйрігі, жырдың Құлагері емес пе?! Жыраудың осындай ерекшеліктеріне мән берген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов 1958 жылы Алматыға арнайы шақыртып, оның орындауындағы «Көрғұлы», «Шахзада», «Шахнама», «Фархад-Шырын» сияқты бірнеше шығармаларды жазып алған. «Қыз Жібек» жырын білмегенмен, оның кинотуындысын көрмеген қазақ жоқ шығар. Егер Рахмет жырау сияқты жады да, жаны да ұлтына қызмет еткен аталарымыз болмаса, біз ондай інжу-маржандарымызбен мақтана алмас едік. Бұл жырды 1880 жылдары Мұсабай жырау жырласа, бізге жеткізген Әбілқайыр Дәнекеров, Қуаныш Баймағанбетов, Рахмет Мәзқожаев сынды жыраулар болды. Ал Мұсабайдың өзіне дейінгілерден үйренгені, олардың одан арғылардан алып келгені ақиқат» деп жазады белгілі ақын Дүйсенбек Аяшұлы.
Жоғарыда есімі аталған тұлғалар, өнер қайраткерлері негізінен синкреттік өнер өкілдері болған, яғни олар бірнеше өнерді қатар меңгере білген. Зерттеушілер Рахмет Мәзқожаевтың домбыра тарту шеберлігімен бірге, керемет айтыскер ақын екендігін және жағымды ашық үнді әншілік дарыны да ерекше болғанын айтады. Айтса айтқандай, Рахмет Мәзқожаев өз заманында Есдәулет Қандеков, Әбілда Жүргенбаев, Өкім Жайлауов секілді сөз жүйріктерімен сайысқа түскен. Бұл айтыстардың біразы 1966 жылы басылған «Айтыс» жинағының 3-томына да енгізіліпті. Жыраудың ескі таспаларда өз даусы да бар екен. Еңбек ардагері Ғалия Арынова оның бірсыпырасын көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі буынға хәл-қадірінше насихаттап жүр.
Біздің қолымыздағы «Дария жырдың дарабозы» тақырыбындағы мақаланы тебіренбей оқу мүмкін емес. Мақала облыстың ата басылымы «Сыр бойы» газетінде 2020 жылғы 6 маусымда жарияланған. Авторы – Аққошқар Сералиев. Ұзақ жылдар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде доцент болған азаматтың зерделеуінше, Р.Мәзқожаев соғыстан кейінгі жылдары ауыз әдебиеті нұсқаларын жинауға да ерекше үлес қосқан. Нақтырақ айтқанда, Ғылым Академиясына, Орталық ғылыми кітапхана қорына 60 мың жолдан аса қисса, өлең-жыр өткізіпті. Түркі жұртына кең тараған «Көрұғлы» дастаны Р.Мәзқожаевтың нұсқасы бойынша 1973 жылы жарыққа шыққанын да айтпай өту мүмкін емес.
– Даңғайыр жырау туралы сөз бастар алдында мына бір әңгімені айта кеткенді орынды көрдік. Бірде Қызылорда астана болып тұрған кезде, жерлесіміз сатирик ақын Асқар Тоқмағамбетов алғашқы тырнақалды туындысын көрсетпекші болып, Ілияс Жансүгіровке барған екен. Сол кезде ол кісі «Ойпырмай, бұл жерде қамыс көп пе, ақын көп пе?» деп таңғалыпты. Ілияс бекер таңданбаған. Жарық сәуле шашып, гауһартастай құбылған Рахмет секілді сан қырлы өнер иесінің жыраулық, ақындық, шығармашылық қазынасы бір-бір мектеп десек, артық айтқандық емес. Ол қазақтың ұлттық өнерінің тасада, уақыт шаңының астында көшпенді жұрт жаққан оттың қоламтасында сөнбей қалып қойған алмас жырларын, қорытпа-қорыш қиссаларын, шашылған асылының сынықтарын жинап, құрап, табиғи заттық болмыс-бітімімен әрлеп, оны бедерлі де әсем саф алтындай қорытып, сомдалған сұлу өнер туындыларын дүниеге әкелді.
Мұхтар Әуезов халық ауыз әдебиетіндегі қиссаларды жинап, ел ішінде жыраулық дәстүрді дамытқан Рахмет жыраудың талантына тәнті болып, оны Алматыға шақырып алады. Оның өзгелерден оқ бойы озық тұратын бір ерекшелігі – ол ұзақ қиссаларды таңды-таңға соғып, жаңылыспай жатқа айтудың жезтаңдай шебері еді. Дүлдүл жыраудың осы қасиетін жоғары бағалаған М.Әуезов оның түркітілдес ұлттарға танымал «Көрұғлы» эпосын бес салаға (дастанға) бөліп жырлаған толық түрін әдебиет институтындағы үнтаспаға жаздыртып алады. Институттың аға ғылыми қызметкерлері Оразгүл Нұрмағамбетова мен Мәлике Ғұмарова жүргізген бұл игілікті жұмыс «Батырлар жыры» атты көптомдықтың тобына кіреді.
Жырау 90 жастан асып, кәрілік келіп, шөгіп қалса да, алыстан Алатаудай биіктей түскен Мұхтардай ұлылар жинап тұрғызған өнертауына сүйсіне қарап тұрып: «…Мұхтар Әуезовпен дидарласқаным, үлкен ғұламалардың алдында бірнеше апта бойы ұзақ жыр толғаған кездерім – менің басыма бақ құсы қонып, қазақ еліне белгілі жырау есебінде танылған шағым еді. Осы мақсатқа жету – өмірлік арманым еді, орындалды» деп тебіренген екен, – дейді өз мақаласында Аққошқар Сералиев.
Халқымызда «Өнер – өміршең, мәдениет – мәңгілік» деген сөз бар. Өнер ұрпақтан-ұрпаққа жетуі үшін дәріптелуі, насихатталуы және лайықты бағалануы қажет. Осы ретте Рахмет Мәзқожаевтың аты Аманкелді ауылдық мәдениет үйіне берілсе деген ұсыныс өте орынды екені сөзсіз. Өйткені жырау, ақын, сүлей секілді атақтардың барлығына лайықты дара дарын иесі ретінде ұлттық құндылықтарымыздың ұрпаққа жетуіне, жыраулық өнердің өрісінің кеңеюіне өлшеусіз үлес қосты. Осы ретте мына бір оқиғаға назар салайықшы.
Бірер жыл бұрын белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Смағұл Елубаев Сыр өңіріне келіпті. «Бала күнімде Рахмет жырауды тыңдап едім, сол үн құлағымнан әлі күнге кетпейді. Сыр бойында Рахмет жыраудың мақамымен айта алатын кім бар?» – деп сұрапты ол сырбойылық өнер сүйер ағайыннан. Осы сұраққа жауап есебінде мәдениет саласының басшылары жазушыға қазір аты ақындық-жыршылығымен белгілі болып жүрген Айдос Рахметов пен Майра Сәрсенбаеваны апарып, жырлатқан. Оларды ұйып тыңдаған Смағұл ағамыз «Рахмет жыраудың өзі болмаса да көзі бар екен» деп ризашылығын білдіріпті. Шын мәнінде жыраудың өнері мен өнегесінің өмір сүре беретініне осы оқиғаны да дәлел қылуға болады. Қазір Айдос Рахметов пен Майра Сәрсенбаеваның Сыр өңірінің өнері мен мәдениетінде өзіндік орны, мәртебелі төрі бар. Олардан кейінгі буын Рахмет Мәзқожаевты танып-білуі үшін біз дария жырдың дарабозын дәріптей түсуіміз қажет. Ал осы сөз іспен үйлесуі үшін жыраудың 145 жылдығына дейін есімін жаңғыртып, көпке үлгі ете алсақ, тарихтың алдында да, болашақтың алдында да орындалған үлкен жұмыс болар еді. Оның үстіне ұлттық кодымызды сақтау үшін, рухани жаңғыруымыз үшін жыраулық дәстүрімізге мән беретін уақыт та келіп жеткен сияқты.
Рахмет жырауды халықтың көмбе рухани қазынасын ұлттық ою-өрнектерімен нақыштап жетілдірумен бірге, оны кеңінен насихаттаушы ретінде де қарастыруға болады. Оның тынымсыз еңбекқорлығы арқасында ел аузынан жинаған «Шахзада», «Ораз молда», «Сұрмерген», «Ағайынды үш жігіттің әңгімесі», «Жолбарыс мінген ұры», «Жеті ашық», «Қыз жібек», «Мұңлық-Зарлық», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырлары мен қисса-дастандары халқымыздың рухани шөлін қандыратын сарқылмас кәусар бұлаққа айналды. «Көрұғлы» жырынан кейінгі көлемді шығарманың бірі – «Қамбар батыр» жырының толық нұсқасы ақынның өз аузынан үнтаспаға белгілі ғалым Б.Ерзакович пен әдебиет зерттеушілері М.Ғұмарованың, О.Нұрмағамбетованың қатысуымен жазылған. Онда жырдың мазмұны мен көркемдік ерекшелігі өзге нұсқалардан өресі биік және өте айқын екені түсіндіріледі.
Бертін келе, 1975 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «Қазақ жазбаларының ғылыми сипаттамасы» атты кітапта әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Мардан Байділдаев: «Көрұғлы» жырының қазақ тіліндегі нұсқасы деп Рахмет Мәзқожаев жырлаған нұсқаны айтуға болады. Рахмет жыраудың жыр өлшемдерінде, тілінде, мазмұнында зерттеуді керек ететін жаңалықтар бар. Бұл нұсқада Көрұғлының ерліктері көбірек сипатталады. Басқа нұсқаларда Көрұғлының ерлік, қайрат көрсетуден гөрі аң аулап, серуен құрып, пері қыздарымен жүргені көбірек айтылған» – деп пікір білдірген екен. Ғұлама ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер талдау жасап айтқан осы зерттеу-пікірлер Р.Мәзқожаевтың жыр әлеміндегі жыраулық ерекшеліктерін дәлме-дәл шегелеп көрсеткендей. Осы орайда еңбек ардагері Ғалия Арыновадан атақты жыраудың шыққан тегі, отбасы туралы сұрап білдік. Байқауымызша бұған дейін бұл туралы көп жазылмапты. Себебі біз Ө.Жаппархан мен Д.Аяшұлының мақалаларынан жыраудың ұрпақтары, отбасы туралы таба алмадық.
– Мәзқожадан Рахмет, Арын, Жұман есімді үш бала туады. Рахметтен Шайзада, Ишанбек, Зейпін, Тұрсын есімді төрт бала тараған. Арын деген бауыры науқастанып небәрі 40 жасында қайтыс болыпты. Сөйтіп Рахмет әкеміз әмеңгерлік жолмен Патшагүлмен басқосады. Ал бәйбішесінің аты Бибігүл болған. Негізі Арыннан екі ұл, екі қыз тараған. Олардың есімі Дүйсен, Шатай, Алима, Қалима. Рахмет пен Патшагүлден Рысбек туса, Рысбек пен Сарадан Сайлаубек, одан Мирас есімді бала бар. Рахмет Мәзқожаев әкеміз 95 жасқа келіп қайтыс болған. Үйде аудиодиск пен кітабы сақтаулы тұр. Бұрын мен ауыл әкімінен бастап, аудан әкімі, облыстық мәдениет басқармасының басшысына дейін барып, әкеміздің есімін ауылдағы мәдениет үйіне беру бастамасын көтердім. Айтыс та, еске алу іс-шаралары да өткізілді. Жақында тағы да аудан басшыларының қабылдауында болдым. Парламент депутаттарымен бірге республикалық онамастикалық комиссияға да жүгінудемін. Бір арманым – осы. Бұл арманымыздың орындалуына көпшілік қолдау білдіреді деп сенемін, – дейді Ғалия Арынова бізбен әңгімесінде.
Сыр сүлейінің есімі қазақ халқы үшін өте қадірлі болса, туған топырағы үшін де аса қымбат екені анық. Бұл жолғы мақаламызда Рахмет жыраудың ұрпақтарының Аманкелді ауылдық мәдениет үйіне жыраудың аты берілсе деген тілегі бар екенін білдіргіміз келді. Әрине, бұл құзырлы орындардың қолындағы жұмыс. Әйтсе де, халқының жан байлығын қызғыштай қорып, ұрпағына мол мирас қалдырған жырау есімінің мәңгілік елдің есінде сақталып қалмағы бәріміз үшін де абырой. Сондықтан Сыр сүлейі Рахмет Мәзқожаевтың еңбегін лайықты бағалау ісіне біркісідей атсалысып, қолдау білдіргеніміз дұрыс шығар...
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі