Ауыл шаруашылығында өнім көлемі артуда

- Ауыл шаруашылығын дамыту - біздің өңір үшін басым бағыттардың бірі. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында салада өсім байқалды. Нақтырақ айтсақ, 31,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Биыл 189 мың гектарға жуық жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 92 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 73 мың гектарды, ал картоп, көкөніс, бақша өнімдері 17 мың гектарды құрап отыр. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында күріш алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда қысқартылып, биыл 80 мың гектар жерге күріш егілді. Бүгінде күріш алқаптарының басым бөлігінде түптену, түтікке шығу, масақтану кезеңдері жүріп жатыр. Агроқолдау шараларының нәтижесінде егістік жерлерде үстеп қоректендіру, арамшөптерді жою жұмыстары уақтылы жүргізілуде. Облысқа белгіленген су лимиті - 3,9 млрд текше метр. Қазіргі уақытта Шардара су қоймасынан Сырдарияның төменгі ағысына қажетті көлемде су жіберіліп жатыр. Бұдан бөлек, қашыртқы суын тиімді пайдалану үшін облыс көлемінде 238 насос қондырғысы іске қосылды. Суды үнемдеу мақсатында биыл 60 мың гектар күріш алқабы лазерлік әдіспен тегістелді. Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі екі есеге артып, 8 мың гектардан асты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді Талғат Тұрсынұлы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі