Өркениетті өрге жүздірген
Біз жоғарыда ауданның тарихын бір ғасыр межесінде ғана қамтыдық. Негізі аудан – ілкіден тартсақ, мәдениет пен өнердің ошағы. Бұл сөзімізге көненің ізі сайрап жатқан тарихи ескерткіштер куә. Сырдария ауданының жері – қазақтың қарашаңырағы болған аймақтардың бірі. Аудан жерінде тас дәуірінің іздері, сақ, ғұн, қаңлы тайпаларынан қалған тарихи-мәдени ескерткіштер, Сыр жағасында көне қалалардың орындары, «Ұлы Жібек жолының» батыс пен терістікке шығатын тоғыз жолдың торабы болуы, алғашқы тайпалық бірлестіктердің, мемлекеттердің орталығы болуы ойымызды нақтылай түседі.
Тас дәуірінен бастап өлкені мекендеген тұрғындар әр кезеңдерде өздеріне ғана тән мәдениеттерді қалыптастырып, дамытып отырды. Бүгінгі Сырдария ауданының территориясындағы біздің жыл санауымызға дейінгі 5 мыңжылдықтан басталатын неолит дәуірінің ескерткіштері, оның Келтеминар мәдениетіне жататыны өңір тарихының тым көнеден бастау алатынын дәлелдейді. Бөтен елге құпиялау көрінер өмір салты мен келісті салтанаты кезінде Геродотты таңғалдырған Сыр өңірінің көшпелі және отырықшы мәдениеті осы жерде ежелден қалыптасқан. Өз заманының данышпаны, ұлы ақылгөйі саналған, дүниежүзілік негізгі дін жүйелерінің қалыптаспай тұрған шағында, адамзаттың балаң ақыл-ой санатына қыруар әсер еткен Заратустраның ілімі алғаш Сырдария өзені бойында дүниеге келген деген де болжамдар жоқ емес. Көне дәуірде өңірді мекендеген тайпалар мен халықтардың ізі іспеттес қола дәуірінің аса көрнекті ескерткіші болып саналатын Солтүстік Түгіскен мавзолейлері, тeмip дәуірінде Сырдарияның оңтүстік салаларын (Іңкәрдария, Жаңадария бойы) мекендеген сақ тайпалары қалыптастырған Шірік Рабат мәдениеті, солтүстік аудандарды жайлаған (Ескідариялык, Қуаңдария салалары) қаңлы тайпалары мықты бекіністік қалаларымен ерекшеленетін аудан территориясындағы «жетіасар» мәдениетінің ескерткіштері – «Кішіасар», «Қосасар», «Жетімасар» бүгінде баршаға аян болып отыр.
Сыр өңірін сырт елдермен қан тамырындай байланыстырған Ұлы Жібек жолының ізі аудан жерінде әлі де сайрап жатыр. Сол кезде мызғымастай қалыптасқан қағида бойынша – дүниенің төрт бұрышын тіреп тұрған әлемдік монархия: Үндістан, батыста – інжу-маржан, Иран, Византия, Түркі қағанаты, Қытай мәдениеттері де сауда жолы арқылы осы өңірде тоғысып жатты. Сол дәуірде өмір сүрген, бүкіл түркітілдес халықтардың ардақ тұтар абызы, даңқты күйші, дана философ Қорқыт ата түркі мәдениетінің негізін осы жерде қалаған. Дәл осы кезеңнен бастап Сыр өңірі қазақ және басқа да түркі халықтарының алтын бесігіне айналған.
Орта ғасырларда тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл территория күрделі миграциялық процестер мен шиеленіскен саяси оқиғалардың орталығына айналды. VII-VIII ғасырларда Ескідариялық арнасы құрғап, «жетіасардың» тұрғындары қоныстарын тастай, үдере көшкен уақытқа Қуаңдарияның Аралға құяр сағасында орналасқан «батпақтағы қалалардың» көтерілуі сәйкес келеді. Зерттеуші ғалымдардың пікірінше, «жетіасар» тұрғындарының бір бөлігі жаңа іске қосылған Қуаңдария бойына орналасып, аталған «батпақтағы қалалар» мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан. «Батпақтағы қалалар» қатарына аудандағы әйгілі Асанас, Баршынкент секілді ескерткіштер жатады. Бұл күндері аталған мәдениеттер мен тарихи оқиғалардың куәсі ретінде өлкедегі бірнеше ондаған археологиялық ескерткіштер сыр шертеді.
Расын айтқанда, Сырдария ауданы жеріндегі ескерткіштерінің зерттелу тарихы Қазақстан патшалық Ресейдің отары болған кезден басталады. Ескерткіштердің зерттелуі төрт кезеңге бөлінеді: XVII ғасыр ортасынан 1895 жылға дейін, яғни, отар елді зерттеуге бағытталған түрлі экспедициялардың шығу кезеңі, 1895-1917 жылдар аралығында, яғни Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің қызмет еткен уақытынан басталады. 1946-1990 жылдар аралығындағы академик С.Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының зерттеулері, 1991 жылдан басталған қазіргі кезеңдегі зерттеулер.
Сыр өңірін зерттеудің бастапқы кезеңі қазақ жерінің Ресей империясының қол астына кіруімен тікелей байланысты болды. Бәрімізге белгілі, 1731 жылы Кіші Жүз ханы Әбілқайыр Ресейге бодандығы туралы ант қабылдады. Осы уақыттан бастап Ресей империясының қазақ жерін және оған көршілес жатқан азиялық елдерді жан-жақты зерттеу жұмыстары басталады. Бірақ бұл зерттеулердің барлығы дерлік саяси мақсатта жүргізілгендігін айта кету керек. Сондықтан XVIII ғасырдағы әскери шенді зерттеушілердің жазбалары мен есептері негізінен аймақты жалпы сипаттаумен, ескерткіштерді тіркеумен және ауданның географиялық картасын түсірумен шектелді.
Орта ғасырдағы Сыр өңірі ескерткіштері туралы алғашқы мәліметтер ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда жарық көрген «Үлкен сызба кітабы» мен Семен Ремезов құрастырған «Сібірдің сызба кітабы» еңбектерінде кездеседі. Бұл еңбекте Арал маңындағы Борсық және Қарақұм шөлдерінің жайылымдық маңызы туралы, жер-су атаулары және тұрақтары туралы мәліметтер келтірілген. ХVІІІ ғасырда Кіші жүз ханы Әбілқайырдың шақыруымен Қазақ жеріне келген орыс топографтары Н.Муравин мен Д.Гладышев өлкедегі және Қазақстанның басқа аймақтары археологиялық ескерткіштерінің картасын сызу және есепке алу, сипаттау ісінің іргетасын қалады. 1867 жылы Археологиялық комиссия құрамында жолсапармен Оңтүстік Қазақстанға келген шығыстанушы П.Лерх Түркістан өлкесіндегі және Сырдарияның төменгі ағысында археологиялық ескерткіштерді зерттей бастайды. Н.Веселовскийдің 1885 жылы Орта Азияға келуі ескерткіштерді қазуды археолог-мамандар арқылы жүргізудің бастамасы болды. Сыр өңірі қалаларын В.Каллаур, В.Бартольд, А.Якубовский сынды бірқатар атақты ғалымдар зерттеп, көптеген дерек қалдырған. 1895 жылы құрылған Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшелері маңызды зерттеулер жүргізді. Сол кезеңде Ташкентте «Түркістан тізімдемесінен» және «Хаттамалар» сияқты басылымдар шыға бастайды. Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі В.Каллаур 1899 жылы Асанас қаласының орнына келіп, қаланың топографиялық сипаттамасын жасайды. Ол жазба деректерде аталатын қала атауын негізге ала отырып, оны ортағасырлық Ашанас қаласымен сәйкестендіреді. Сонымен қатар ол Сырдың сол жағалауында Қызылордадан 25-30 шақырым қашықтықта Томарөткел жерінде орналасқан Қышқаланың қиранды қалдығы Жент қаласының орны болуы мүмкін деген болжам жасаған. Сондықтан Сырдария ауданының жері адамзат өркениетінің даму кезеңдерінің толыққанды куәгері десек, жаңылыспаймыз.
Десек те, аудан топырағының ашылмаған сыры әлі де жетерлік. Мәдениет саласының үздігі, өлкетанушы Жәнібек Маханбет көпке айтылмаған деректердің бірсыпырасын бізге жеткізді.
– Ауданның 1928 жылдан бастап негізі қаланғаны белгілі. Қандай биікке, жетістікке жетіп жатса да халықтың еңбегінің арқасы. Аудан жайлы айтқанда біз біле бермейтін небір жайт бар. Әуелде Тереңөзек ауданында бір шаруашылық пен бір емхана жұмыс істеген. Шаруашылық деп отырғанымыз – дарияның арғы бетінде, Тереңөзек қапталында өзбек елінің отын дайындау мекемесі (Таштоп) жұмыс істеген. 168 шақырым жерді жалға алып, сондағы сексеуілді отын ретінде дайындаған. Отынды теміржол арқылы экспортқа шығарып, көршілес ел өздеріне біршама табыс түсірген. Сонда талай адам жұмыс істеп, нәпақасын айырды. Сондықтан аудан көлемінде сыры ашылмаған небір құпия орындар жатқанын ұққанымыз абзал. Мәселен, қазіргі Іңкәрдария ауылының ар жағында VI-VII ғасырларда Көксеңгір деген қалашық болған. Қала құлап, орнында үңгір қалған. Өткен ғасырдағы қуғын-сүргін кезінде кейбіреулер сол үңгірді паналапты. Шағын ғана ауданды зерттесеңіз, талай тарихи орындар шығады, – дейді ол.
Мадияр Төлеу,
«Сыр бойы»
«Сыр бойы»