Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Іздіқұл

Дөңгеленген дүние бізді де қарттықтың кемесіне мінгізді. Қарттыққа иек артқанда бақилық болған әке-шешемізді, балалық шағымызды  сағынғаннан болар, көзкөрген қарт­тарды жиі еске алатын  болдық.

Мектепке барардан бір жыл бұрын қар­лы қыста Тораңғылсайдың жағасындағы «Ақ­тамды» қыстап отырған екі отар қойлы ауыл аяқ астынан көшетін болдық. Жылан бауыр шынжыр табанды трактордың алабына қараша үй, қора қопсыны тиеп алып, Қызылқұмның жалпақ құмын бетке алып тартып келеміз. Жыңғыл, сексеуіл, қарабарқын жапқан қалың қырауды көтере алмай басын иіп мүлгіген дала тыныштығын біздің көш көлігіміздің дарылдаған дауысы бұзып келеді. Күн көтеріле бұта басындағы еріген қалың қырау,  моншақ тамшылары ақ көрпе жамылған дала жылт-жылт етіп көз қарықтырады. Жүрісі шабан жүк көлігімен қатарласып жүгіріп, ойынның да иін қандырып келеміз. Шаршасақ жерге жақын жатағандау көлік жетегіндегі алабымызға мініп аяқ суы­­тамыз. Түс ауа қызылдың биік құмының қолтығына ендей кіріп, қалың сексеуіл өскен ойпаңға жүгімізді түсіре бастадық. Үй орнындай ашылған қалың сексеуілдің ортасына үйімізді тігіп, анам ас-ауқат қамына кірісе бас­тады. Тағы бір қалың сексеуіл тоғайды ашып, құлаған сексеуілдерді қабырғасына қалап бір отар қой еркін сыятын қораны да дайындап үлгердік. Биік құмның күнгей бетіне Іздіқұл әкеміз бізден бұрын келіп қосын тігіп, қора қопсысын құрып, жайласып алған екен. Алда-жалда боран соғып кетпесе Қызылдың іші жылы болып келеді. Колхоз малшылары  қырға көшіп қой төлдетер алдында буаз саулықтың күйін тайдырмау үшін Қызылға көшіп, малды күйреуікке жаяды. Қаңтар, ақпанда қалың қарға малшынған, дәні бөрткен күйреуік жеген төрт-түліктің күйі тая қоймайды. Малының жайын өз жайынан артық көретін шаруаның бұл еңбегі зая кетпейді, көктемдегі төл төгіні еңбегін еселеп қайтарады.

Ертеңіне-ақ Іздіқұл қыстаудағы шаруаны қызы Рабиға мен Гажданбекке, қостанып келген Қызылдағы бір отар қойды кіші ұлы Тынымбекке қалдырып, Қызылды қыстап отырған көрші ауылдың малшыларының жайын білмекке атқа қонады. Іздіқұл деп отырғаным елуді ең­серген, иықты, қалың киімнің ішінен бұлшық еттері білуленіп тұратын, қайратты жан. Германмен соғыста бір аяғынан айырылып, жуан санын қайыспен шаңдып тастаған, ауыр ағаш аяқты кісі. Соған қарамастан атқа мініп-түсуі шалт, ширақ. Құм ішіндегі Іңкәрдария ауылының шопандары қыстай жұрт ауыстырмағаннан да болар, тышқан басқан үйлеріне сырттан барған жан түнеп, ас ішу мүмкін емес. Тышқан аралаған ас-ауқаттан барлығы тышқақ ауруына ұшыраған. Жарты әлемді шарлаған біздің Іздекең бұл аурудың да емін тапты емес пе. Ауылға суыт оралып, әлгі тышқанға қарсы тұрар қауқарсыз жандарға бір-бір мысықтан таратып беріп, сауап жияды. Риза болған шопандар мысық басына бір тұсақтан атап Іздекеңді шала байытып тастайды. Ол кезде Қызылдың етегі, дария бойындағы қалыңның іші толған жабайы есек болатын. Қой төлдету кезінде шопанның шаш етектен асатын шаруасына анау-мынау ат, түйе шыдас бермейді. Әсіресе төл төгіні кезінде жаңа туған төлдерді қоржынға теңдеп тасымалдауға, отын-су тасуға икемді жануар осы есек. Ауыл ақсақалдарымен қарияларының мінісі­не, қырманнан масақ тасуына жараған бұл мақұлыққа адамзаттың алғыстан басқа айтары жоқ-ау, сірә. Кейінірек көңілді кезінде шалқып-тасып отырғанда сол жылдар бір қыста қырық-елу қой жиып, жеке отар құрап, «байлығымның басы болған» деп отыратын жарықтық Іздіқұл әкеміз. Байлық дегеннен шығады-ау, кеңестік жүйе жеке адамдардың мыңғыртып мал ұстауына шектеу қойғанымен төлдің жоспарын орындаған шопандарға өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап малдай сыйақы беріп, ынталандырып қоятын. «Өзім дегенде өгіз күшім бар» деп қоғам малымен бірге өз малын баққан шаруаның көңілі де жайлы. Мен ес білгелі ақсақалдың үйі түйе сауатын. Түйе болғанда да бір сауғанда жеті-сегіз литр сүт беретін аруаналар ұстады. Исініп кетпеуі үшін екі ұлы екі жақтап сауатын асыл тұқымды түйелер еді. Шибарқыттан мол пішіліп, тігілген гимнастерканың ауызы түймеленетін қос төсқалтадан ақша арылған емес. Бірінен кілең қызыл он сомдықтар, екінші қалтасынан көкала жиырма бес сомдықтар қылтиятын.

Біздің колхоздың малшылары қыс Қызылды қыстаса көктем шыға қой төлдетуге қырға көшетін. Жолда Қызылорданы басып өтіп, Дариялықтың тақырына қой төлдетеді. Одан әрі жонға шығып жабағы жүнін күзеп алған соң, ұзыннан аққан Сарысу бойын жайлайды. Жаз жайлауға қоныстанған соң қойшының қолы ұзарып, малды демалысқа шыққан балалар қарайды. Дархан даланы дүбірге бөлеп қыз ұзатылып, келін түсіріліп, қызыққа толы жаздың қалай өткенін білмей де қаламыз. Тамыздың соңғы күндері сырға келген ересектер қырға жиналады. Қазіргі Мұстафа Шоқай көшесінің басында біздің немере әкеміз тұрады. Қырға бет түзеген бар малшы қауым таңертең осы үйге жиналып, жол жабдығын қамдайды. Екі көше әріде орналасқан жаңа базардан барлық керек-жарақ осы үйге тасылады. Үйге керекті ыдыс-аяқтан бастап, ас-ауқат, мектепке баратын балалардың  киімі, базарлық үшін сусынға дейін алынады. Кешкі салқынмен қырға бет алған машина шопыры Іздіқұл атамызды күтіп тағы айналып қалды. Ересектеу екі жігіт базардың кіре  берісінде қауын сатып тұрған ақсақалды оңай тауып алады.

– Барыңдар, машинаны алып келіңдер, мына қауынның қалғанын салып алайық, бала­ларға базарлық болсын, – дейді ағамыз жайнаң қағып.

– Таңертең ерте жақын ауылдардан  қауын әкелген диқандардан бір машина қауынды көтере сатып алып, кешке дейін ермек қы­лайын. «Ақша ақшаны шақырады» демекші, төс қалтадағы мол ақшаны  айналымға салып, айналдырып қоймаса бола ма, – депқар­қылдай күледі тағы.

Қалған қауыны көлікке тиелгенде «жарма жар пайда көріпті» деп ауыл адамдары таң қалатын. Көпшілік «Біз ғой бар айлығымызды базарға беріп кеттік. Іздекең базардың берекесін кіргізіп, ақша тауып, қалтасын қампайтты» деп айтып жүретін. Ақсақал туралы сөз бола қалса «дүниеге 40-50 жыл ерте келген, осы заманның кәсібі үшін жаралған жан ғой» деп әлі аңыз қылады көзкөргендер.

Біздің әкей жетім өскен жан ғой. Жақсылық көрген жанды пана тұтып, көлеңкесі түскен жанды аға тұтатын әкеміз қыпшақ Сәтбайды әкесіндей сыйлап, өле-өлгенше алдынан кесе өткен жоқ. Сәтекең ұлы Орынбасарды үйлендіріп, Сарысу бойында ұлан-асыр той болды. Тойдың бар жүгін көкеме жүктеді. Өзеннің «Ишан» арығы деген арнасындағы қайырда түс ауа күрес басталды. Жігіт желеңнің арасынан Әбдінің Бисенбайының бәсі биік көрінді. Үш қарсыласының жауырынын жер иіскетіп, ісіп-кеуіп тұрған палуанға қауқары жетіп, күш-қайраты толысқан азаматпен «Мен белдесемін» дегендер табылар емес. Менен төрт жасы үлкен ағайым Рысбай ортаға атып шықты. Екі-үш жас үлкендігі бар Бейсенбай Рысбайға қарағанда тайлақтың жанында атан түйедей еді.

– Әй, Байзақ, балаңды мына неме майып қылар, шығар ортадан, – деп ағайындар ақыл айтып, жиылған жұрт гу-гу етеді. Бәйге күреңнің белін қайыстырып, сырттан бақылап тұрған Іздіқұл ентелей келіп атынан секіріп түсті. «Уа, әруақ, әруақ, бар екенсің ғой, жау қайырған Ақжолтай Ағыбайдың ұрпағы». Күрең аттың басындағы ешкінің қылынан өрілген шылбырды шешіп алып, Рысбайдың белін төрт орап буып беріп, «Алла жар болсын», – деп айқайға басып ортаға шығарды. Қарыс сүйем құмға кіріп кеткен ағаш аяққа қарар емес. Епті, ісі де  ширақ, құдды өзі күресетіндей белсенді. Арқалы атаның қолдауы, халықтың дем беруімен арқаланған Рысбай қарсыласын қапыда қалдырып, мерейі үстем болды.

Күрес дегеннен шығады-ау. Іздіқұл әкемізге айтқан бір әңгіме жадымда  қалып қойыпты. Отызыншы жылдардың ортасына таман аштықтан қынадай қырылған ел ес жия бастаған шақ болса керек. Біздің Молотов колхозында бір тойда менің атам Әбубәкір сумұрынның түйе палуанымен күресіпті. Арқада жүргенде алысқанды алған, жұлысқанды жеңген атамыз қандай әдіс, айла қолданса да қарсыласын жеңе алмапты. Сыртқары кетіп оңаша жылап отырған атамыз Іздекеңе: «Өзі ауып жүрген бейбақта  қандай бақ болсын» деп туған жерден тамыры ажыраған адамның бабы мен бағы тая бас­тайтынын меңзеген екен.

Шілденің аптабы тіршілік атаулыны­ кө­леңкеге тығып, жанын жай таптырмай түрған шақ. Көрші колхоздың екі аттылы жүргіншілері түскі асты ала бергенде сау етіп келе қалды. Түстері қатулы. Талайды көрген Іздекең сәлемшілердің бұл келісінің сырын тез ұғады. Ас желініп бола бергенде шаңырақтан көлеңке сағалап жүрген кесірткенің салп етіп түсе қалмасы бар ма.

– Е, олжа келді ғой,– деп ақсақал әлгі бі­лезікті ауызына салып қашыр-құшыр шайнап жұтып жіберіп, артынан кесе-кесе сорпа сораптап қаннен қаперсіз отыра берді. Көрші ауылдан келген ферма бастығы мен шопан бұйымтай айтпастан аттанып кетті. Құдық басына келген жерін даулай келген құдайы қонақтардың «азуы алты қарыс арыстанға жем болмай тұрғанда елімізді табайық» деген ойы отырғандарға түсінікті еді. Қайран Іздіқұл сондай ерекше адам еді.

Кезінде қыр мен сырға  даңқы асқан Іздіқұл атамыздың қызы Рәбиға Іздіқұлова Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған атақ­ты шопан болды. Қазір Түлкібас ауданында тұрады. Жақсы деген атақ алған жандардың шыққан шыңы ешқашан аласармайды екен-ау.


 Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
өлкетанушы,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
21 қазан 2023 ж. 268 0